Авторы: Арайлым Сәулебекова
Қызылорда қаласы, талапкер
Технологиялық төңкеріс дәуірі біздің өмірімізге жаңа бір өлшем алып келді. Бүгінде мектеп қабырғасында жүрген әрбір оқушының «қалтасында» виртуалды көмекшісі бар. Ол – Жасанды Интеллект (ЖИ). ChatGPT, Gemini немесе өзге де нейрожелілер санаулы секундта эссе жазып, есеп шығарып, кез келген сұраққа жауап тауып береді. Осы орайда заңды сұрақ туындайды: ЖИ білім жолындағы сенімді серік пе, әлде адамзаттың ойлау қабілетін тұсаулайтын білімнің қас жауы ма?
Бір қарағанда, жасанды интеллект – теңдессіз құрал. Оны «ХХІ ғасырдың интерактивті энциклопедиясы» деп атауға болады. Бұрын бір тақырыпты түсіну үшін кітапхана кезектерінде тұрып, ондаған әдебиетті қопару керек болса, қазір ЖИ күрделі физикалық заңдылықты немесе тарихи оқиғаны қарапайым тілмен түсіндіріп бере алады. Ол – тәулік бойы жұмыс істейтін, шаршамайтын, әр оқушының деңгейіне бейімделе алатын жеке репетитор іспетті. Бұл тұрғыдан алғанда, ЖИ – оқушының ең жақын көмекшісі, білімді визуализациялау мен жүйелеудің таптырмас тетігі.
Алайда, «медальдің екінші беті» бар. Журналистік көзқараспен тереңірек үңілсек, жасанды интеллектінің дайын өнімдеріне шектен тыс тәуелділік оқушыларды «дайын асқа тік қасық» болуға тәрбиелеп жатқандай. Механикалық түрде көшіре салу (копипаст) тренді жастардың сыни ойлау, талдау және шығармашылық ізденіс қабілеттерін жояды. Егер оқушы өз бетімен мәтін құрап, қателіктермен жұмыс істеуді қойса, оның миы «жаңа ақпарат өндіруді» тоқтатады. Білім – тек нәтиже емес, ол ең алдымен процесс. Ал ЖИ сол процестің қызығы мен қиындығын тартып алып, білімді құрғақ шаблонға айналомуда. Бұл тұрғыдан келгенде, ол шынымен де шынайы ізденістің «жауына» айналып барады.
Ендеше, бұл тығырықтан шығар жол қандай? Мәселе технологияның өзінде емес, оны қолдану мәдениетінде. Жасанды интеллектіни пышақпен теңестіруге болады: шебердің қолында ол керемет ас дайындайтын құрал, ал бейқам жанның қолында қауіпті қару. Оқушы ЖИ-ді өз орнына жұмыс істететін «құл» емес, өзін дамытатын «кеңесші» ретінде көруі тиіс. Идея іздеу, мәтінді өңдеу, қатесін тексеру – көмекшінің ісі. Ал қорытынды ой түйіндеу, сезім мен авторлық позицияны жеткізу – тек адамға ғана тән қасиет.
Қорыта айтқанда, жасанды интеллект білімді жоя алмайды, бірақ білім алудың форматын түбегейлі өзгертеді. Болашақ журналист ретінде менің түйгенім: біз технологиядан қашпауымыз керек, оны тізгіндей білуіміз қажет. ЖИ ешқашан адамның жалынды жүрегін, бірегей танымын және шынайы білімге деген құштарлығын алмастыра алмайды. Ол тек саналы оқушының қолындағы қуатты құрал болып қала бермек.

