Қазалының қасиетті мектебінен қанаттанған, қырық бір жылын бала жүрегіне білім шырағын жағуға арнаған ұстаз туралы сыр
Мектептің есігі жабылғанымен, оның ішіндегі баланың күлкісі, тақтадағы бордың ізі, қоңыраудың үні бірден жоғалып кетпейді. Кейбір ұстаздар мектептен кеткен соң да сол орданың үнсіз тарихында өмір сүре береді. Себебі олар сабақ беріп қана қоймай, талай баланың өміріне өз жүрегінің бір бөлшегін қалдырады.
Қазалының қасиетті топырағынан түлеп ұшып, өзі білім алған қара шаңыраққа ұстаз болып қайта оралған Жалимбетова Индира Қаршығаевна – сондай ғұмыр иесі.

Оның ұстаздық жолына қарасаңыз, бір мамандықтың шеңберіне сыймайтын тұтас бір өмірді көресіз. Бекарыстан би ауылында қызметкер отбасында дүниеге келген. Әкесі Қаршыға – Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері болса, анасы Құралай он бір құрсақ көтерген, он саусағынан өнер тамған аяулы ана еді. Осындай шаңырақтан алған тәлім еңбекке адалдық пен адамға деген мейірімнің алғашқы мектебі болғаны анық.
1972 жылы Ү.Түктібаев атындағы №24 мектептің табалдырығын аттаған жас қыз кейін М.Мәметова атындағы педагогикалық училищеде білім алды. 1985 жылы еңбек жолын ауыл балабақшасында тәрбиеші болып бастап, Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетінде жоғары білімін жалғастырды. Сөйтіп, бала жүрегіне жол табудың алғашқы әліппесін тәрбиешіліктен бастап, кейін ана тілінің қасиетін үйрететін ұстаздық биікке көтерілді.
– Ұстаздықты таңдауыңызға не себеп болды? – деп сұрадым.
– «Ұстаздық – таңдаудан бұрын жүрекке орнығатын жол. Балаға бір нәрсе үйреткен сайын өзің де өсесің. Сондықтан бұл мамандықты өмір бойы ізденуді талап ететін қасиетті жол деп қабылдадым», – деді ол.
1989-1994 жылдары №24 мектепте, 1994 жылдан №88 Б.Әбдіразақов атындағы мектепте, ал 2002 жылдан Ғ.Мұратбаев атындағы №91 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Сонымен қатар 1991-1994 жылдары аудандық білім бөлімінің тексеру комиссиясының мүшесі болды.
Зейнетке шыққанға дейінгі 41 жылдық ұстаздық ғұмырында талай шәкірттің талабын ұштап, талай баланың бойындағы бұғып жатқан қабілетті байқап, білімге қарай жетеледі. Зерттеуші-педагог санатындағы жоғары дәрежелі маман ретінде оның шәкірттері аудандық, облыстық олимпиадалардың жеңімпазы атанды. Оқушыларының ғылыми жобалары облыстық, республикалық сайыстарда сәтті қорғалып, арнайы жинақтарға енді.

Еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Аудан, облыс әкімдіктерінің, аудандық және облыстық білім басқармаларының Құрмет грамоталарымен марапатталды. 2010 жылы облыстық қазақ тілі қоғамының Құрмет грамотасын алды. 2018 жылы есімі Қазақстан педагогтары энциклопедиясына енгізілді. 2022 жылы «Жыл мұғалімі-2022» аталымына ие болды. 2023 жылы әлеуметтік желіде «Мектебіміздің машһүр мұғалімі» атауымен көпшілікке таныстырылды. Ал 2024-2026 жылдары облыстық білім басқармасының арнайы Алғыс хаттарымен марапатталды.
Алайда марапат жайын сұрағанда, ұстаздың жауабы қарапайым болды.
– «Мұғалім үшін ең үлкен марапат – шәкіртінің адам болғаны. Әсіресе өзіңнен кейін бір шәкіртіңнің ұстаздық жолды таңдағанын көру – еңбегіңнің бос кетпегенін сездіреді», – дейді ол.
Шынында да, оның бірнеше шәкірті ұстазының жолын жалғап, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі атанды. Бүгінде сол шәкірттер республиканың түкпір-түкпірінде абыройлы еңбек етіп жүр. Бір кезде өзі үйреткен балалардың елге қызмет етіп жүргенін көру – ұстаз үшін үнсіз айтылатын үлкен алғыс.

Ал мектептегі ұстаздық болмыс үйдегі аналық болмыспен астасып жатты. Жолдасы Асылбек те он сегіз жыл ұстаздық қызмет атқарып, кейін кәсіпкерлік салаға бет бұрған. Екі ұл тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлы Асхат – Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Ақпараттық технологиялар және информатика кафедрасында оқытушы, философия докторы (PhD). Келіні Айжан Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты. Екінші ұлы Мақсат «Құмкөл-Сервис» мекемесінде жүйелік администратор қызметін атқарады.
Бүгінде екі немеренің аяулы әжесі. Ұстаздықта бала тәрбиелесе, ана ретінде ұрпақ тәрбиеледі. Екі арнаның тоғысқан жерінен оның болмысындағы ең басты қасиет – адамға жауапкершілікпен қарау анық көрінеді.
Қазір қоңырау үні бұрынғыдай күн сайын шақырмайды. Сынып журналы жабылды, тақтадағы бор да қолда жоқ. Бірақ қырық бір жыл бойы шәкірт жүрегіне жазылған сөз өшпейді.
Ұстаздың ғұмыры кейде кітапқа ұқсайды. Бір тарауы мектепте жазылады, екіншісі шәкірттерінің өмірінде жалғасады. Ал ең соңғы беті болмайды. Өйткені жақсы ұстаздың сөзі бір баладан екіншісіне, бір буыннан келесі буынға көшіп, ұзақ жол жүреді.
Қазалының қасиетті мектебінен басталған бұл жол бүгінде республиканың әр қиырындағы шәкірттер тағдырымен жалғасып жатыр.
Мектептен зейнетке шығуға болады. Бірақ шәкірт жүрегіне егілген ұстаздық дәннің зейнеті жоқ.
Қырық бір жылдық еңбек – артта қалған жылдар емес, артында қалған адамдар. Ал адам жүрегіне із қалдыру – ұстаздықтың ең биік мәртебесі.
Арайлым Мақсатқызы,
Қазалы ауданы
