Білім

Тарих – тек өткен күннің шежіресі емес, ол – бүгінгі күннің бағдары, болашақтың темірқазығы. Ал сол шежірені жас ұрпақтың санасына сіңіріп, ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын тұлға – ұстаз. Қазақ ағартушылығының қара шаңырағы саналатын Сыр өңірінде өзіндік қолтаңбасымен, терең білімімен және ерен еңбегімен дараланып жүрген сондай майталман мамандардың бірі – Қызылорда қаласындағы Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші Ибраева Нағима Нұрмұратқызы.

Білім бесігінен басталған жол

Ол 1984 жылы 29 тамызда Қызылорда облысы Қармақшы ауданында дүниеге келген. Сыр өңірінің қасиетті топырағында өсіп, бала кезінен ұстаз болуды армандаған ол осы мақсатына жету жолында табандылық танытты. 2001 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, 2005 жылы жоғары білім алды. Кейін білімін жетілдіруді жалғастырып, магистратураны тәмамдап, тарих ғылымы бойынша магистр дәрежесін иеленді. Бүгінде ол жоғары кәсіби деңгейдің көрсеткіші саналатын «педагог-зерттеуші» санатындағы ұстаз.

Жиырма жылдық тәжірибе мен кәсіби тұрақтылық

Нағима ұстаздың жалпы еңбек өтілі де, білім беру саласындағы қызмет өтілі де 20 жылды құрайды. Осы уақыт ішінде ол бір ұжымда үздіксіз еңбек етіп, мыңдаған шәкірттің білім мен тәрбие алуына үлес қосты. Өз ісіне адалдығы мен жауапкершілігінің арқасында әріптестері арасында құрметке ие болып, жас мамандарға бағыт-бағдар беретін тәжірибелі тәлімгер ретінде танылды.

Жаңашылдық пен кәсіби ізденіс

Қазіргі заман мұғаліміне қойылатын талап жоғары. Білім беру үдерісіндегі өзгерістерге бейімделіп қана қоймай, жаңа идеяларды тәжірибеге енгізу де маңызды. Нағима Ибраева өз жұмысында заманауи технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып келеді.

2026 жылы Астана қаласында өткен «Оқытудағы жаңа мүмкіндіктер: функционалдық сауаттылық пен жасанды интеллект интеграциясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Алғыс хатпен марапатталды.

2025 жылы Орал қаласында өткен тарихшы Ермұхан Бекмахановтың 110 жылдығына арналған республикалық форум аясындағы «Тарихи QUIZ» интеллектуалдық сайысында ІІ орын иеленіп, республикалық деңгейдегі диплом және сертификатқа қол жеткізді.

Сол жылы «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық байқауының өңірлік кезеңінде ІІ орын иеленді.

2023 жылы Қызылорда облыстық білім басқармасы, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы және Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі тарапынан Алғыс хаттармен марапатталды.

2022 жылы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ұйымдастырған облыстық онлайн фестивальде «Үздік онлайн сабақ – 2022» номинациясы бойынша диплом иегері атанды.

Шәкірт жетістігі – ұстаз еңбегінің жемісі

Нағима апайдың кәсіби қызметіндегі басты жетістіктердің бірі – оның шәкірттерінің табысы. Ол жетекшілік еткен оқушылар түрлі деңгейдегі ғылыми жобаларда, олимпиадаларда және зияткерлік сайыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.

2023 жылы республикалық ғылыми жобалар байқауының облыстық кезеңінде 11-сынып оқушысы Қанибаев Нұрмұхамед ІІ орын иеленді. 2025 жылы осы байқауда 9-сынып оқушысы Сейт Айзат ІІ орын алып, «Менің кіші Отаным» байқауының қалалық кезеңінде ІІІ орынға ие болды.

2024 жылы «Зерде» республикалық зерттеу жобалары конкурсының қалалық және облыстық кезеңдерінде Нұрлан Нұрсая І орын алып, 2025 жылы республикалық кезеңде ІІ орын жүлдегері атанды.

Сол жылы «Менің қаламдағы музей» республикалық байқауында Мейрамбек Інжу ІІІ орын иеленді.

Республикалық «Тарих Ата» олимпиадасында 2023 жылы Шакизада Інжу ІІ дәрежелі дипломмен марапатталса, 2025 жылы Арысбай Аймерей І дәрежелі дипломға ие болды. 2026 жылы Дархан Айсель І дәрежелі диплом алып, Ғалымжанұлы Нұрғиса ІІ орын жеңімпазы атанды.

2026 жылғы республикалық «Ақбота» зияткерлік олимпиадасында ұстаздың отыздан астам шәкірті жүлделі орындарға ие болып, мектеп мерейін үстем етті. Бұл – жүйелі жұмыстың және сапалы білім берудің нақты нәтижесі.

Ғылыми-әдістемелік қызмет

Нағима Нұрмұратқызы тек тәжірибелі ұстаз ғана емес, ғылыми-әдістемелік бағытта да белсенді еңбек етіп жүрген маман. Ол 2024 жылы жарық көрген «Тарихты оқытуда функционалдық сауаттылықты қалыптастырудағы кейстер» атты әдістемелік құралдың авторы.

Сонымен қатар оның ғылыми-әдістемелік мақалалары республикалық басылымдарда жарияланып келеді. Ұстаздың кәсіби біліктілігі ескеріліп, 2023–2026 жылдар аралығында 9-сынып білім алушыларына арналған қорытынды аттестаттау материалдарын әзірлеу және сараптау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі ретінде қызмет атқарды.

Ол республикалық пәндік олимпиадалар мен «Менің шағын Отаным» интеллектуалдық конкурстарының облыстық кезеңдерінде қазылар алқасының мүшесі болып, білім беру сапасын арттыруға өзіндік үлесін қосып келеді.

Ұстаздық жол – ұлтқа қызмет

Нағима апайдың жиырма жылдық еңбек жолы – білім мен тәрбиені қатар ұлықтаудың, ұлттық тарихты дәріптеудің және кәсіби дамудың жарқын үлгісі. Өз ісіне деген адалдығы, үздіксіз ізденісі мен шәкірттерінің жетістіктері оны қазіргі қазақстандық білім беру жүйесіндегі білікті ұстаздардың қатарына қосып отыр.

Ұстаздықты өмірлік мұратына айналдырған Нағима Нұрмұратқызының Сыр өңірі білімінің дамуына қосып келе жатқан үлесі алдағы уақытта да жалғасын тауып, жаңа белестерге жетелей беретіні сөзсіз.

Жансая Дүйсенбайқызы

Қызылорда қаласы

By Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *