Жаңақорған ауданының үлкен қасиетті алтын ұя мектебіне кіргенде, дәлізден бала күлкісі ғана емес, талай жылдардың ізі сезіледі. Бір бұрышта ілулі тұрған шәкірттердің суреті, сынып есігінің ар жағынан естілген қарбалас тіршілік, қабырғаға қонған түрлі түсті бұйымдар — бәрі де мектептегі бір күннің емес, бүтін бір ғұмырдың үніндей.

Осындай ортада өз жұмысына дабырасыз беріліп, еңбегін күн сайынғы қарапайым тірліктің арасынан көрсетіп жүрген жандар болады. Олардың есімі марапат қағазында ғана емес, шәкіртінің жүрегінде сақталады. Көркем еңбекті үйретіп жүріп, өмірдің өзін еңбекпен сүюді ұқтырған, кәсіпке баулу арқылы баланың қолына ғана емес, көңіліне де сенім ұялатқан жанмен әңгімелесудің жөні бөлек.
С.Сапарбеков атындағы №125 орта мектептің көркем еңбек және кәсіпкерлік пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші, көркем еңбек және музыка бірлестігінің жетекшісі Далабекова Сауле Асанжановна — сондай ұстаздардың бірі.
— Ұстаздық жолды таңдауыңызға не себеп болды? — деп сұрадым.
— Мектепті ешқашан алыста қалған мекен деп қабылдаған емеспін, — деді ол жымиып. — Өйткені менің өзімнің балалық шағым да мектеп қабырғасында қалып қойды. 1974 жылы Жаңақорған қонысында дүниеге келдім. 1981 жылы №160 орыс мектебіне барып, 1991 жылы 11-сыныпты үздік аяқтадым. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде еркін сөйлеймін. Шымкенттегі Оңтүстік ашық университетін үздік тәмамдап, тарих пәнінің мұғалімі біліктілігін алдым. Кейін технология, көркем еңбек және кәсіпкерлік бағыты бойынша білімімді толықтырдым. Адамның өмірінде таңдаған кәсібі оның мінезін де қалыптастырады ғой. Меніңше, ұстаздық — күн сайын өзіңді қайта тәрбиелеуге мәжбүрлейтін мамандық.
Бұл сөздің астарында жиырма алты жылдық еңбек жолы жатыр. Бір қарағанда, жиырма алты жыл — күнтізбедегі қатар-қатар тұрған сандар ғана. Ал ұстаз үшін ол — жүздеген қоңырау, мыңдаған дәптер, талай баланың тағдырына куә болған жылдар.
Ең әсерлісі — осы еңбек жылдарының жиырма алты жылында сынып жетекшілігін де қоса атқарып келуі.
— Сынып жетекшілігі сіз үшін қосымша міндет пе, әлде жүрек қалауы ма?
— Оны қосымша жұмыс деп сезінген емеспін. Сынып жетекшісі болу — баланың сабақ үлгерімін ғана бақылау емес. Оның үнсіз қалған кезін де байқау, қуанышын да бөлісу, ата-анасының уайымын да түсіну. Осы жылдар ішінде алты сыныпты тәрбиелеп, үлкен өмірге қанаттандырып салдым. Бір кездері партаның ар жағында отырған баланың ержетіп, өмірден өз орнын тапқанын көру — мұғалімге берілетін ең үлкен сый.
Оның сөзін тыңдап отырып, мұғалім үшін шәкірттің жетістігі марапаттан биік тұратынын аңғару қиын емес. Өйткені ұстаз еңбегінің өлшемі кейде қабырғаға ілінетін дипломмен емес, жылдар өте алыстан хабарласқан шәкірттің «Апай, есіңізде ме?» деген бір ауыз сөзімен өлшенеді.

Көркем еңбек пәніне деген ықыласы да кездейсоқ емес.
— Көркем еңбек сабағы сіз үшін нені білдіреді?
— Баланың қолына бір нәрсе жасатудың өзінде үлкен тәрбие бар. Қағазды қию, ағашты өңдеу, оюды дәл түсіру, аппликация жасау — сырттай қарағанда қарапайым әрекеттер. Бірақ оның әрқайсысы баланы ұқыптылыққа, шыдамға, талғамға үйретеді. Ең бастысы — «менің қолымнан келеді» деген сенім береді. Кейде баланың жасаған кішкентай бұйымының артында оның үлкен арманы тұрады.
Бұл сөздері оның пәнге деген көзқарасын анық аңғартады. Ол көркем еңбекті тек бағдарламадағы тақырып деп емес, баланың ішкі мүмкіндігін ашатын кеңістік ретінде көреді.
Сол ізденістің нәтижесінде ұстаздың сабақтары республикалық әдістемелік басылымдарға да жарияланған. «Ою-өрнектер», «Ағаштан жасалған бұйымдар», «Аппликациялық жұмыстар» тақырыптарындағы сабақ үлгілері — тәжірибесін өзгелермен бөлісуге ұмтылған мұғалімнің ізденісінің көрінісі.
Ал жетістіктері ше? Олар аз емес. 2015 жылы «Зерде» ғылыми жобасындағы III орын дипломымен, Қорқыт ата атындағы университеттің Алғыс хатымен марапатталған. Әр жылдардағы республикалық, халықаралық, облыстық және аудандық деңгейдегі байқауларға, көрмелерге, шығармашылық және ғылыми жобаларға белсене қатысқан. 2017 жылғы «Халықаралық республикалық жас таланттар» байқауының дипломы, 2019 жылғы Алғыс хат, 2021 жылғы облыстық білім саласындағы марапаттар, 2022 жылы педагогикалық шеберлікті арттыруға арналған «Шебер ұстаз» семинарына қатысқаны үшін алған Алғыс хаты — кәсіби ізденістің жылдар бойы жалғасып келе жатқанын көрсетеді.
2021 жылы «Педагог» республикалық озат педагогтар арасындағы «Бізді күтер бір бақыт» байқауына шәкірттерін қатыстырып, Алғыс хат иеленді. 2023 жылы «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығының «Квест» жарысына қатысып марапатталды. Сол жылы «Лидер kz» халықаралық білім орталығы ұйымдастырған республикалық байқауға шәкірттерін қатыстырып, ұстаздық еңбегінің тағы бір қырын танытты.
Өнер мен ғылымды қатар ұстағаны да байқалады. «Ғазиз Арай» көркем еңбек бағыты бойынша ғылыми жобаға қатысып, аудандық кезеңде I орын, Қызылорда қаласында II жүлделі орын алған. 2021 жылы «Кемел» өнер-білім орталығы ұйымдастырған «Үздік» көрме байқауына қатысып, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған мерекелік медальмен марапатталған. 2024 жылғы 26 сәуірде «Үздік педагог» — Ыбырай Алтынсарин төсбелгісіне ие болды. Ал 2025 жылы аудандық білім бөлімінің Алғыс хатына және аудандық сурет байқауындағы I орынға қол жеткізді.
Бірақ осы жетістіктердің арасынан бір нәрсе анық байқалады: марапат көбейген сайын кеуде көтермей, еңбекке деген талабы күшейген.
— Жетістік дегенде нені бірінші ойлайсыз? — дедім тағы.
Ол көп ойланған жоқ.
— Өзімнің алған марапаттарымды айтудан бұрын, шәкіртімнің жетістігін ойлаймын. Себебі мен бір нәрсені үйретсем, соның жалғасын баланың өмірінен көргім келеді. Мұғалімнің мерейі — шәкіртінің өз жолын тапқаны. Ал марапаттар — сол еңбектің жол бойындағы белгілері ғана.
Міне, ұстаздың болмысын осы бір жауаптан-ақ тануға болады.
Отбасында да екі қыз тәрбиелеп отырған ана үшін ұстаздық пен аналық мейірім екі бөлек ұғым емес секілді. Бірінде өз перзентінің болашағын ойласа, екіншісінде алдындағы жүздеген баланың ертеңін ойлайды. Сондықтан оның сабағында қатаңдық болса да — суықтық жоқ, талап болса да — тасбауырлық жоқ.
Мектептегі көркем еңбек және музыка бірлестігінің жетекшісі ретінде де ұжымдық іске жауапкершілікпен қарайды. Өз ісін ғана атқарып қоймай, тәжірибесін ортаға салуға, әріптестерімен ой бөлісуге, жаңа дүниеге ұмтылуға бейіл. Педагог-зерттеуші атауы да осындай мінезден туындағандай.
Ұстазбен сөйлескен сайын бір ой келді: кей адамның еңбегін сөзбен өлшеу мүмкін емес. Өйткені олардың жұмысы қағазда емес, адамның бойында жалғасып жатады. Бүгін бір бала оюдың мәнін түсінеді, ертең екіншісі ағаштан бұйым жасап үйренеді, үшіншісі өз қолымен жасаған еңбегіне қарап, өзіне сенуді бастайды. Мұғалімнің үнсіз жеңісі — дәл осында.

Сауле Асанжанқызы деген есімнің астарында жиырма алты жылдық ұстаздық тәжірибе ғана емес, бір мектептің тынысымен біте қайнасқан тағдыр, талай шәкірттің өміріне тиген ықпал, өнер мен еңбекті қадірлеуге үйреткен үлкен мектеп жатыр.
Кейде жақсы ұстазды сипаттау үшін биік сөздер іздеудің қажеті жоқ. Оның сабағына кіріп, шәкіртінің көзіне қарасаңыз болғаны. Бірінің қолында оюлы бұйым, екіншісінің жүзінде өзіне деген сенім, үшіншісінің сөзінде ұстазына деген құрмет тұрса — сол ұстаз өз міндетін әлдеқашан орындап қойған.
Жылдар өте мектептегі тақта ауысады, сыныптың қабырғасы боялады, жаңа буын балалар келеді. Бірақ шын ұстаздың ізі өшпейді. Ол бордың шаңындай қолда қалмайды — шәкірттің мінезіне сіңеді, таңдауына айналады, өміріне жарық болып түседі.
Бұл ұстаздың жолы да сондай. Мамандығын кәсіп көрмей, аманат көрген; сынып жетекшілігін міндет емес, балаға берілген уәде деп қабылдаған; көркем еңбекті қолдың ғана емес, жүректің мәдениеті деп түсінген жанның жолы.
Ал алтын ұя мектептің дәлізінде ертең тағы да қоңырау соғылады. Жаңа балалар келеді. Жаңа бұйымдар жасалады. Жаңа армандар дүниеге келеді. Сол арманның бір шетінде өз қолының жылуын шәкіртіне беріп тұрған тағы бір ұстаз тұрады.
Мүмкін, ұстаздықтың ұлылығы да осында шығар:
өзіңнің өміріңді біреудің ертеңіне жарық ету.
Арайлым Мақсатқызы ,
Жаңақорған ауданы
