Авторы: Арайлым Сәулебекова
Әр адамның өмірде өз соқпағы, өз арманы болады. Менің болашаққа деген үкілі үмітім мен мақсатым бір арнаға тоғысады, ол – журналистика. Басқа емес, дәл осы мамандықты таңдауыма жүрек қалауым мен қоршаған ортаға деген бейжай қарай алмайтын қасиетім себеп болды. Журналистика – жай ғана ақпарат тарататын сала емес, бұл – қоғамның тынысы, шындықтың айнасы және бұқара мен билік арасындағы алтын көпір.
Бала кезімнен айналамда болып жатқан оқиғаларға зер салып, адамдардың тағдырына, қоғамдағы өзекті мәселелерге қызығушылықпен қарайтынмын. Сөз құдіретін түсінген сәттен бастап, қаламның күшімен әлемді жақсы жаққа өзгертуге болатынына сендім. Журналист болу – тек теледидардан көріну немесе әдемі мақала жазу емес. Бұл – үлкен жауапкершілік. Әрбір сөздің артында адам тағдыры, қоғамның пікірі тұр. Мен өз елімнің дамуына үлес қосып, халықтың мұң-мұқтажын жеткізетін, әділдікті ту ететін кәсіби маман болғым келеді.
Қазіргі ақпараттық технологиялар дамыған заманда бұл сала жаңа сипатқа ие болды. Дегенмен, уақыт өтсе де жоғалмайтын басты құндылық – шынайылық пен бейтараптылық. Болашақ талапкер ретінде мені алда үлкен ізденістер, қиындықтар мен қызықты сәттер күтіп тұрғанын білемін. Бірақ мақсатым айқын, таңдауым нық. Журналистика менің тұлғалық дамуыма, үнемі қозғалыста болуыма және жаңа білімді игеруіме жол ашады.
Қорыта айтқанда, журналистика – менің өмірлік ұстанымым. Мен өз есімімді осы саланың тарихында қалдырып, халықтың сенімінен шығатын ақпарат майталманы болуды армандаймын. Мен бұл жолды жүрегімнің әмірімен таңдадым және осы мақсатыма жету үшін аянбай еңбек етуге дайынмын. Болашақ менің қолымда, ал менің болашағым – журналистикамен тығыз байланысты.
