Қазан айының соңына таман Сыр өңірінің күзі ерекше бір күйге енеді. Аспан бозарғанымен, күн шуағы әлі де жер бетін жылытуға тырысып бағады. Мектеп ауласындағы сарғайған үйеңкі жапырақтары сыбдырлап, қоңырау дауысымен бірге жан-жаққа шашырайды.
Айна мұғалім терезе алдында тұрып, сыртқа көз тастады. Оның осы білім ордасында, №50 Абай атындағы мектепте жүргеніне ширек ғасырдан асыпты. Жалпы еңбек жолының отыз екі жылы осы сынып бөлмелерінде, парталардың арасында, балалардың сыңғырлаған күлкісінің ішінде өтті.


Бүгін де әдеттегідей жұмыс күні аяқталды. Бірақ Айна апай үшін жұмыс мұнымен бітпейді. Мектеп директорының бейіндік ісі жөніндегі орынбасары ретінде ол әр баланың болашақ соқпағын, қай бағытқа бұрыларын қадағалап, үлкен өмірге дайындығын ойлауы керек. Үстел үстінде үйіліп жатқан құжаттар, электронды жүйедегі «Digital Kazakhstan» бағдарламасының жобалары — бәрі де қазіргі заман талабы. Бірақ осы заманауи технологиялардың артында ең басты құндылық — баланың жүрегі тұрғанын Айна ұстаз жақсы түсінеді.


Есік ақырын қағылып, сыныпқа былтыр ғана мектеп бітіріп кеткен, қазір Астанада оқып жатқан шәкірттерінің бірі кірді.
— Айна Аблаевна, сәлеметсіз бе! — деді ол жүзі бал-бұл жанып. — Ауылға келіп, сізге соқпай кете алмадым. Оқуым жақсы, сіз айтқан «Soft skills» дағдылары шынымен де үлкен қалада көп көмектесіп жатыр.


Терезе сыртында күзгі ымырт үйіріліп келе жатты. Бірақ ұстаздың жүрегінде келер күнге, жаңа сабаққа, ертең алдына келетін жаңа шәкірттерге деген шексіз бір жылылық ұялап тұр еді. Нағыз бақыт та, нағыз өмір де осы болатын.


Ұстаздың шаршағаны бір сәтте ұмытылып, жүзіне жылы жымиыс жүгірді. Ол шәкіртін құшақтап, ақыл-кеңесін айтып, шығарып салды. Санасында өткен күндер сайрап өтті. Алғашқы әріпті танымай, жәудіреп қараған көздер, облыстық, республикалық ғылыми жобаларда түн ауғанша бірге дайындалған сәттер, «Алтын белгіге» үміткерлердің толқынысы… Нұрайымның ғылыми жобадағы үшінші орны, Инабаттың форумдағы жеңісі, кішкентай Аделина мен Нұргелдінің «Ақботадағы» бірінші орындары — бұлар жай ғана статистика емес, әрқайсысының артында ұйқысыз түндер мен ерен еңбек жатыр.
Айна үстеліне қайта отырып, күнделігін ашты. Оның өмірі — осы мектеп. Мұнда жасандылыққа орын жоқ. Баланың тазалығы мен пәктігі тек шынайылықты ғана қабылдайды.

ЖАНСАЯ ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ,

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ

By Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *