Сырдың бойы, Шиелінің топырағы қашаннан да құт қонған, өнер мен спорттың киелі бесігі. Осынау қасиетті өңірдегі Бала би ауылының тыныс-тіршілігіне көз жіберсеңіз, ауыл балаларының спортқа деген ерекше ынтасын байқайсыз. Осы ынтаның отын жағып, оны үлкен жалынға айналдырған жан — Әлиев Ғалымжан Аманжолұлы. Ғалымжан ағаның өмір жолы — қарапайымдылық пен үлкен жауапкершіліктің, өз ісіне деген шексіз адалдықтың көрінісі.
Тоқсаныншы жылдардың басында, жастық жалыны тасыған шақта Шымкенттегі дене тәрбиесі техникумын бітіріп, спорт әлеміне алғашқы қадамын басты. Білімге деген құштарлық оны кейіннен Қазақ гуманитарлық халықтар достығы университетіне жетелеп, жоғары білімді маман ретінде қалыптастырды. Содан бергі отыз жылдан астам уақыт ішінде ол мектеп қабырғасында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, спорт мектебінің жаттықтырушысы болып, талай баланың бойына спорттың нәрін екті. Ол тек жұмыс уақытымен шектелмей, ауыл жастарын жаппай спортқа тартып, олардың бос уақытын пайдалы іске арнауына жағдай жасады.


Бапкердің бақыты — шәкіртінің биіктен көрінуі. Ғалымжан Аманжолұлының соңынан ерген шәкірттерінің саны мен сапасына қарап-ақ оның төккен терін ұғуға болады. Бүгінде оның алдын көрген 200-ге жуық жас «Спорт шеберіне» үміткер атанса, 20-ға жуық шәкірті нағыз «Спорт шебері» атағын матанышпен алып жүр. Ал оның ең алғашқы шәкірттерінің бірі — Азия және Әлем чемпионы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Көлдіғұлов Ғани. Шағын ғана ауылдан шығып, әлемдік аренада көк байрақты желбіреткен Ғанидың әрбір жеңісінің артында Ғалымжан ағаның көрегендігі мен қажырлы еңбегі тұр.
Бұндай еңбек ескерусіз қалмақ емес. Шиелі аудандық Білім бөлімінің мадақтамасы, «Өрлеу» біліктілікті арттыру институты мен Білім және Ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық ұйымынан алған Құрмет грамоталары — ұстаз беделінің айғағы.
Өмірде өте ұқыпты, талапшыл, бірақ айналасына өте жылы, тіл табысқыш Ғалымжан аға — отбасында да үлгілі отағасы. Сүйікті жарымен бірге 4 бала тәрбиелеп, оларды азамат етіп өсірді. Бүгінде Балаби ауылында тұратын Ғалымжан Аманжолұлы — елдің сыйына бөленген, спорт арқылы талай жастың тағдырын оңға бұрған нағыз халықтық бапкер, үлгілі тұлға.

АЙЗЕРЕ ҚҰЛЖАНОВА,

ҚЫЗЫЛОРДА

Спорт

By Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *