Түркістан облысының Төле би ауданына қарасты Мәдени ауылының тыныс-тіршілігіне зер салсаңыз, ауылдың берекесі ең алдымен маңдай термен келетінін аңғарасыз. Бұл жерде елдің ертеңін ойлап, туған жердің топырағын тіршіліктің темірқазығына айналдырып жүрген еңбек адамдары бар. Солардың бірі – Ақсай өндірістік кооперативінің төрағасы Сатыбалдин Кемел Темірұлы.

Журналистік сапармен Мәдени ауылына ат басын бұрғанымызда, ауыл әкімдігінен шаруашылыққа қатысты ақпаратты осы азаматтан алуымызды ұсынды. Алыстан арнайы келген журналисті жылы қабылдап, елді мекеннің тыныс-тіршілігі, егін шаруашылығы, ауыл адамдарының жұмысы туралы ашық әңгімелескен Кемел ағаның осы бір қарапайым әрекетінің өзінен азаматтық болмысы аңғарылды. Өйткені ауылдың абыройын ойлау, ауылдың еңбегін көрсету, елдің мұң-мұқтажын айту – туған жерге деген шынайы жанашырлықтың белгісі.
Ақсай өндірістік кооперативі 1997 жылы құрылған. Ал 2021 жылы кооператив мүшелері Кемел Темірұлын төрағалыққа сайлаған. Бұл қызметке ол кездейсоқ келген жоқ. Оның айтуынша, туған ауылына деген ерекше ықыласы мен елге қызмет етуге деген ниеті оны осы салаға алып келген.
«Бұл салаға келуімнің басты себебі – ауылымды өте қатты жақсы көремін. Туған жердің шаруасын жүргізіп, ауылдың дамуына өз үлесімді қосқым келді», – дейді ол.
Қарапайым ғана осы сөздің астарында үлкен жауапкершілік жатыр. Себебі егіншілік – бір маусымның ғана емес, жыл он екі айдың бейнетін талап ететін кәсіп. Көктемде жер жыртып, тұқым сеуіп, жаз бойы егістіктің жайын бақылап, күзде өнімді ысырапсыз жинау – диқан үшін үздіксіз еңбек.
Ақсай өндірістік кооперативінде бүгінгі таңда бидай, мақсары, арпа, жүгері және жоңышқа сияқты дақылдар өсіріледі. Әр дақылдың өзіне тән күтімі мен ерекшелігі бар. Сондықтан шаруашылықтың бағыты да жердің мүмкіндігі мен нарық сұранысына қарай қалыптасқан.
Биылғы егін науқанының да өз ерекшелігі бар. Көктемнің кеш шығуы, жауын-шашынның мол түсуі шаруаларға бір жағынан қиындық әкелсе, екінші жағынан егістің бітік шығуына мүмкіндік берген.
«Биыл көктем кеш шықты, жаңбырлы болды. Сондықтан өнім жақсы болады деп күтілуде», – дейді шаруа қожалығының басшысы.
Диқан үшін егістіктің бітік шығуы – үлкен қуаныш. Бірақ өнімнің мол болуы істің бір бөлігі ғана. Оны уақытында жинау, ысырапқа жол бермеу және тиімді бағаға өткізу де аса маңызды. Кемел Темірұлы шаруашылық алдындағы негізгі міндеттердің бірі ретінде өнімді уақытында жинап, жақсы бағада сатуды атап өтті.
Соңғы жылдары шаруашылық техникалық базасын да жаңартуға көңіл бөліп келеді. Жаңа VECTOR 410 комбайны сатып алынған. Көктемгі дала жұмыстарына несие қаражаты тартылған. Бұл – шаруашылықты бір орында қалдырмай, заман талабына қарай дамытуға деген ұмтылыстың көрінісі.
Алайда ауыл шаруашылығының бүгінгі жағдайы шаруадан тек еңбекқорлықты емес, төзімділікті де талап етеді. Кемел Темірұлының айтуынша, қазіргі таңда егіншілік өзін толық ақтай бермейді. Әсіресе өнімді өткізудегі баға мәселесі шаруаларды алаңдатады. Бидайдың бағасы төмен болған кезеңдерде де кәсіпті тоқтатпай, шаруашылықты сақтап қалу үшін еңбек етуге тура келеді.

Бұл – ауылдағы кәсіпкердің табыс пен шығынның арасындағы тепе-теңдікті үнемі есептеп, соған қарамастан тіршіліктің тамырын үзбеуге тырысатынын көрсетеді.
Жерді күтіп ұстау мәселесі де шаруашылық үшін маңызды. Егін егілген жердің құнарын сақтамайынша, жылдан-жылға тұрақты өнім алу мүмкін емес. Сондықтан мұнда жерді мейлінше күтіп, тынықтырып, көң шашу секілді тәсілдерге мән беріледі.
Жиналған өнім де далада қалып қоймайды. Мақсары май өндіретін зауыттарға жөнелтілсе, бидайды жем өндіретін кәсіпкерлер алады. Осылайша ауыл даласында өсірілген өнім өзге кәсіптердің де жұмысына негіз болады.
Егіншілікпен бірге ауылдағы жұмыспен қамту мәселесі де шаруашылықтың маңызды бағыты. Қазір кооперативте шамамен 25 адам тұрақты еңбек етеді. Бұл – ауыл үшін аз көрсеткіш емес. Әрбір жұмыс орны – бір отбасының тұрмысына тірек.
Дегенмен ауыл шаруашылығында кадр мәселесі күрделі күйінде қалып отыр. Әсіресе жастардың егіншілікке қызығушылығы төмен. Егіс және орақ науқаны кезінде механизатор тапшылығы сезіліп, кей жағдайда жұмысшыларды Өзбекстаннан шақыруға тура келеді.
Бұл мәселе тек бір шаруашылықтың емес, тұтас ауылдың болашағына қатысты ойландыратын жағдай. Өйткені ауылдың техникасын жүргізетін, жердің тілін білетін, егіннің жайын түсінетін мамандардың орнын ештеңе алмастыра алмайды.
Кемел Темірұлы алдағы уақытта өнім көлемін арттырып қана қоймай, оның сапасын көтеруді көздейді. Сонымен бірге суармалы егістікті көбейтіп, тамшылатып суару технологиясын енгізу жоспарда бар.
«Ауыл шаруашылығын дамыту үшін суармалы егісті көбейту және тамшылатып суғаруды енгізу қажет», – дейді ол.
Бұл – бүгінгі ауыл үшін аса маңызды бағыт. Себебі климаттың құбылуы мен су ресурстарының шектеулі болуы шаруаларды суды үнемді пайдаланудың тиімді жолдарын іздеуге мәжбүрлеп отыр.
Кемел Темірұлының ауыл шаруашылығына қатысты ойлары тек өз шаруашылығының айналасымен шектелмейді. Ол ауылдағы мал шаруашылығының да жағдайына алаңдайды. Оның пікірінше, шопандар мен бақташылардың еңбегін қолдау, олардың жалақысын мемлекет тарапынан қамтамасыз ету, отбасыларына әлеуметтік көмек көрсету және жеңілдетілген несие беру тетіктерін одан әрі жетілдіру қажет.
Бұл ұсыныстардың астарында ауыл тіршілігін ішінен білетін адамның тәжірибесі жатыр. Себебі ауылдағы әрбір саланың бір-бірімен байланысып жатқанын шаруа жақсы түсінеді. Егін бар жерде мал бар, мал бар жерде жем-шөп керек, ал мұның бәрін ұйымдастыратын адам күші қажет.
Кемел Темірұлының болмысын сөз еткенде, оның туған ауылына деген ықыласын айналып өту мүмкін емес. Ауылдың адамдарын жұмыспен қамту, жерді игеру, егін егіп, оны жаз бойы мәпелеп өсіру – сырт көзге күнделікті тіршілік болып көрінгенімен, оның ар жағында үлкен еңбек жатыр.
Далаға тұқым себу оңай. Бірақ сол тұқымды көктемнің жаңбырына, жаздың аптабына, нарықтың құбылмалы бағасына қарамай сақтап, күзде өнімге айналдыру үшін қайсарлық керек.
Бүгінде ауыл шаруашылығы түрлі сын-қатерді бастан өткеріп отыр. Баға, техника, несие, су, жұмыс күші, өнім өткізу секілді мәселелердің бәрі шаруаның мойнында. Сондай кезеңде кәсіптен қол үзбей, бар мүмкіндігін пайдаланып, ауылдың тіршілігін алға сүйреу – нағыз еңбек адамының таңдауы.
Кемел ағаның журналистке ауыл жайын ашық айтып, елдің мәселесін бөлісуі де осы азаматтық жауапкершіліктің бір көрінісі іспетті. Өйткені туған ауылын сырттан келген жанға таныстыруға ниет білдірудің өзі – сол елді мекенге деген құрметтің белгісі.
Мәдени ауылының даласында көктемде себілген дән бүгінде күзгі өнімді күтіп тұр. Ал сол алқаптарға көз салғанда, жайқалған егістің ар жағынан ауыл адамның үміті сезіледі. Бір түйір дәннің ішінде – бір отбасының несібесі, бір шаруашылықтың ертеңі, тұтас ауылдың тіршілігі бар.
Жерді аялап, елді еңбекпен сүйеп жүрген осындай азаматтар барда ауылдың да еңсесі биік.
Кемел Темірұлы үшін егіншілік – жай ғана кәсіп емес. Ол – туған жерге деген махаббаттың еңбекке айналған түрі. Ал туған жер үшін атқарылған әр еңбек – елдің ертеңіне егілген дән.
Жансая НҰРҚОЖА
