РУХЫ БИІК ҰСТАЗ: МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕСІ – ҰЛТ МЕРЕЙІ

Ұстаздық ету – жай ғана мамандық емес, ол – жанның қалауы, жүректің таңдауы. Өз ғұмырын ұлттың ертеңі – жас ұрпақтың санасына сәуле құюға арнаған сондай жандардың бірі – Молдабаева Нурила Ниязбековна.

Нурила Ниязбековнаның өмір жолы – еңбекпен өрілген, ізгілікпен көмкерілген шынайы ғұмыр дастаны. Ол 1972 жылдың шуақты көктемінде, 27 наурызда Сыр өңірінің киелі топырағы – Қызылорда облысы, Шиелі ауданына қарасты Талаптан ауылында дүниеге келді.

Оның тұлға болып қалыптасуына, еңбекке деген адалдығына туған шаңырағында алған тәрбиесі негіз болды. Әкесі Ниязбек ауыл шаруашылығының қара нары, адал еңбектің туын жықпаған жұмысшы болса, анасы Гүлшат аңызға айналған диқан Ыбырай Жақаевтың мектебінен өтіп, күріш егіп, маңдай терімен құрметке бөленген жан еді. Адал еңбектің дәмін сезініп өскен қыз бала жастайынан білімге, сөзге құштар болып өсті.

1989 жылы туған ауылындағы орта мектепті үздік бітірген бойда, арман қуып, сол кездегі елдің бас ордасы Алматы қаласындағы Киров атындағы Мемлекеттік университетке (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) оқуға түседі. 1994 жылы іргелі оқу орнын тәмамдап, қолына диплом алған жас маманның ұстаздық атты ұлы сапары басталады.

ШӘКІРТ ЖҮРЕГІНЕ ЖОЛ ТАПҚАН ЖЫЛДАР

Нурила Ниязбековнаның алғашқы еңбек жолы 1998 жылдың күзінде Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Ақарал ауылындағы №5 орта мектептен басталды. Мұнда ол алғаш рет сыныпқа қадам басып, қазақ тілі мен әдебиетінің тылсым әлемін бала жүрегіне ұялата білді.

Ал 2005 жылдан бастап ол өзінің туған өлкесіне оралып, Шиелі ауданы, Балаби ауылындағы №50 Абай атындағы орта мектепте қызметін жалғастырды. Содан бергі уақытта Нурила ұстаз тек пән аясында ғана емес, Абайдың терең пәлсапасын, Мағжанның жалынды жырларын, Мұқағалидың сырлы поэзиясын шәкірттерінің санасына сіңіріп келеді.

ЕҢБЕКТІҢ ЖЕМІСІ: ШӘКІРТТЕРІ – МАҚТАНЫШЫ

Ұстаздың бақыты – озып туған шәкірті. Оның қарапайым ғана ауыл мектебінде отырып, республикалық, облыстық деңгейде топ жарған білімді де дарынды ұл-қыздарды тәрбиелеп шығаруы – нағыз ерлікпен тең.

Нурила Ниязбековнаның жетекшілігімен талай қарагөздеріміз биік белестерді бағындырды.

Соңғы жылдардағы шәкірт жетістіктері

Шәкірттің аты-жөніБайқау/Олимпиада атауыДеңгейіНәтижесі
Дүйсенбай Дидар«Ақберен» қазақ тілінен пәндік олимпиадасыРеспубликалықБас жүлде
Сәбитқызы Аяулым«І. Жансүгіров оқулары»АудандықБас жүлде
Дүйсенбай Дидар«Абай» пәндік олимпиадасыРеспубликалықІ орын
Ғарифоллақызы Нұрбақыт«Абай» пәндік олимпиадасыРеспубликалықІ орын
Ғарифоллақызы Нұрбақыт«Ақбота» зияткерлік олимпиадасыРеспубликалықІ орын
Дүйсенбай Дидар«Ақбота» зияткерлік олимпиадасыРеспубликалықІ орын
Дүйсенбай Дидар«Ақберен» «Мағжан оқулары»РеспубликалықІ орын
Асанбек Айбол«Ақберен» «Мағжан оқулары»РеспубликалықІ орын
Алтынбай Нұрраяна«М. Мақатаев оқулары» («Жаңа Қазақстан»)РеспубликалықІ орын
Нарымбетов Аян«М. Мақатаев оқулары» («Жаңа Қазақстан»)РеспубликалықІ орын
Өтеген Нұрсая«М. Мақатаев оқулары» («Жаңа Қазақстан»)РеспубликалықІ орын

Тұрғанбаев Нұрдәулет, Ғарифоллақызы Нұрбақыт, Алтынбай Нұрраяна, Мұратбек Дидар сынды шәкірттері облыстық «Абай» олимпиадасында топ жарса, Әлібек Еркеайым мен Өтеген Нұрсая республикалық деңгейде күміс тұғырдан көрінді.

Сонымен қатар, «Кейіпкер» театр үйірмесі де өнер додаларында жүлделі орындарды иеленіп, ұстаздың сегіз қырлы, бір сырлылығын дәлелдей түсті.

ҰСТАЗ БЕДЕЛІ – ЕҢБЕКПЕН ӨЛШЕНЕДІ

Баланың бойындағы талант көзін тауып, оны ұштау – тек өз ісіне ғашық мұғалімнің ғана қолынан келеді. Осындай толымды табыстары мен білім беру саласына қосқан өлшеусіз үлесі үшін Нурила Ниязбековна бірнеше мәрте аудандық және облыстық Құрмет грамоталарымен марапатталды.

ТҮЙІН

Ұстаз үшін ең үлкен марапат – мемлекеттің берген қағазы емес, өмірден өз орнын тауып, еліне адал қызмет етіп жүрген шәкірттерінің алғысы.

Нурила Молдабаева – бүгінгі қазақ мектебінің, ұлттық рухтың шынайы жанашыры, білім беру ісінің көрнекті өкілі. Оның салып жатқан сара жолы – болашақ ұрпаққа үлгі, замандастарына өнеге. Мұғалім мәртебесін биіктетіп жүрген осындай ұстаздардың еңбегі – ел мерейі, ұлт болашағының кепілі.

Жансая Дүйсенбайқызы

Қызылорда облысы

By Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *