
Кейде бір адаммен тілдескенде немесе оның жүріп өткен жолына үңілгенде, іштей жылылық орнап, өмірге деген құштарлығың арта түседі. Себебі ол жан өз болмысымен, күнделікті атқарып жүрген қарапайым ғана еңбегімен айналасына жарық шашып тұрады. Сондай жанның бірі, тіпті бірегейі – Айгүл Өркенқызы Шамшиева.
Жаңа жылдың алғашқы парағымен бірге, 1974 жылдың 1 қаңтарында сырлы өлке — Қызылорда облысының Шиелі топырағында дүние есігін ашқан Айгүлдің балалық шағы мен мектеп жылдары Сырдария ауданындағы Амангелді ауылында өтті. №42 В.И. Ленин атындағы орта мектепті тәмамдаған бозбала шағында-ақ, оның жүрегінде өзгеге көмектесу, адам жанына араша болу деген ізгі арман бүршік жарған еді. Осы арман оны Қызылорда медициналық училищесіне жетелеп, жалпы медбике бөлімін сәтті бітіруіне себепші болды.
Алғашқы қадам және ширек ғасырдан асқан еңбек жолы
1994 жыл. Алғаш рет ақ халат киіп, Сырдария аудандық ауруханасының Терапия және Хирургия бөліміне жұмысқа орналасқан жас қыздың жанарында жауапкершілік пен қобалжу қатар ұялаған еді. Ауыр да күрделі бөлімдерде шыңдала жүріп, ол емшара кабинетінің де тыныс-тіршілігін меңгерді.
Уақыт керуені тоқтаусыз жылжып, 2004 жылдан бастап Айгүл Өркенқызы №4 Қалалық емхананың Маммолог бөлімінің медбикесі болып еңбек етіп келеді. Бір қарағанда күнделікті қайталанатын жұмыс сияқты көрінгенімен, ширек ғасырдан астам, нақтырақ айтсақ, 33 жыл бойы бір саланың ыстық-суығына төзіп, бір мекемеде тапжылмай қызмет ету — нағыз ерлікпен тең.
Дәрігердің қабылдауына келген әрбір науқасты жылы жүзбен қарсы алу, құжаттарды ұқыпты жүргізу, емдеу үрдісін жүйелеу — сырт көзге оңай көрінгенімен, мұның артында үлкен шыдамдылық пен кәсіби шеберлік тұр.

Айгүл Өркенқызы — өз ісіне махаббатпен қарайтын, жоғары біліктілік санатындағы маман. Оның осы қажырлы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол:
- 2017 жылы емхана басшысының «Алғыс хатымен»;
- 2020 жылы «Құрмет грамотасымен»;
- 2023 жылы «Облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысының Алғысымен» марапатталды.
Ошақ басының жылуы
Бірақ Айгүлдің бақыты тек кәсіби табысымен ғана шектелмейді. Ол — шаңырағының құт-берекесін кіргізіп отырған адал жар, екі ұл мен екі қызды мәпелеп өсіріп, қанаттандырған аяулы Ана. Жұмыстағы қатаң тәртіп пен үйлесімді отбасындағы мейіріммен ұштастыра білген әйел затының болмысы әрқашан сусын алар бұлақтай таза.

Адам жанының шипагері, ақ халатты абзал жан Айгүл Өркенқызына алдағы уақытта да мықты денсаулық, таусылмас күш-қуат тілейміз. Еңбегіңіз әрдайым құрмет пен алғысқа толы болып, әрбір атқан таңыңыз отбасыңызға бақыт пен береке ала келсін!
Жансая Дүйсенбайқызы
