
География әлеміне жол ашқан ұстаз
Кейбір адамдардың болмысы сонау балалық шағында-ақ айқындалып қоятындай көрінеді. Оразбек Алма Сайлаубекқызының да тағдыр жолы осы бір ұлы ұғыммен – ұстаздықпен тығыз өрілген.
1988 жылдың қақаған қаңтарында киелі Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында дүниеге келген бүлдіршін қыздың бойындағы білімге деген құштарлық ерте оянды. 2005 жылы мектепті үздік аттестатпен тәмамдаған сәтте оның жүрегінде бір ғана сүйіспеншілік лаулап тұрған еді. Ол – жер-жаһанның құпиясы мен табиғаттың ғажайып заңдылықтарын танытатын география пәні болатын.
Осы қызығушылық оны сол жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің география және биология факультетіне жетелеп әкелді. Студенттік жылдары ізденіспен өткен Алма Сайлаубекқызы 2009 жылы оқу орнын үздік аяқтап, қызыл диплом иегері атанды.
Отбасы – жылы ұя, еңбек – өмірлік мұрат
2009 жыл Алма Сайлаубекқызының өміріндегі ең жарқын кезеңдердің бірі болды. Ол өмірлік серігін кездестіріп, шаңырақ көтерді. Бүгінде олар екі ұл мен екі қыз тәрбиелеп отырған өнегелі отбасының иелері.
Аналық бақыт пен кәсіби жауапкершілікті қатар алып жүрген жас маман еңбек жолын Астана қаласындағы Көлік және коммуникация колледжінде мұғалім болып бастады. Мұнда ол 2013 жылға дейін қызмет атқарып, алғашқы тәжірибесін шыңдады.
Ал 2014 жылдың қаңтар айынан бастап оның еңбек жолы С.Сапарбеков атындағы №125 орта мектеппен тығыз байланысты болды. География пәнінің мұғалімі ретінде мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап ол өз ісіне үлкен жауапкершілікпен кірісті.
Ұстаздық – тек пән үйрету емес, адам тәрбиелеу өнері. 2014–2021 жылдар аралығында 11 «Б» сыныбына жетекшілік етіп, шәкірттерін үлкен өмірге қанаттандырды. Бүгінде сол түлектер түрлі салаларда еңбек етіп, ұстаз сенімін ақтап жүр. Ал 2022–2026 жылдар аралығында 11 «А» сыныбының жетекшісі ретінде тағы бір буын жас түлектерді өмір жолына шығарып салуда.
Шәкірт жетістігі – ұстаз мерейі
Бүгінде Алма Сайлаубекқызы – 17 жылдық еңбек өтілі бар зерттеуші-педагог әрі жаратылыстану бірлестігінің білікті жетекшісі. Оның еңбегі тек сабақ берумен шектелмейді. Ол – дарынды балалардың қабілетін танып, олардың білім көкжиегін кеңейте білетін ұстаз.

Ұстаз еңбегі мен шәкірттерінің жетістіктері соның айқын дәлелі.
2023 жыл
- Жаңақорған аудандық білім бөлімінің Алғыс хатымен марапатталды;
- Шәкірті Әсілбекова Аяжан республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде III орын иеленді.
2024 жыл
Бұл жыл ұстаз бен шәкірт үшін табысты жыл болды.
Шәкірті Сәрсет Айша Ауыл олимпиадасының облыстық кезеңінде І орын алып, республикалық деңгейде Алғыс хатқа ие болды. Аталған жетістік Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің дипломымен марапатталды.
Ауыл олимпиадасының облыстық кезеңінде мектеп намысын қорғаған оқушылар төмендегідей нәтижелер көрсетті:
- Қабылдаева Алтынай – II орын;
- Ахметжан Лязина – III орын;
- Асылқызы Мереке – III орын;
- Аманжол Инабат – III орын;
- Бибатыр Мадина – III орын;
- Өмірзақ Нұрмұхамед – Алғыс хат;
- Әсілбекова Аяжан – Алғыс хат.
2025 жыл
Өмірзақ Нұрмұхамед, Үміржан Еркеназ, Кемалқызы Мадина және Серікқызы Інжу олимпиадалардың жүлдегерлері атанып, ұстаз еңбегінің жемісті нәтижесін көрсетті.
«Мұғалім өзінің білімін үздіксіз жетілдіріп отырғанда ғана нағыз мұғалім бола алады» деген қағиданы берік ұстанған Оразбек Алма Сайлаубекқызы бүгінде аудан мен облыс көлемінде құрметке ие ұстаздардың бірі.
Шәкірт жүрегіне жол тауып, олардың арманына қанат бітірген зерттеуші-педагогтың алдағы уақытта да бағындырар белестері мен жетер жетістіктері мол екені сөзсіз.
Жансая НҰРҚОЖА,
ҚЫЗЫЛОРДА.

