Мектепке кірген сәтте-ақ әр білім ордасының өзіне ғана тән рухы сезіледі. Бір жерде шәкірт күлкісі көңілге жылу сыйласа, енді бір жерде ұстаздың сабырлы жүзі мен байыпты сөзі сол ортаның болмысын танытады. Түркістан өңіріндегі Сайрам ауданының №97 Сұраншы батыр атындағы жалпы білім беретін мектебінде де дәл сондай жанды кездестірдік. Әңгіме барысында бір нәрсеге анық көз жетті: нағыз мұғалімнің өмірі марапатпен емес, шәкірт жүрегінде қалдырған ізімен өлшенеді екен.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні – ұлттың жаны, халықтың жады, ұрпақтың рухани өзегі. Осы аманатты жүрегіне жүк етіп арқалаған педагогтердің бірі – Бибігүл Джинбаева. Он сегіз жылдық еңбек жолында ол жүздеген баланың бойына ана тіліне деген құрметті, әдебиетке деген сүйіспеншілікті дарытып келеді. Педагог-сарапшы санатына дейінгі кәсіби жолы үздіксіз ізденіспен, тынымсыз еңбектен және адал қызметпен өрілген.Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-Түрік университетінде алған білімін өмірлік мұратқа айналдырған ұстаз үшін әр сабақ – жаңа үміттің бастауы. Сыныпқа кірген сайын ол оқулықтағы тақырыпты ғана түсіндірмейді. Баланың ойын оятуға, жүрегіне жол табуға, сөздің қадірін сезіндіруге ұмтылады. Себебі әдебиетті оқыту – мәтінді жаттату емес, адамның жан дүниесін тәрбиелеу екенін терең түсінеді.Тілдесе отырып, оның қарапайымдылығы ерекше әсер қалдырды. Жетістіктері жайлы сұрағанда, өзінің еңбегінен бұрын шәкірттерінің қуанышын алға шығарады. «Баланың жеңісі – ұстаздың бақыты» деген қарапайым ғана сөзі оның бүкіл болмысын ашып тұрғандай. Шын мәнінде, бұл – жылдар бойы қалыптасқан ұстаздық ұстаным.

Соңғы бірнеше жылдың нәтижелеріне көз жүгіртсеңіз, бұл сөздің жай ғана әдемі тіркес емес екенін аңғарасыз. Республикалық «Абай оқулары», «Махамбет оқулары», «Балалар оқулары», «Алаш оқулары», Қанипа Бітібаева атындағы республикалық олимпиада, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадалар – осы байқаулардың бәрінде тәрбиелеген шәкірттері аудандық кезеңнен асып, облыстық, республикалық деңгейде жүлделі орындарға ие болды. Әрбір жеңістің артында айлап жүргізілген дайындық, мың мәрте қайталанған жаттығу, шәкіртке деген сенім мен сарқылмас төзім жатыр.2025–2026 оқу жылында ғана бірнеше маңызды жетістікке қол жеткізілді. Облыстық тәжірибелік семинарда өткізген тағылымды тәрбие сағаты кәсіби қауымдастық тарапынан жоғары бағаланды. «Махамбет оқулары» байқауында облыстық жүлдегер тәрбиеленді. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде де шәкірті үздіктер қатарынан көрінді. Ал мұғалімдердің зияткерлік сайысындағы табысы оның тек ұстаз ғана емес, үнемі ізденетін, өз білімін үздіксіз толықтырып отыратын маман екенін дәлелдей түсті. Бұған дейінгі оқу жылдары да шығармашылық табыстарға толы болды. Алматыда өткен республикалық «Абай оқулары – 2025» байқауында шәкірті бас жүлдені жеңіп алып, өзі «Білім саласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Ордабасы ауданында өткен облыстық әдістемелік күнде тәжірибесімен бөлісіп, әріптестеріне шеберлік сабағын өткізді. Бұл – өз кәсібінің шебері ғана емес, тәжірибесін бөлісуден жалықпайтын ұстаздық мәдениеттің жарқын көрінісі.

Оның еңбек жолына қарасаңыз, марапаттардың тізімі ұзақ. Алайда сол марапаттардың ешқайсысы мақсат болмағаны сезіледі. Олар – тынымсыз еңбектің табиғи нәтижесі ғана. «Өрлеу» ұлттық орталығының, облыстық білім басқармасының, кәсіподақ ұйымының, аудандық білім бөлімінің алғыс хаттары мен мадақтамалары – ұстаздың кәсіби беделіне берілген әділ баға.Білім беру ісі күн сайын өзгеріп келеді. Жаңаша технология, жаңа әдіс, жаңа талап. Осындай кезеңде тоқмейілсуге болмайтынын жақсы түсінетін педагог әр сабағын заман талабына бейімдеп, оқушының қызығушылығын арттырудың тың жолдарын іздейді. Сондықтан оның сабағында дайын жауаптан гөрі еркін ойлау, жаттанды пікірден гөрі дәлелді тұжырым көбірек бағаланады. Бұл – бүгінгі білім берудің басты талабы.Шәкірт үшін мұғалімнің әрбір сөзі маңызды. Бір ауыз жылы лебіз кейде баланың тағдырын өзгертіп жатады. Осындай жауапкершілікті терең сезінетін ұстаз ешқашан білімді ғана емес, адамдық қасиетті де қатар үйретуден танған емес. Әдебиет арқылы мейірімділікті, тіл арқылы ұлттық болмысты, тарих арқылы елдік сананы қалыптастыру – оның күнделікті еңбегінің өзегіне айналған.

Әр адамның өмірінде жол көрсеткен бір ұстаз болады. Сол ұстаздың айтқан бір сөзі, берген бір тапсырмасы, артқан бір сенімі кейін үлкен өмірдің темірқазығына айналады. Осындай мұғалімдердің қатарына жататын жандардың бірі – осы білім ордасының тәжірибелі педагогі. Оның ең үлкен марапаты – шәкіртінің жетістігі, ата-ананың алғысы, әріптестің құрметі және қоғамның сенімі.Ұстаздық – мамандық емес, өмір салты десек, бұл сөз дәл осындай жандарға арналғандай. Себебі жүрегіне білімнің шырағын жаққан адам ғана өзгенің жолын жарық ете алады. Ал сондай жарық жолды таңдаған Бибігүл апайдың еңбегі уақыт өткен сайын құнын арттыра бермек. Өйткені білімге адалдық ешқашан ескірмейді, ал шәкірт жүрегіне егілген ізгілік мәңгілік жасай береді.

Айзере Құлжанова

Түркістан облысы

By Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *