Әрбір табысты адамның өмір жолында оған бағыт-бағдар берген, білімнің шырағын жаққан бір ұстаз болады. Өйткені ұстаз – тек пән үйретуші емес, ол – тұлға қалыптастырушы, болашаққа жол ашатын шамшырақ. Осындай шәкірт жүрегіне білім мен ізгіліктің дәнін сеуіп жүрген білікті педагогтердің бірі – математика және информатика пәнінің мұғалімі Азизхан Умархужаев.
1987 жылдың 16 наурызында Түркістан өңіріндегі қасиетті Сайрам ауданының Манкент ауылында дүниеге келген Азизхан ұстаз жастайынан білімге құштар болып өсті. Арман жетегіндегі жас талапкер 2004 жылы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Ақпараттандыру және басқару» факультетіне оқуға түсіп, 2008 жылы «Информатика» мамандығы бойынша жоғары білім алып шықты.


Жас маман дипломын қолға алған соң, туған ауылындағы «Айнабұлақ» мектебіне қызметке орналасып, алғашқы еңбек жолын бастады. Содан бері он сегіз жыл бойы бір білім ордасында үздіксіз еңбек етіп, талай буын шәкірттің қанатын қатайтуға үлес қосып келеді. Бүгінде ол – кәсіби шеберлігі мен үздіксіз ізденісінің нәтижесінде «педагог-зерттеуші» біліктілік санатына көтерілген тәжірибелі ұстаз.


Қазіргі цифрлық дәуірде информатика мен математиканы оқыту – тек формула мен алгоритмді үйрету емес, оқушының логикалық ойлау қабілетін дамытып, жаңа технологияларды еркін игеруіне мүмкіндік жасау. Осы міндетті терең түсінген Азизхан ағай әр сабағын жаңашыл әдістермен ұйымдастырып, білім беру үдерісіне заманауи технологияларды тиімді енгізіп келеді. Ол шәкірттеріне тек дайын білім беруді емес, мәселені талдап, шешім қабылдай білуді, шығармашылық ізденісті және ғылыми ойлауды үйретуді басты мақсат санайды.
Ұстаздың кәсіби біліктілігі мен тынымсыз еңбегі түрлі деңгейдегі байқаулар мен олимпиадаларда жоғары бағаланып келеді. 2024–2025 оқу жылында облыстық «Математикалық регата» олимпиадасында ІІІ орын иеленсе, сол жылы өткен «CPFED Uzdik IT Ustaz» республикалық байқауында облыстық кезеңнің жеңімпазы атанып, республикалық кезеңде ІІ орынға қол жеткізді.
Ал 2025–2026 оқу жылында да табысты жолын жалғастырып, «Әл-Фараби» атындағы геометриялық олимпиаданың қорытынды кезеңінде ІІ орын иеленді. Сонымен қатар «CPFED Uzdik IT Ustaz» байқауында облыстық және республикалық кезеңдерде ІІ орын алып, өзінің кәсіби деңгейінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Дегенмен, нағыз ұстаздың басты жетістігі – алған марапаттары емес, тәрбиелеген шәкірттерінің табысы. Бұл қағиданы Азизхан ұстаздың еңбек жолынан анық байқауға болады. Оның шәкірттері түрлі деңгейдегі олимпиадаларда үздік нәтиже көрсетіп келеді. 2025–2026 оқу жылында 10-сынып оқушысы Хидиров Али мен 8-сынып оқушысы Азамханов Аббос информатика пәнінен облыстық олимпиадада ІІІ орын иеленсе, 9-сынып оқушысы Халиқтаев Иброхим математика пәнінен облыстық кезеңнің ІІІ орын жүлдегері атанды. Бұл – ұстаздың кәсіби еңбегінің жемісі әрі білім сапасының нақты көрсеткіші.


Әріптестері оны жауапкершілігі жоғары, ізденімпаз әрі жаңашыл ұстаз ретінде бағалайды. Ал шәкірттері үшін ол – талап қоя білетін, әр баланың қабілетін байқап, оның дамуына жол ашатын қамқор тәлімгер.


Ұстаздық – жүрекпен атқарылатын мамандық. Бұл жолда табысқа жету үшін білім ғана емес, үлкен жауапкершілік, шыдамдылық және шәкіртке деген шынайы жанашырлық қажет. Кейіпкеріміз осы қасиеттердің барлығын бойына тоғыстырған педагог ретінде білім саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып келеді.
Ұлттың ертеңі – білімді ұрпақтың қолында болса, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Өз ісіне адалдық пен үздіксіз ізденісті өмірлік ұстанымына айналдырған Азизхан ұстаздың өнегелі жолы – кейінгі буын жас педагогтер үшін де, шәкірттері үшін де жарқын үлгі.

Болатқан Әбдіреш,

Түркістан облысы,

Сайрам ауданы

By Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *