Жансая НҰРҚОЖА

Кейбір мектептердің тарихы бір ғана білім ордасының шежіресі емес, тұтас өңірдің рухани тарихымен астасып жатады. Осындай қасиетті қара шаңырақтың бірі – Сыр бойындағы Қармақшы ауданына қарасты Шоқан Уәлиханов атындағы №26 орта мектеп. Іргесі 1895 жылы қаланған білім ордасы араға 130 жылдан астам уақыт салып, бүгін де ұлтқа қызмет ететін саналы ұрпақ тәрбиелеу жолындағы абыройлы миссиясын жалғастырып келеді.

Ғасырдан астам тарихы бар мектептің бүгінгі тыныс-тіршілігі, жетістіктері мен ұстанған бағыты жайында мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Жадыра Ертайқызымен сұхбаттасқан едік.

– Жадыра Ертайқызы, алдымен ғасырлық тарихы бар білім ордасының өткені туралы айтып өтсеңіз.

Әр мектептің өз тағдыры, өз тарихы болады. Ал біздің білім ордамыздың тарихы – ел тарихының бір бөлшегі. Осы уақыт аралығында мектеп қабырғасынан мемлекетке қызмет еткен талай тұлғалар түлеп ұшты.

Қазақстандық балалар хирургиясының негізін қалаушы Камал Ормантаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты болған Бақберген Досманбетов, саяси ғылымдардың кандидаты, профессор Мұсахан Басшыбаев, әлемге танылған архитектор Тотан Күзембаев, ҚР Сот әкімшілігінің облыстық департамент басшысы Сағатбек Сүлеймен Болатбекұлы, жоғары дәрежелі нейрохирург Марат Алматов – осы қарашаңырақтың түлектері.

Бұл – мектептің ондаған жыл бойы сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі қажырлы еңбегінің нақты нәтижесі.

1962 жылы мектепке ұлы ғалым Шоқан Уәлихановтың есімі берілді. Ал білім ордасының өркендеуіне әр кезеңде директорлық қызмет атқарған Әбдуали Жаназаров, «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» Зибаш Қамбарова, белгілі ақын Мұхаметқали Шыңғысов, кейіннен Болат Жұмабаев пен Мәуегүл Ерғалиева өлшеусіз үлес қосты. Қазіргі таңда мектепке тәжірибелі басшы Ақмарал Жарасова жетекшілік етеді.

– Бүгінгі мектептің әлеуеті қандай?

Қазіргі таңда мектебімізде 743 оқушы білім алады. Оларға 103 мұғалім сапалы білім мен тәлім-тәрбие беріп келеді. Ұжым құрамында 10 магистрант, 19 педагог-зерттеуші, 39 педагог-сарапшы еңбек етеді.

Жақында химия, биология және физика пәндерінен жаңа модификациялық кабинеттер іске қосылды. Бұл оқушылардың заманауи талапқа сай білім алуына мүмкіндік береді.

Ұжымымыздың ауызбіршілігі мен шығармашылық ізденісінің арқасында мектебіміз «Ынтымағы жарасқан ұжым – 2022», «Жыл үздігі – 2022», «Жыл таңдауы – 2023», «Үздік жаңа идеялар жаршысы – 2024», облыстық «Озық идеялар мен технологиялар ордасы – 2025» аталымдарының иегері атанды.

Ұстаздарымыздың да жетістіктері мол. Тарих пәнінің мұғалімі Гүлбану Тұрымтаева республикалық «Үздік педагог – 2021» байқауының жеңімпазы болып, «Ы.Алтынсарин» және «Ерен еңбегі» төсбелгілерімен марапатталды.

Мәуегүл Ерғалиева мен Шерімова Асанқызы «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атанса, көркем еңбек пәнінің мұғалімдері Роза Еленова мен Мәншүк Үсенова «Аламан құрақ – 2025» жобасы арқылы Global World Book of Records рекордтар кітабына енді.

– Мектеп жетістігі ең алдымен шәкірттерімен өлшенеді. Бұл бағыттағы нәтижелер қандай?

Дұрыс айтасыз. Биыл мектепті 29 түлек тәмамдады. Оның ішінде 5 оқушы «Алтын белгі», 1 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды. Жалпы білім сапасы – 85,5 пайыз.

Оқушыларымыз республикалық ғылыми жобалар мен олимпиадаларда жақсы нәтижелер көрсетіп келеді. «Дарын» ғылыми жобалар байқауында 9-сынып оқушысы Ұлан Жасмин, «Зерде» ғылыми жобасында Айсара Сайранова мен Мансұр Ермағамбетов жүлделі орындарға ие болды.

Пәндік олимпиадаларда Маржан Бауыржанқызы, Гүлсезім Серікбаева, Нұрхан Қуанышбеков облыстық және республикалық деңгейде мектеп намысын абыроймен қорғап жүр.

Өнер мен спорт саласында да жетістіктеріміз жетерлік. Нұржігіт Науқанбаев республикалық «Aiala» арт-эко фестивалінде 1 миллион теңгелік гран-при жеңіп алды. Ислам Қасымов «Бала барыс – 2025» жеңімпазы атанып, қазақша күрес пен самбодан спорт шеберіне кандидат дәрежесін иеленді. Ал мектептің «Шаңырақ» театры республикалық және облыстық байқаулардың тұрақты жүлдегері.

– Ұлттық тәрбиеге негізделген қандай жобалар жүзеге асырылып жатыр?

Біз үшін тәрбие – білімнің өзегі. Сондықтан мектепте «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы жүйелі іске асырылуда.

Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы, «Шапағат» әкелер кеңесі, «Тұмар» аналар кеңесі белсенді жұмыс істейді.

Оқушылардың көшбасшылық қабілетін дамытуда «Бастау» мектеп парламентінің орны ерекше. Олар «Үздік мектеп парламенті» байқауында екі жыл қатарынан жүлдегер атанды.

Ал ерекше мақтанышымыздың бірі – 1990 жылы құрылған «Әжелер» ансамблі. Ардагер ұстаздардан құралған ансамбль бүгінге дейін түрлі мәдени іс-шараларға қатысып, ұрпақтар сабақтастығын дәріптеп келеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

ТҮЙІН

Бір ғасырдан астам уақыт бойы талай шәкіртке білім нәрін сепкен Шоқан Уәлиханов атындағы №26 орта мектеп – өткеннің өнегесін бүгінмен сабақтастырып келе жатқан қасиетті білім ордасы. Мұнда тарихқа құрмет пен жаңашылдық қатар өріліп, ұлттық құндылық пен сапалы білім үндестік тапқан. Осындай ұжымның еңбегі нәтижесінде ертеңгі ел тізгінін ұстайтын білімді де білікті ұрпақ қалыптасып келеді. Ғасырлық шежіресі бар қарашаңырақтың әлі талай асуды бағындыратынына сенім мол.

ҚАРМАҚШЫ АУДАНЫ

By Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *