Сыр өңірінің тарихы терең, топырағы киелі Арал өңірі — талай тарланды түлеткен қасиетті мекен. Осы бір аймақтың Аманөткел ауылында 1976 жылдың қоңыр күзінде, қазан айының соңғы күндерінде дүние есігін ашқан кішкентай қыз ертеңгі күні ел үмітін ақтар аяулы жанға айналарын ол кезде ешкім болжай қоймаған шығар. Бұл — бүгінде отыз жылдан астам ғұмырын адам жанының арашасы болуға арнаған жоғары санатты мейіргер Серікбаева Гүлсім Келісқызының мағыналы өмірбаянының бастауы еді.

Балалық шағының бал дәмін татып, 1983 жылы қара шаңырақ — №73 қазақ орта мектебінің табалдырығын аттаған сәттен бастап-ақ, оның бойындағы жауапкершілік пен білімге деген құштарлық ерекше байқалды. Мектеп қабырғасын 1993 жылы сәтті тәмамдаған бойжеткен жүрек қалауымен адам денсаулығын сақтаудай қастерлі істі таңдап, Қызылорда медициналық училищесіне оқуға түседі.

Талант пен еңбек ұштасқан жерде нәтиже болатыны хақ. 1995 жылы «Сестралық іс» мамандығы бойынша бұл оқу орнын үздік белгімен бітіріп шығады.

Еңбекпен өрілген жылдар

Гүлсім Келісқызының еңбек жолы — тоқтаусыз ізденіс пен адалдықтың шынайы көрінісі. Алғашқы еңбек кітапшасы 1995 жылдың күзінде Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты №3 қалалық емханасында ашылды. Содан бергі 30 жылдан астам уақыт ішінде ол медицина саласының ыстығына күйіп, суығына тоңып, нағыз майталман маманға айналды.

Оның кәсіби шежіресі сан түрлі жауапты қызметтерден тұрады:

• 1997–2004 жылдары — «Сенім» емханасында аймақтық мейіргер;

• 2004–2007 жылдары — А.Байтұрсынов атындағы №211 мектепте мектеп мейіргері;

• 2007–2023 жылдары — №4 қалалық емханасында аймақтық мейіргер.

Уақыт бір орнында тұрмайды, заман талабы да өзгереді. Гүлсім Серікбаева тек тәжірибеге ғана сүйеніп қоймай, заманауи медицинаның көшінен қалмауды мақсат еткен тұлға. Ол 2021–2023 жылдары «Түркістан» көпсалалы жоғары медицина колледжінде «Мейіргер ісінің қолданбалы бакалавры» дәрежесін алса, 2023–2024 жылдары С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің академиялық бакалавриатын үздік аяқтады. Бұл — білімге деген шексіз құштарлық пен өз мамандығына деген махаббаттың айқын дәлелі.

Басшылық пен биік жауапкершілік

«Адамның бақыты — өзіне лайықты іс табуында».

2023 жылдың қазан айынан бастап Гүлсім Келісқызы аға патронаж мейіргері қызметін абыроймен атқарып келеді. Бұл жай ғана лауазым емес, бұл — үлкен ұжымды басқару, жас мамандарға бағыт-бағдар беру және ең бастысы ана мен бала денсаулығын бақылаудағы аса жауапты міндет.

Ол бүгінде патронаж мейірбикелерінің жұмысын ұйымдастырып, олардың қызмет сапасына жауап береді. Әрбір істі ұқыптылықпен жоспарлап, сәбилердің дамуы мен аналардың денсаулығын жіті бақылауда ұстайды. Емхананың қоғамдық өмірінде де белсенділігімен ерекшеленетін ол — ұжымның ұйытқысы, әріптестерінің сыйлы ақылшысы.

Жанұя – өмірінің тірегі

Гүлсім Серікбаева тек өз ісінің шебері ғана емес, сонымен қатар шаңырақтың берекесін кіргізіп отырған аяулы жар, ардақты ана. Ол жолдасымен бірге отбасылық құндылықтарды жоғары қойып, Отанына пайдалы, саналы бір ұл мен екі қыз тәрбиелеп өсіруде.

Жүрегіндегі мейірімді отбасына арнағанындай, қызметінде де әрбір науқасқа шынайы ықыласымен қарайды. Сондықтан да оның қолынан шипа тауып, алғыс білдірген жандар аз емес.

Гүлсім Келісқызының жүріп өткен жолы — адал еңбектің, кәсібіне деген шексіз сүйіспеншіліктің және адамзатқа қызмет етудің жарқын үлгісі. Ақ халатты абзал жанға деген халықтың құрметі мен ықыласы — оның өмірлік ең үлкен марапаты.

Айзере Құлжанова,

Қызылорда

By Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *