Адам баласы үшін ең қымбат құндылық – оның өмірі мен денсаулығы. Ал сол құндылықты сақтауды өз тағдырымен ұштастырған шипагерлердің еңбегі әрдайым қоғамның ерекше құрметіне ие. Кәсіби міндетіне адалдықты серік етіп, ақ халаттың абыройын биік ұстап келе жатқан білікті мамандардың бірі – Меруерт Қазибекова.

Тілші ретінде кейіпкеріміздің өмірбаяны мен күнделікті қауырт жұмысына зер сала отырып, оның шынайы адами болмысы мен дәрігерлік кәсібіне деген терең сүйіспеншілігін аңғардық.

Меруерт Қазибекова 1983 жылдың 22 қарашасында Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Өмірлік таңдауын ерте жасаған ол 2001–2008 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде «Емдеу ісі» мамандығы бойынша білім алып, терапевт дәрігер біліктілігін иеленді.

Тәжірибе мектебі: жауапкершілік жүгі

Кейіпкеріміздің еңбек жолы туған жері Жаңақорған ауданында инфекционист дәрігер ретінде басталды. Медицинаның ең күрделі салаларының бірінде алғашқы тәжірибе жинақтаған маман кейіннен №1 қалалық емханада учаскелік дәрігер болып қызметін жалғастырды.

2012 жылдың маусым айынан бастап оның кәсіби тағдыры №3 қалалық емханамен тығыз байланысты болды. Мұнда учаскелік терапевт, кейін жалпы тәжірибелік дәрігер ретінде мыңдаған науқастың алғысына бөленді.

Кәсіби шеберлігі мен ұйымдастырушылық қабілеті жоғары бағаланып, 2017 жылы жалпы тәжірибелік дәрігерлер бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Осы жауапты қызметте де өзінің білікті ұйымдастырушы, сенімді жетекші екенін дәлелдей білді.

Болмыс пен бітім: сабырлылық – ең үлкен шипа

Зерттеу барысында кейіпкеріміздің бойынан дәрігерге тән ең басты қасиет – ерекше сабырлылық пен салмақтылықты байқадық. Науқастың дертіне шипа іздеген сәтте дәрігердің жылы сөзі мен салқынқанды шешімі – емнің маңызды бөлігі.

Меруерт Қазибекова әрбір емделушінің жағдайына терең жанашырлықпен қарап, кез келген қиындықты байсалды мінезімен еңсере біледі.

«Үлкен жауапкершілікті сезіну – бұл мамандықтың басты шарты. Әрбір диагноз бен қабылданған шешімнің артында адам тағдыры тұрады», – дейді ол.

Бұл – кейіпкеріміздің өмірлік ұстанымы. Оның болмысындағы қарапайымдылық пен парасаттылық ең күрделі сәттерде де дұрыс бағыт табуға көмектеседі. Әріптестері оны тек өз ісінің шебері ретінде ғана емес, қиын сәтте демеу бола білетін, ақылымен де, ісімен де үлгі көрсететін сабырлы тұлға ретінде құрметтейді.

Шаңырақтың шуағы

Дәрігердің шынайы болмысы тек шипагерлік қызметінен ғана емес, отбасындағы орнынан да айқын көрінеді. Ол – өз ісіне жауапты маман ғана емес, аяулы жар, төрт баланың ардақты анасы.

Қызметтің ауырлығына қарамастан, отбасылық жылулықты сақтап, перзенттеріне ізгі тәрбие беріп отырған абзал ананың бейнесі – бүгінгі қоғамның шынайы көркі.

Медицина қызметкерлері күні қарсаңында ақ халатты абзал жанға зор денсаулық, отбасылық бақыт және еңбегіне толағай табыс тілейміз. Адам өміріне араша болар жауапты қызметіңізге береке, халықтың алғысы мен шексіз құрметі әрдайым серік болсын!

Жансая ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ,

Қызылорда.

By Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *