Өмірдің әрбір белесінде адам өз жолын іздейді. Ал кейбіреулер үшін ол жол — өзгелерге қалтқысыз қызмет етумен, жүрек жылуын аямай бөлісумен өріледі. Сондай жанның бірі — Шынбаева Маржан Медетқызы.

Білім белестері мен еңбек жолы


Маржан 1992 жылы сырлы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданына қарасты тарихи Сунақата ауылында дүниеге келген. Өсе келе білімге деген құштарлығы оны алға жетелеп, 1998–2009 жылдар аралығында №194 орта мектепті өте жақсы бағамен, үздік аяқтады. Бойындағы ізгілік пен танымға деген құмарлық оны Алматыдағы арулар ордасы — Қазақ Ұлттық Қыздар Педагогикалық Университетіне алып келді. География факультетін мемлекеттік грантпен оқып, 2013 жылы «тарихқа негізделген география пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша қызыл дипломмен тәмәмдады.
Еңбек жолын Алматы қаласындағы №9 мамандандырылған физика-математика мектеп-интернатында ұстаздық етуден бастаған Маржан кейін мемлекеттік қызметте де өзін мойындатты. 2019–2023 жылдары Жаңақорған ауданы әкімдігінде абыройлы еңбек етіп, жауапкершілік пен ұқыптылықтың үлгісін танытты.

Орталықтың ішкі тынысы және шынайы кездесу


2023 жылдан бастап Маржан Медетқызы өмірдегі жаңа әрі жауапты миссиясына аяқ басты. Ол — Қызылорда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығы» КММ-де әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман.
Таңғы күн сәулесімен шағылысқан осы орталықтың табалдырығын аттағанда, ең алдымен көзге түсетіні — мұндағы ерекше тыныштық пен жанға жайлы жылылық. Орталықты жан-жақты аралап көргенде, мұндағы әрбір бөлме бүлдіршіндердің жайлылығы мен сауығуы үшін арнайы жасақталғаны бірден байқалады:
-Соңғы үлгідегі оңалту кабинеттері: Мұнда балалардың денсаулығын жақсартуға арналған ем-дом шаралары үздіксіз жүргізіледі.
-Дамыту және ойын бөлмелері: Балалардың моторикасы мен ой-өрісін дамытатын түрлі-түсті құралдар мен арнайы тренажерлар қойылған.
-Таза да жарық тынығу орындары: Әрбір бөлме бүлдіршіндерге үйдегідей жайлылық сыйлайды.
Өз ісіне адал жүрек
Осы бір үлкен әрі күрделі мекеменің тыныс-тіршілігін аралатып жүріп, біз Маржанның өзімен жүзбе-жүз сұхбаттастық. Алғашқы сәттен-ақ оның бойындағы ерекше қайрат, жинақылық пен пысықтық таңғалдырмай қоймайды. Ол — тек құжатпен жұмыс істейтін маман емес, орталықтағы әрбір баланың жай-күйін, күнделікті ем-домының бұлжытпай, өз уақытында орындалуын егжей-тегжейлі қадағалап отыратын нағыз жанашыр.

«Балалардың күндізгі ем-домы, олардың әрбір күнінің қауіпсіз әрі пайдалы өтуі — менің басты міндетім,» — дейді Маржан сұхбат арасында өзінің ісіне деген зор жауапкершілігін сездіріп.

Маржан Медетқызы — кәсіби маман болумен бірге, 1 ұл мен 1 қызды тәрбиелеп отырған аяулы ана. Өз перзентіне деген шексіз махаббаты оның орталықтағы әрбір бүлдіршінге деген аналық мейірімінен айқын көрініс табады.
Аумағы да, ішкі бөлмелері мұнтаздай таза бұл орталықтан шыққанда, Маржан сияқты бойында жалыны, жүрегінде мейірімі бар пысық мамандар бар кезде бүлдіршіндердің болашағы сенімді қолда екеніне көз жеткіздік.

Жансая НҰРҚОЖА

By Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *