Қызылорданың Талсуат ауылдық округіне қарай жол тартқанда, көпшілікке көзге көріне бермейтін, бірақ адам тағдыры үшін маңызы айрықша бір мекеме бар. Оның табалдырығын аттаған сәттен-ақ бұл жердің қарапайым ғана әлеуметтік мекеме емес, тағдырдың талай сынағын көтеріп жүрген балалар үшін екінші үйге айналғанын сезінесің.
Бұл – «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі.
Орталықтың тарихы сонау 1990 жылдан басталады. Қызылорда облыстық халық депутаттары Кеңесі атқарушы комитетінің 1990 жылғы 19 қыркүйектегі №239 «Қызылорда қаласында балаларға арналған психоневрологиялық интернат үйін ашу туралы» шешімімен құрылған мекеме бүгінде талай баланың өміріне араша болып, олардың әлеуетін ашуға, қоғамға бейімделуіне, өз мүмкіндігінше дербес өмір сүруіне жағдай жасап келеді.

2012 жылы Талсуат ауылдық округіндегі жаңа ғимаратқа көшірілген орталық бүгінде 130 орынға арналған. Қазіргі таңда стационарлық бөлімде – 55, жартылай стационарлық бөлімде – 40, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту бөлімінде – 20, барлығы 115 балаға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі.
Бес блоктан тұратын ғимараттың ішіне енгенде ерекше бір жылылық сезіледі. Қабырғалардағы балалардың қолынан шыққан бұйымдар, түрлі түсті жұмыстар, еңбекке баулудың нәтижесі – бәрі де осы мекеннің тыныс-тіршілігінен хабар береді. Мұнда әр бөлменің өзіндік қызметі бар. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған кабинеттер балалардың ем алуына ғана емес, олардың шығармашылық қабілетін танытуына, қарым-қатынас жасауына, өзіне-өзі қызмет ету дағдыларын жетілдіруіне мүмкіндік береді.
Осы жұмыстардың басы-қасында жүрген орталық басшысы Ерлан Сәулебекұлы Қалымбетовпен әңгімелескенде, бір нәрсені анық аңғардық: мұнда атқарылып жатқан әр жұмыстың артында есеп немесе көрсеткіш емес, нақты баланың тағдыры тұр.
Басшының әңгімесінен мекеменің бүгінгі тынысын, жетістігін, алдағы мақсатын сұхбат барысында таразылап көрдік.
– Ерлан Сәулебекұлы, алдымен орталықтың бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы айтып өтсеңіз. Қазіргі таңда қанша балаға қызмет көрсетіледі?

– Ең алдымен, ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларға деген мемлекеттік қолдаудың жылдан-жылға артып келе жатқанын атап өткім келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың әлеуметтік мемлекет қағидатын нығайтуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдауға бағытталған саясатының нақты көрінісі деп білеміз. Мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың отбасыларына көрсетілетін әлеуметтік қолдау – мемлекет үшін маңызды бағыттардың бірі. Осы ретте Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, оның қарамағындағы әлеуметтік қорғау саласындағы ұйымдар мен мамандардың еңбегін ерекше атап өткен жөн. Бізге көрсетіліп отырған қолдау тек қаржылай немесе материалдық көмекпен шектелмейді. Ең бастысы – баланың құқығын қорғау, сапалы әлеуметтік қызмет көрсету, оңалту мүмкіндігін кеңейту, білім алуына жағдай жасау, қоғамға бейімделуіне мүмкіндік беру бағытындағы кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Сонымен қатар Қызылорда облысының әкімдігіне де айрықша алғысымызды білдіреміз. Облыстық бюджет есебінен орталыққа қажетті көлік құралдарының алынуы, материалдық-техникалық базамыздың нығайтылуы, балаларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған жобалардың жүзеге асуы – жергілікті атқарушы биліктің бұл мәселеге ерекше назар аударып отырғанын көрсетеді.
Біздің орталыққа тікелей қолдау көрсетіп, әлеуметтік қорғау саласындағы жұмыстарды үйлестіріп отырған Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының еңбегі де орасан. Басқарма тарапынан орталықтың тыныс-тіршілігі, қызмет алушылардың жағдайы, олардың қажеттіліктері тұрақты назарда.
Біз мұндай қолдауды өте жоғары бағалаймыз. Себебі әлеуметтік саладағы кез келген шешімнің артында нақты адамның тағдыры, нақты отбасының үміті тұр.
Біздің мекеме – 3 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалардың тұрақты тұруына арналған стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекеме.
Орталықтың тарихы 1990 жылдан басталады. Ал 2012 жылдан бастап Талсуат ауылдық округінде орналасқан жаңа ғимаратта жұмыс істеп келеміз. Ғимарат 130 орынға есептелген.
Бүгінде стационарлық бөлімде 55 қызмет алушы, жартылай стационарлық бөлімде 40 бала, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту бөлімінде 20 бала бар. Яғни, қазіргі таңда барлығы 115 қызмет алушыға қызмет көрсетіп отырмыз.
Біздің басты мақсатымыз – балаға мекеме жағдайын сезіндіру емес, керісінше, мүмкіндігінше үй жағдайына жақын, қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру.
Сондықтан ғимараттағы әр бөлменің жабдықталуына, тазалығына, балалардың еркін қозғалуына, олардың психологиялық жай-күйіне ерекше мән береміз.
– «Үй жағдайына жақын орта» дегенді нақтырақ түсіндірсеңіз.
– Бала қай жерде болса да өзін қауіпсіз әрі қажет сезінуі керек. Әсіресе ерекше күтімді қажет ететін балалар үшін бұл өте маңызды.
Орталықтың бес блогында түрлі бағыттағы жұмыстар ұйымдастырылған. Мұнда балалардың қолынан шыққан қолөнер бұйымдарын көресіз. Бұл жұмыстардың барлығы – балалар мен қызметкерлердің бірлескен еңбегінің нәтижесі.
Біз баланы тек күтіммен қамтамасыз етуді жеткіліксіз деп есептейміз. Оны еңбекке, тазалыққа, ұқыптылыққа, тиянақтылыққа баулу, өз-өзіне қызмет көрсету дағдыларын қалыптастыру, сөздік қорын молайту, дүниетанымын кеңейту – күнделікті жұмыстың маңызды бөлігі.
Әдемілікті сезіну, өнерге қызығу, еңбекке құрметпен қарау да баланың тұлға ретінде қалыптасуына әсер етеді.
– Бұл жұмыстарды жүзеге асыратын мамандар құрамы да маңызды ғой.
– Әрине. Мұндай орталықта бір ғана маманның еңбегімен нәтиже шығару мүмкін емес. Бұл – командалық жұмысты талап ететін сала.
Орталықта мұғалім-дефектологтар, тәрбиешілер, емдік дене шынықтыру мамандары, еңбек нұсқаушылары, мәдени ұйымдастырушы, кітапханашы, музыка мұғалімдері, логопедтер, психологтар, әлеуметтік бағыттағы мамандар және басқа да қызметкерлер еңбек етеді.
Әрқайсысының өз міндеті бар. Бірақ барлығын біріктіретін ортақ мақсат – баланың өмір сапасын жақсарту.
– Қызмет алушыларға қандай арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі?
– Орталықтың жарғысына сәйкес қызмет алушыларға жеті бағыт бойынша арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі.
Олар: әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-мәдени және әлеуметтік-құқықтық қызметтер.
Бұл бағыттардың әрқайсысы бір-бірімен тығыз байланысты. Баланың денсаулығын жақсарту бір бөлек, оның әлеуметтік ортаға бейімделуі, психологиялық қолдауы, білім алуы, шығармашылық қабілетін дамытуы тағы бір бөлек мәселе.
Сондықтан біз әр баланың жеке ерекшелігіне қарай жұмыс істеуге тырысамыз.
– Қызмет алушылардың әлеуметтік жағдайы туралы не айтуға болады?
– Бүгінде орталықта әртүрлі әлеуметтік ортадан келген балалар бар. Қызмет алушылардың ішінде ата-анасы бас тартқан – 14 бала, толық отбасынан – 71, толық емес отбасынан – 30 бала.
Әр баланың тағдыры әртүрлі. Бірақ біз үшін олардың әлеуметтік мәртебесінен бұрын, бала екені маңызды.
Сондықтан орталықта олардың барлығына бірдей қамқорлық көрсетіледі.
– Оңалту жұмыстары орталық қызметінің негізгі бағыттарының бірі екені байқалады. Осы бағыттағы жұмыстарға тоқталсаңыз.
– Оңалту – біздің жұмысымыздың өте маңызды бөлігі.
Орталықта тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған арнайы оңалту бөлімі жұмыс істейді. Сонымен бірге қызмет алушыларға иппотерапия әдісі де жүргізіледі.
Иппотерапия әсіресе Дауна синдромы, аутизм, церебральді сал ауруы бар балалардың психологиялық және қимыл-қозғалыс мүмкіндіктерін дамытуда тиімді бағыттардың бірі ретінде қарастырылады.
Сонымен қатар орталықта «Монтессори», «Сенсорлық бөлме» жабдықталған. Мұнда балалардың психологиялық қабілетін жақсарту, жеке кеңес беру, түрлі сезімдік жаттығулар арқылы олардың қоршаған ортаны қабылдау мүмкіндігін арттыру бағытында жұмыстар жүргізіледі.
Кейінгі уақытта демеушілердің қолдауымен психолог бөлмесі де ашылды.
– Оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз ету жұмыстары қалай жүргізілуде?
– Бұл бағытта да үлкен жұмыстар атқарылды.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен бірлескен оңалтудың инновациялық техникалық құралдары жобасы аясында 287 миллион теңгеге 83 оңалтудың техникалық құралы жеткізілді. Оның ішінде кресло-арбалар, вертикализаторлар, жүргіштер және басқа да қажетті құралдар бар.
Бүгінде орталықтың қызмет алушылары осы заманауи техникалық құралдарды пайдаланып отыр.
Сонымен қатар 2023 жылдың 1 желтоқсанынан бастап Қызылорда облысында «Үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» пилоттық жобасы аясында оңалтудың техникалық құралдары бойынша жұмыс жүргізілуде.
Бұл – балаға қажетті көмекті тек орталық қабырғасында ғана емес, оның өмір сүру ортасына барынша жақындатуға мүмкіндік беретін маңызды бастама.
– Балаларды тасымалдау мәселесі де маңызды. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылды?
– Иә, ерекше қажеттілігі бар балалар үшін тасымалдау мәселесі өте маңызды.
2024 жылы облыстық бюджет есебінен сыйымдылығы 21 адамға арналған, құны 43 миллион 125 мың теңге болатын балаларды тасымалдауға арналған автобус алынды.
Ал 2025 жылы мүмкіндігі шектеулі балаларды қауіпсіз тасымалдау мақсатында облыстық бюджеттен 19 миллион 886 мың теңгеге ГАЗ А65R33 маркалы шағын автобус сатып алынды.
Бұл көліктер балаларды тасымалдау кезіндегі бірқатар кедергілерді азайтып, олардың қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
– Орталықтағы әлеуметтік-педагогикалық жұмыстардың нәтижесі қандай?
– Әлеуметтік-педагогикалық қызмет балалардың ақыл-ой мүмкіндігі мен жеке ерекшеліктеріне сәйкес арнайы оқу бағдарламалары бойынша жүргізіледі.
Біз облыстық білім басқармасымен бірлесе отырып жұмыс істейміз. Соның нәтижесінде 10 бала үй жағдайында жеңілдетілген бағдарлама бойынша білім алу мүмкіндігіне ие болды.
Бұл біз үшін өте маңызды нәтиже.
Өйткені баланың денсаулығына қарай оның білім алу мүмкіндігін шектеуге болмайды. Әр баланың білімге құқығы бар. Біздің міндетіміз – сол мүмкіндікті оның жағдайына бейімдеп ұсыну.
– Қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға қаншалықты көңіл бөлінеді?
– Бұл бағыт біздің тұрақты назарымызда.
«Қамқорлық» және UMC оңалту орталығының мамандарымен тәжірибе алмасу жолға қойылған. 2023 жылдан бері бірқатар қызметкерлеріміз Астана қаласындағы UMC оңалту және протез дайындау орталығында, сондай-ақ Шымкент қаласындағы орталықта тәжірибеден өтті.
Реабилитологтар мен емдік дене шынықтыру мамандары Астана қаласында оңалтудың техникалық құралдарын пайдалану бойынша екі рет білім жетілдіру курсынан өтті.
Ал әлеуметтік-педагогикалық бағыттағы мамандардың кәсіби деңгейін арттыру мақсатында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығымен бірлесіп түрлі тақырыптарда курстар ұйымдастырылып келеді.
Қызметкер өз білімін жетілдірген сайын балаға көрсетілетін қызметтің сапасы да артады.
– Орталық қызмет алушыларының шығармашылық қабілеттерін дамытуға қандай мүмкіндік жасалған?
– Біз баланың бойындағы кез келген қабілетті байқап, оны дамытуға тырысамыз.
Әлеуметтік-мәдени қызмет бағыты бойынша түрлі тынығу және шығармашылық іс-шаралар ұйымдастырылады.
Балалар республикалық «Жұлдызай» байқауына, Астана қаласында дәстүрлі түрде өтетін республикалық «Арман асулары» концерттік бағдарламаларына қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр.
2024 жылы облыстық «Жүрек жылуы» фестиваліне қатысып, барлық жанр бойынша жүлделі орындарға ие болды.
Сол жылы Түркістан қаласында мүмкіндігі шектеулі балалар арасында өткен республикалық фестивальде көркем сөз оқу номинациясы бойынша орталық қызмет алушысы Жетпісбаев Фархат гран-при иеленіп, Түркия еліне жолдама жеңіп алды.
2025 жылдың 30 қазанында өткен XII облыстық «Жүрек жылуы» өнер конкурсында орталық қызмет алушылары Жамелов Ансар, Өтеген Алмасбек, Дастанова Камшат жүлделі орындарға ие болды.
Біз үшін мұндай жетістіктер – жай ғана марапат емес. Ол баланың өзіне деген сенімінің артқанының, еңбегінің бағаланғанының белгісі.
– Демеушілердің қолдауы да орталықтың дамуына ықпал етіп отырған сияқты.
– Иә, орталық үкіметтік емес ұйымдармен, жеке кәсіпкерлермен және қайырымдылық қорларымен тығыз байланыста жұмыс істейді.
Жеке кәсіпкер Ғалым Прекешов балалардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында орталыққа интерактивті тақта сыйға тартты.
Ал жеке кәсіпкер Сәдуақасова Р. балалардың жазғы сауықтыру жұмыстарын тиімді ұйымдастыру үшін ашық бассейн тарту етті.
Демеушілердің көмегімен оңалту шараларын жүргізуге қажетті жүру имитаторы алынды.
Сонымен қатар орталықта демеушілердің қолдауымен заманауи үлгіде жабдықталған Эбру, эрготерапия, агротерапия бөлмелері жұмыс істеп тұр.
2025 жылы «Жан шуақ TTS» корпоративтік қорының демеушілігімен саз балшықпен жұмыс жасауға арналған гончарлық бөлме жабдықталды. «Зекет және қайырымдылық» қорының демеушілігімен ойын бөлмесі ашылды.
Жергілікті бюджет есебінен 7 миллион 142 мың теңгеге тұзбен емдеу бөлмесі жабдықталып, іске қосылды.
Мұның бәрі – балалардың мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған нақты қолдау.

– Орталыққа еліміздің жоғары лауазымды өкілдері мен шетелдік мамандардың да келгенін білеміз. Бұл кездесулердің маңызы қандай болды?
– Әрине, мұндай сапарлар біз үшін де, ұжым үшін де маңызды.
2024 жылы орталықта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Н. Сағындықова және Парламент депутаты Д. Наумова қызметтік іссапармен болып, атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.
Сол жылы Астана қаласынан травматолог-ортопед Д. Куньяпянов шақырылып, церебральді сал ауруына шалдыққан балаларды қарап, олардың қимыл-қозғалысын жақсарту және денсаулығын нығайту бағытында жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде 8 бала ота жасауға іріктелді. Бүгінде олардың 5-еуіне дәрігердің демеушілігімен ота жасалып, балалардың қимыл-қозғалысы жақсарды.
Германиядан келген балалар невропатологы, эпилептолог, профессор Герлинда Зельцер де орталықта болып, мамандармен тәжірибе алмасты.
2025 жылдың 27 тамызында орталыққа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі С.Қ. Жақыпова және облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.Е. Жаналинов келіп, орталықтың жұмысымен танысты.
2025 жылдың 26 қыркүйегінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының директоры С. Елшібеков, Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Л. Жүнісова және кеңес мүшелері орталықтың тыныс-тіршілігімен танысты.
Ал 2025 жылдың 19 желтоқсанында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі В.В. Шегай орталықта қызметтік іссапармен болып, атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.
Бұл кездесулер бізге жауапкершілікті одан әрі арттыра түседі.
– Жетістіктер туралы айтсақ, ұжымның еңбегі де елеусіз қалмаған екен.
– Иә, қызметкерлердің еңбегін бағалау – біз үшін өте маңызды.
2025 жылдың 25 қазанында Астана қаласында өткен «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік жұмыскері – үздік әлеуметтік жоба» республикалық конкурсында орталық әдіскері А. Кәрібаева «Үздік әлеуметтік педагог» номинациясы бойынша марапатталды.
Ал 2026 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай «Жаңа Қазақстан» республикалық инновациялық орталығы ұйымдастырған «Үздік еңбек адамы» республикалық байқауында орталықтың екі қызметкері аталған номинацияны иеленді.
2024 жылдың қорытындысы бойынша аймағымыздың әлеуметтік қорғау саласының дамуына қосқан өлшеусіз үлесі үшін орталық «Үздік әлеуметтік мекеме» номинациясына ие болды.
Бұл марапаттардың барлығы – бір адамның емес, бүкіл ұжымның еңбегінің жемісі.
– Бүгінгі орталықтың әлеуметтік мекеме ғана емес, үлкен оңалту орталығына айналып келе жатқанын байқауға болады. Алдағы мақсаттарыңыз қандай?
– Біздің басты мақсатымыз – қазіргі мүмкіндіктерімізді одан әрі жетілдіру.
Балаға көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру, оңалту әдістерін жетілдіру, мамандардың кәсіби деңгейін көтеру, заманауи құрал-жабдықтарды тиімді пайдалану – күн тәртібінен түспейтін мәселелер.
Бірақ кез келген жаңа жоба мен құралдың артында нақты мақсат тұруы керек. Ол мақсат – баланың өмір сапасын жақсарту.
Бала орталыққа келгенде өзін жалғыз сезінбеуі керек. Оның жанында оны түсінетін, қолдайтын, қажет кезде демейтін адам болуы керек.
Біз үшін ең үлкен нәтиже – баланың кішкентай болса да алға қадам басуы. Бір жаңа сөз айтуы, өздігінен тамақтануы, жүріп кетуі, сурет салуы, сахнаға шығуы, қолөнер жасауы немесе өз ойын еркін жеткізуі – мұның барлығы үлкен жетістік.
– Соңғы сұрақ. Орталық қызметкерлеріне және ата-аналарға айтар сөзіңіз қандай?
– Бұл салада жұмыс істеу үшін кәсіби біліммен қатар жүрек жылуы қажет.
Біздің қызметкерлердің еңбегі кейде сырт көзге байқала бермеуі мүмкін. Бірақ күн сайын баланың жанынан табылып, оның көңіл күйін бақылау, денсаулығына қарау, сабағына көмектесу, жаттығуын жасату, шығармашылыққа баулу – үлкен жауапкершілік.
Сондықтан әріптестеріме еңбектері үшін алғыс айтқым келеді.
Ал ата-аналарға айтарым – үміт үзбеу керек. Баланың әрбір жетістігіне қуана білу маңызды. Кейде біз үлкен өзгерісті күтетін сияқтымыз. Ал шын мәнінде, баланың бүгін өздігінен жасаған кішкентай қадамы – ертеңгі үлкен жеңістің бастауы болуы мүмкін.
Біздің орталықтың есігі балалар үшін әрдайым ашық. Ең бастысы – олардың өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне мүмкіндік жасау.
Жүректен шыққан еңбек – балаға берілген мүмкіндік
Сұхбат аяқталған соң орталық ішін тағы бір мәрте шолып шықтық. Бір бөлмеде балалар қолөнермен айналысып отыр. Екінші жерде маман кезекті жаттығуын жүргізуде. Бір жерде музыка үні естілсе, енді бір жерде тәрбиешінің жылы дауысы сезіледі.
Мұнда әр қозғалыстың, әр күлкінің, әр кішкентай жетістіктің өз тарихы бар.
Орталықтың қызмет алушыларының арасында ата-анасы бас тартқан балалар да, толық және толық емес отбасынан келгендер де бар. Бірақ осы шаңырақ астында олардың барлығына ортақ бір дүние бар. Ол – қамқорлық.

1990 жылы қарапайым қажеттіліктен басталған мекеме бүгінде заманауи оңалту, әлеуметтік-педагогикалық және мәдени қызметтерді ұштастырған үлкен орталыққа айналды. Иппотерапия, Монтессори, сенсорлық бөлме, эрготерапия, агротерапия, Эбру, тұзбен емдеу, гончарлық шеберхана секілді бағыттардың іске қосылуы – осы ізденістің айғағы.
Ал 83 оңалту құралының жеткізілуі, арнайы көліктердің алынуы, балалардың білім алу мүмкіндігінің кеңеюі, республикалық және облыстық өнер байқауларындағы жетістіктер – атқарылған жұмыстың нақты нәтижесі.
Ең бастысы, мұнда әр баланың бойынан мүмкіндік ізделеді.
Өйткені адам тағдырына қызмет ету – жай ғана мамандық емес. Ол – үлкен жауапкершілік. Ал ерекше қамқорлықты қажет ететін баланың жанынан табылу – сол жауапкершілікті жүрекпен сезінуді талап етеді.
Талсуаттағы осы мекеннің ең үлкен байлығы – қабырғасы немесе заманауи құрал-жабдығы емес. Оның ең үлкен құндылығы – баланың болашағына сенетін адамдардың еңбегі мен жүрек жылуы.
Сондықтан бұл орталықты мейірім мекені деуге толық негіз бар. Мұнда әрбір жақсы өзгеріс – бір баланың өміріндегі үміт сәулесі. Ал сол сәулені өшірмей, күн сайын жаға беру – орталық ұжымының басты мұраты.
Сұхбаттасқан Жансая Дүйсенбайқызы
