Адам жанының арашасы болу — екінің біріне бұйыра бермейтін ұлы бақыт әрі өлшеусіз жауапкершілік. Әсіресе, өмір есігін жаңа ашқан шаранадан бастап, еңкейген кәріге дейін шипа іздеп келетін емхана қабырғасында бұл жауапкершіліктің жүгі тіптен ауыр.
Бүгінгі кейіпкеріміз — Сыр өңірінің тумасы, өмірде де, кәсіби біліктілікте де өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып келе жатқан абзал жан, №4 Қалалық емхананың Жалпы тәжірибелі дәрігерлік (ЖТД) бөлімінің меңгерушісі Нұргүл Ерқазықызы Асқарова.
Біліммен өрілген болашақ
Нұргүл Ерқазықызы 1982 жылдың 23 маусымында қасиетті Қызылорда топырағында дүниеге келді. Қазақы тәрбиенің қайнарынан сусындап өскен ол бала күнінен өзгеге қол ұшын созуды, мейірімділік пен жанашырлықты өмірлік ұстанымына айналдырды.
1999 жылы Қызылорда медициналық колледжіне оқуға түсіп, 2002 жылы оқу орнын үздік дипломмен тәмамдады. Алайда бұл оның білім жолындағы алғашқы белесі ғана еді.
Медицина саласын терең меңгеруге деген құлшынысы оны Оңтүстік Қазақстан медицина академиясына жетеледі. 2003-2009 жылдар аралығында «Емдеу ісі» мамандығы бойынша білім алып, кәсіби дәрігер ретінде қалыптасты.
Бала денсаулығы үшін басталған еңбек жолы
Нұргүл Ерқазықызы еңбек жолын 2009 жылы №4 Қалалық емханада балалар дәрігері ретінде бастады. Баланың тілін тауып, оның жан дүниесін түсіну, сырқатын дәл анықтау үлкен жүрек пен ерекше жауапкершілікті талап етеді.
Жылы жүзді, мейірімді дәрігер аз уақыт ішінде көптеген ата-ананың сеніміне ие болды. Оның қамқорлығы мен кәсіби біліктілігі талай бүлдіршіннің сауығып кетуіне себепкер болды.
2019 жылдың қарашасы мен 2020 жылдың мамыры аралығында Махамбет дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері қызметін атқарып, ауыл медицинасының дамуына өзіндік үлесін қосты.
Кәсібилік пен басшылық қабілеттің үйлесімі
«Жалпы тәжірибелі дәрігер — әр отбасының денсаулығына жауапты сенімді серігі» деген ұстанымды берік ұстанған Нұргүл Ерқазықызы 2020-2024 жылдар аралығында жалпы тәжірибелі дәрігер болып еңбек етті.
Бұл кезеңде ол медицинаның түрлі бағыттарын меңгерген әмбебап маман ретінде танылып, тұрғындардың зор құрметіне бөленді. Әр науқастың мәселесіне жіті көңіл бөліп, кәсіби шеберлігімен көпшіліктің алғысын алды.
Осы еңбегінің нәтижесінде 2024 жылдың 1 ақпанынан бастап №4 Қалалық емхананың Жалпы тәжірибелі дәрігерлік бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды.
Бүгінде ол тәжірибелі дәрігер ғана емес, ұжым жұмысын үйлестіріп отырған білікті басшы, жас мамандарға бағыт-бағдар беретін тәлімгер ретінде де танылып келеді.
Yeah yeah yeah yeah
Нұргүл Ерқазықызы — өз ісіне шын берілген, Гиппократ антына адал, адам саулығын бәрінен жоғары қоятын ақ халатты абзал жан.
Оның өмір жолы — үздіксіз ізденістің, табанды еңбектің, кәсіби жауапкершіліктің және адамгершіліктің жарқын көрінісі. Сыр өңірінің денсаулық сақтау саласында жемісті еңбек етіп жүрген білікті дәрігердің еселі еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Осындай жандардың арқасында қоғам денсаулығының іргесі берік, халықтың дәрігерге деген сенімі биік болып қала бермек.
Жансая Нұрқожа
Қызылорда
