
Кейбір тағдырлар болады – олар бір ғана мамандыққа, бір ғана мектепке және бір ғана мұратқа арналады. Сыр өңірінің киелі топырағында, Жаңақорған ауданында 1968 жылы дүниеге келген Әлима Дәулетқызы Әбдімәуленованың өмір жолы – осындай адалдықтың айқын үлгісі.
Оның спортқа деген құштарлығы 1984 жылы Алматы қаласындағы Қазақтың дене тәрбиесі мәдениеті институтына жетеледі. 1990 жылы аталған оқу орнын тәмамдап, баскетбол жаттықтырушысы әрі дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі мамандығын алып шыққан жас маман туған жеріне оралып, еңбек жолын бастады.
Қара шаңырақтағы қажырлы еңбек
Сол жылы Жаңақорған ауданындағы С. Сапарбеков атындағы №125 қазақ орта мектебінің табалдырығын аттаған жас ұстаз бүгінде осы білім ордасында табан аудармай 36 жыл еңбек етіп келеді.
Бұл – бір адамның еңбек жолы ғана емес, тұтас бір ұрпақтың спорттық тәрбиесі қалыптасқан кезең. Әлима Дәулетқызы тәрбиелеген шәкірттер аудандық және облыстық жарыстарда баскетбол мен волейболдан тұрақты түрде жүлделі орындарға ие болып, мектеп мерейін үстем етіп келеді.
Ұлттық ойынның жанашыры
Ұстаз тек баскетбол және волейбол спортын дамытуға үлес қосып қана қоймай, халқымыздың ұлттық мұрасы – асық ату мен бес асық ойындарын жаңғыртуға да ерекше еңбек сіңірді.
Оның шәкірттері облыстық «Бес асық» жарыстарында үздіктер қатарынан көрініп, жүлделі ІІІ орынды иеленді. Ал Әлима Дәулетқызының өзі де спорттық белсенділігін жоғалтпай, облыстық асық ату жарыстарына қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Бұл – «Ұстаз – шәкіртіне үлгі» деген қанатты сөздің нақты көрінісі.
Марапат – маңдай тердің жемісі
Спорт пен білім саласындағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі жоғары бағаланып келеді. Әлима Дәулетқызы әр жылдары:
- ҚР Білім министрлігінің Алғыс хатымен;
- Облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталарымен;
- Жаңақорған ауданы әкімінің марапаттарымен марапатталды.
Әсіресе, баскетболдан аудан намысын қорғап, облыстық «Алтын күз» спартакиадасында І орын иеленуі оның кәсіби жаттықтырушы ретіндегі жоғары деңгейін айқын көрсетті.

Ұстаздық жол – ұрпаққа өнеге
Бүгінде Әлима Дәулетқызы – мектептегі жас мамандардың тәлімгері, спортқа қызығатын оқушылардың жанашыры әрі ақылшысы.
Оның 36 жылдық еңбек жолы – өз кәсібін шексіз сүюдің, шәкірт тәрбиесіне адал қызмет етудің және туған жерге деген перзенттік сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі.
Әлима ұстаз тәрбиелеген әрбір шәкірт – елдің ертеңі, спорттың болашағы. Сырдың сұлу табиғатындай мөлдір, спорт рухындай берік бұл тұлғаның есімі мектеп тарихында алтын әріптермен жазылары сөзсіз.
Айзере Құлжанова
Қызылорда облысы,
Жаңақорған ауданы
