Уақыт шіркін сырғып ағып жатыр, ал сол уақыттың тамырын ұстап, өткен мен бүгінді жалғап тұрған жандар бар. Олар – тарихшылар. Шиелі өңіріндегі білім беру саласының майталманы, педагогика ғылымдарының магистрі , Қызылорда облысы,Шиелі ауданы
№244 Ы.Жақаев атындағы орта мектебінің тарих және құқық пәнінің мұғалімі Күлайхан Базарбайқызы Жанкошованың еңбек жолына үңілсеңіз, көз алдыңызға жай ғана мұғалім емес, ұлттың кодын сақтаушы шынайы зиялы тұлға келеді. 2001 жылдан бері тарих пәнінің қыр-сырын шәкірттеріне ұғындырып келе жатқан ұстаздың жалпы еңбек өтілі – ширек ғасыр, яғни 25 жыл. Бұл – білімнің инемен құдық қазғандай ауыр соқпағында маңдай тер төгіп, жүздеген шәкірттің жүрегіне отансүйгіштік дәнін еккен мағыналы ғұмыр.


Күлайхан ұстаздың басты мақсаты – құрғақ фактілер мен даталарды жаттату емес. Ол әр сабағында оқушының шығармашылық қабілетін оятып, өздігінен ізденуге, талдау жасауға баулиды. Оның заманауи үлгідегі ашық сабақтары мен сыныптан тыс жұмыстары – әріптестері үшін нағыз кәсіби шеберлік мектебі. Жаңашыл педагог заман ағымынан қалмай, цифрлық технологияны да серік етті. Оның айқын дәлелі – 2022 жылы аудандық «Үздік сандық білім беру ресурсы» байқауында І орынды иеленуі және «Ұлы дала ұстазы» журналының І-дәрежелі дипломымен марапатталуы.
Ұстаздың еңбегі – шәкіртінің жетістігімен өлшенеді. Күлайхан Базарбайқызы тәрбиелеген жас өрендер республикалық, облыстық деңгейде мектеп абыройын асқақтатып келеді. Оның шәкірттері Қазақстан тарихы пәнінен республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде (2022-2024 жылдары) тұрақты түрде жүлделі ІІ және ІІІ орындарды иеленді. Ал 2024 жылы ғылыми жобалар конкурсында 10-сынып оқушысы Әділжан Шілманов «Өлкетану» секциясы бойынша ІІІ орын алса, 6-сынып оқушылары Жасмин Бектемір мен Раяна Абатхан «Өнер және технология» бағытында І орынды жеңіп алып, ұстаз сенімін ақтады. Тәжірибелі маманның еңбегі 2025 жылы да өз жемісін берді: «Жас өлкетанушы-2025» облыстық байқауында Дарын Ермек І орын, Дарын Сламхан ІІ орын, ал Айару Қыдырәлі ІІІ орынды қанжығасына байлады. 2025-2026 оқу жылында Қорқыт Ата университетінің олимпиадасында құқық пәнінен шәкіртінің ауданда 1-орын алуы да Күлайханның жан-жақтылығын көрсетеді.
Ұстаз тек мектеп шеңберімен шектелмейді. Ол – «Өскен өңір» газетіне «Сексеуіл шөл даланың падишасы» атты танымдық мақала жазған зерттеуші, Ғ.Мүсірепов, Т.Рысқұлов, Б.Соқпақбаев сынды тұлғалардың мерейтойлық шараларын жоғары деңгейде ұйымдастырған қоғамдық белсенді. Халықаралық педагогикалық академиясының мүшесі, республикалық,халықаралық баспа материалдарян жариялаған. Осындай тоқтаусыз ізденістің нәтижесінде 2024 жылы «Үздік сынып жетекші» атанса, 2025 жылы Білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Бұл жетістіктердің артында үлкен жүрек пен сабырлы мінез тұр. Күлайхан Базарбайқызы ұжымда өте сыйлы, ибалы, қарапайым жан. Ол мектепте мықты маман болса, үйде – аяулы жар, 5 баланың ардақты анасы. Білім мен тәрбиені ұштастырып, отбасы мен қызметті тең ұстаған Күлайхан Базарбайқызы – заман талабына сай, қоғамға лайықты білікті ұстаздың нағыз эталоны. Оның алдағы асулары мен бағындырар биіктері көп боларына кәміл сенеміз.
АЙЗЕРЕ ҚҰЛЖАНОВА
ШИЕЛІ АУДАНЫ

Білім

By Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *