ШЫҒАРМАШЫЛ ҰСТАЗ-МАРИЯ ЖОЛТАЕВА

Білім аясы – кеңістік, ал сол кеңістікте әр баланың бағын жағып, жұлдызын қарсы алатын тұлға – Ұстаз. Түркістан облысы, Арыс қаласының тумасы Жолтаева Мария Шертаевна үшін ұстаздық ету – жай ғана таңертең келіп, кешке кететін мамандық емес, бұл – бүкіл саналы ғұмырдың мәні, жүрек қалауы.
Мария Шертаевнаның өмірбаяны білімге деген ерте оянған махаббаттан бастау алады. Кезінде өзіне бағыт-бағдар берген алғашқы мұғалімінің бейнесі көкейінде мәңгілік алау болып жағылып, оны педагогика әлеміне жетелеп әкелді. Сол арман бүгінде Арыс қаласындағы үлкен жемісті еңбекке ұласып отыр.
Бүгінде Мария Шертаевна логикалық тапсырмалар тақырыбын тереңдетіп зерттеп, балалардың логикалық ойлау жүйесін дамыту үстінде. Осы бағыттағы жұмыстың тағы бір жемісі – 2-сынып оқушысы Исабек Жансезім. Кішкентай Жансезім де «Бастау» олимпиадасында бақ сынап, жүлделі 2-орынды иеленді.
Ұстаз еңбегінің басты өлшемі – шәкірт. Жолтаева Марияның есімі аталғанда, оның шығармашылық қанат қақтырған шәкірттерінің жетістігі бірден ойға оралады. Мәселен, оның дарынды шәкірті Алпысбай Алмат алғаш «Бастау» олимпиадасынан бастап, кейіннен Болгария, Париж, тіпті алыстағы Үндістан секілді әлемдік деңгейдегі білім додаларында ел намысын қорғап, жүлделі орындармен оралды. Арыстағы кішкентай сыныптан басталған білім соқпағының әлемдік аренаға ұласуы – шынайы еңбектің көрінісі.

Ерен еңбек елеусіз қалмайды. Мария Шертаевнаның оқу-ағарту саласына қосқан үлесі жоғары бағаланып, Оқу-ағарту министрі Ж. Сүлейменованың өз қолынан Құрмет грамотасын алуы – ұстаз мәртебесінің биіктігін көрсетеді. Болашаққа білім мен тәрбие нәрін егетін Жолтаева Мария Шертаевна секілді ұстаздар барда, қазақ ғылымының болашағы баянды болмақ.
Жансая НҰРҚОЖА
Түркістан облысы
