Ұстаздық жол – табандылық пен шексіз сабырды, білім мен балаға деген кіршіксіз махаббатты талап ететін киелі соқпақ. Осы бір қастерлі жолда ширек ғасырға жуық уақыт тер төгіп, шәкірт санасына білім нәрін сепкен, бүгінде парасаты мен біліктілігі ұштасқан тұлға – Балнұр Шалманова Оның өмірбаяны мен еңбек жолы – өз кәсібіне деген адалдық пен ұлт болашағына деген жауапкершіліктің айқын көрінісі.

Балнұр Сержанқызы Сыр өңірінің киелі топырағында, Арал ауданының Сексеуіл кентінде дүниеге келген. Табиғатынан зерек, білімге құштар болып өскен ол 1994 жылы №22 қазақ орта мектебін тәмамдап, арман қуып ару қала Алматыға аттанды. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының табалдырығын аттаған кезден бастап, оның жүрегінде болашақ ұрпақты тәрбиелеуге деген үлкен мақсат оянды. Мектеп жасына дейінгі педагогика мен психологияның қыр-сырын меңгерген маман 1998 жылы оқуын аяқтап, еңбек жолын туған жерінде бастады.

Ұстаздық қызмет – үнемі ізденісті қажет ететін сала. Осыны терең түсінген кейіпкеріміз 2008 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне түсіп, бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша білімін жетілдірді. Оның алғашқы қадамдары «Күнту» бастауыш мектебінен басталып, «Жауқазын» балабақшасында жалғасты. Алайда, оның нағыз ұстаздық келбеті мен кәсіби шеберлігі Сексеуіл кентіндегі №177 орта мектебінде шыңдалды. Онда жиырма жылға жуық уақыт бойы бастауыш сынып шәкірттеріне әріп үйретіп, білім әлеміне жол ашты.
Балнұр Сержанқызы – бүгінде «Педагог-зерттеуші» мәртебесіне ие білікті маман. Оның кәсіби деңгейі тек сабақ берумен шектелмейді; ол – жаңашыл зерттеуші, әдістемелік жұмыстардың авторы. 2024 жылы жарық көрген «Математика сабағында оқытудың белсенді әдістері» атты оқу құралы мен бастауыш сынып оқушыларын логикалық ойлауға бейімдеуге арналған авторлық жұмыстары Қызылорда өңірі бойынша іс-тәжірибе ретінде таратылды. Бұл – ұстаздың білім беру жүйесіне қосқан қомақты үлесінің бір парасы ғана.

Ұстаз еңбегінің басты өлшемі – оның алдын көрген шәкірттерінің жетістігі. Балнұр Сержанқызы тәрбиелеген бүлдіршіндер республикалық және халықаралық деңгейдегі «Зерде», «Ақбота», «Кенгуру», «SAPSAN» сияқты зияткерлік сайыстарда топ жарып, мұғалім мерейін асқақтатып келеді. Шыназ Ясин, Испаналиева Кәусар, Теңізбаева Феруза, Жалғас Жантөре сынды шәкірттерінің биік белестерді бағындыруы – ұстаздың қажымас еңбегі мен бала жүрегіне жол таба білуінің жемісі.
2025 жыл кейіпкеріміздің өмірінде жаңа белес болды. Ол №294 орта мектебіне ауысып, бастауыш сынып мұғалімі болумен қатар, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарып келеді. Мектептегі тәрбие жұмысын жаңа деңгейге көтеру, оқушылардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру – оның бүгінгі басты міндеттерінің бірі. Оның «Үздік авторлық бағдарлама», «Үздік сынып жетекші» сынды көптеген республикалық және облыстық байқаулардағы жеңістері оның ұйымдастырушылық қабілеті мен кәсіби шеберлігінің куәсі.

Балнұр Сержанқызы тек білікті маман ғана емес, сонымен бірге аяулы ана, ардақты жар. Теміржол саласында адал еңбек етіп жүрген отағасымен бірге бес перзент тәрбиелеп, бүгінде үш қызын қияға қондырып, өнегелі әулеттің ұйытқысы болып отыр. Үйде – мейірімді ана, мектепте – талапшыл басшы әрі білікті ұстаз бола білу кез келгеннің қолынан келе бермейтін өнер.

Қорыта айтқанда, Балнұр Шалманованың тұлғалық бейнесі – бүгінгі заман мұғалімінің идеалды бейнесі. Оның бойындағы білімге деген құштарлық, балаға деген мейірім және кәсібіне деген адалдық өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген Абай хакімнің сөзін ту еткен ол әлі де талай шәкірттің қанатын қатайтып, биік шыңдарға жетелей берері сөзсіз. Оның әрбір жетістігі – қазақ білімінің мерейі, әрбір шәкірті – еліміздің жарқын болашағы.
Жансая Нұрқожа

By Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *