Шығармашылықты жаны сүйетін адамдардың жан дүниесінде көзге көрінбейтін бір жарық болады. Ол жарық күн сайын өзгенің өміріне шырақ жағып, өзі үнсіз ғана жылуына бөлейді. Кейде сондай адамдармен жүздескенде әңгіме басталмай жатып-ақ олардың өмірге деген адалдығы сезіліп тұрады. Осындай әсерді Қызылорданың қасиетті топырағында туған, Жаңақорғанның тағылымын бойына сіңіріп, бүгінде Сыр бойындағы алтын ұя мектептердің бірінде шәкірт тәрбиелеп жүрген Сыздық Гүлзира Сұлтанханқызымен сұхбаттасқан сәтте анық аңғардым.
Әңгімесін жетістіктен емес, балалықтан бастады.
– «Мен туған ауылдың әр уыс топырағында балалықтың ізі жатыр. Он перзент тәрбиелеген шаңырақтың үлкені болып өстім. Еңбекке ерте араластық. Бірақ ата-анам бізге ешқашан білімнен артық мұра жоқ екенін айтып отыратын», – дейді ол. Сүттіқұдықтың самалын жұтып өскен қыз бала сол кезде-ақ ғылымға ерекше құмар еді. №52 Б.Аралбаев атындағы мектептің табалдырығын аттаған күннен бастап химия сабағы оның жанына жақын әлемге айналған. Бұл қызығушылықтың тамырында бір адамның еңбегі жатқанын ерекше ықыласпен еске алды.
– «Химия пәнінен дәріс берген Нығмет ағайым мені тек олимпиадаға дайындаған жоқ. Ол кісі ғылымға адалдықты үйретті. Облыстық олимпиадаға қатысып, жеңіске жеткен әр сәтімнің артында ұстазымның маңдай тері тұр», – дейді. Ұстазын айтқанда жүзіндегі ризашылық ерекше байқалды. Шәкірттің жүрегіне жол тапқан ұстаз ғана кейін өзі де сондай із қалдыра алады екен.
Мектепті тәмамдаған соң Қорқыт ата атындағы педагогикалық институттың жаратылыстану факультетінде білім алып, туған мектебіне қайта оралады. Жас маман ретінде алғашқы еңбек жолын дәл сол білім ордасында бастауы – тағдырдың тамаша сәйкестігі емес, ұстаздыққа деген адалдықтың белгісі еді. Тәжірибелі әріптестердің қамқорлығы мен сенімі оны кәсіби тұрғыдан шыңдап, жауапкершілігі жоғары маман ретінде қалыптастырды.
Уақыт өз арнасымен ағып жатты. Отбасылық өмірдің жаңа белесі Шиелі ауданына жетеледі. 2000 жылдан бері №219 Ы.Алтынсарин атындағы мектепте химия пәнінен дәріс беріп келе жатқан педагог бүгінде сол ұжымның ең белсенді, ең сенімді, ең ізденімпаз ұстаздарының біріне айналған. Мектептің заманауи материалдық-техникалық базасы, әдістемелік мүмкіндіктері, тәжірибелі ұстаздар ортасы оның кәсіби көкжиегін кеңейтіп, үздіксіз ізденуге жол ашқанын ерекше ілтипатпен айтты.
Педагогика ғылымдарының магистрі үшін мұғалім болу – тек пән түсіндіру емес. Бұл – баланың ертеңіне жауап беру.
Сыныптағы әр тәжірибе сабағы шәкіртті ғылымға қызықтырудан басталады. Формуладан бұрын сенім қалыптасады. Реакция теңдеулерінен бұрын баланың өз күшіне деген сенімі оянады. Сондықтан да оның тәрбиелеген шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық пән олимпиадаларында, ғылыми жобалар байқауларында бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болып келеді. С. Әбсаттаров, Ж. Тәңірберген, Ү. Балжігітова, А. Оңғарова, А. Ғалымжанқызы, Н. Бағдатқызы, Б. Жолдасбек секілді дарынды жастар – сол еңбектің нақты нәтижесі.
Әңгіме арасында ерекше қуанышпен:
– «Қазір бұрынғы шәкірттерімнің арасында химия пәнінің мұғалімдері де, дәрігерлер де көп. Кейбірі мектепке келіп: “Ұстаз, осы жолды таңдауыма сіз себеп болдыңыз” дегенде барлық еңбектің өтеуі сол бір ауыз сөз сияқты көрінеді», – деді.
Расында, ұстаздың ең үлкен марапаты – шәкіртінің өмірден өз орнын табуы.
Әрине, мұндай қажырлы еңбек елеусіз қалған жоқ.
2026 жылы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің Құрмет грамотасымен марапатталуы – ұзақ жылдық еңбектің әділ бағасы. Бұған дейін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Құрмет грамотасы, Республикалық кәсіподақтың Құрмет грамотасы, Шиелі аудандық мәслихатының Алғыс хаты, Қызылорда облыстық сайлау комиссиясының Алғыс хаты, Қызылорда облыстық білім басқармасының Алғысы табысталды. Бұл марапаттардың әрқайсысы бір күннің емес, сан мыңдаған сабақтың, жүздеген шәкірттің, талай түнгі дайындықтың, үздіксіз ізденістің жемісі.
Мектеп ұжымындағы әріптестері де оны жауапкершілігі мол, қандай іске болса да алғашқылардың бірі болып кірісетін азаматтық болмысы биік жан ретінде бағалайды. Қандай бастама көтерілсе де, үнсіз сырттан бақылап тұрмайды. Ұжымның ортақ ісін өз міндетіндей қабылдайды. Осындай қасиеті оны көпшілік арасында құрметке бөлеп келеді.
Жаңақорғанның қасиетті топырағында алған тәлім Шиелідегі шәкірттердің болашағына айналып жатқандай әсер қалдырады. Бір өңірден алған жылуды екінші өңірдің балаларына жеткізіп жүрген жанның өмірінде кездейсоқтық жоқ. Оның әр күні – ізденіске, әр сабағы – жаңалыққа, әр шәкірті – үмітке толы.
Әңгімеміздің соңында:
– «Ұстаздың өмірі ешқашан өзіне ғана тиесілі болмайды. Оның өмірі шәкірттерінің ертеңімен бірге жалғасады», – деді Гүлзира Сұлтанханқызы.
Осы бір қарапайым ғана сөздің астарында тұтас ғұмыр жатыр.
Шын мәнінде, кей адамдардың есімі марапаттарымен есте қалса, кейбірі салған ізімен танылады. Бұл педагогтың болмысы да дәл сондай. Ол – тақтаға формула ғана емес, өмірдің мәнін жаза білген ұстаз. Ол – зертханадағы тәжірибені ғана емес, адамдықтың қасиетін де шәкірт жүрегіне дарыта алған тәлімгер. Оның өмір жолы – ақ бордың ұнтағындай үнсіз көрінгенімен, уақыт өткен сайын мәрмәр тасқа қашалған жазудай айқындала түсетін тағылым.
Өйткені нағыз ұстаздың еңсесін марапат көтермейді, оны биікке шығаратын – шәкіртінің жүрегінде мәңгі сөнбейтін алғыс шырағы. Ал сондай шырақтар Сыр бойының әр түкпірінде самаладай жанып тұрған кезде, бұл ғұмырдың мәні де, мұраты да орындалғаны.
Жансая НҰРҚОЖА,
Қызылорда облысы
