Шығармашылықты жаны сүйетін жанның жанарынан өзгеше бір жарық байқалады. Ол жарық – кітаптың иісімен тыныстаған балалықтың, арманына адалдықпен жеткен жастықтың, шәкірт жүрегіне үміт дәнін себуді өмірлік мұрат еткен ұстаздықтың сәулесі. Осындай адамдармен тілдескенде уақыттың өзі баяулап, әрбір сөздің астарынан өмірдің мәні сезілетіндей болады. Бұл жолғы сапарымыз Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы қасиетті қара шаңырақтардың бірі – №240 Ғани Мұратбаев атындағы орта мектепке түсті. Есіктен кіргеннен-ақ ұжымдағы жарасымды ахуал, әріптестер арасындағы сыйластық пен шәкірттердің ұстазға деген ықыласы бірден көзге шалынады. Сол ортаның бел ортасында жүріп, білімнің шамын жағып келе жатқан жанмен әңгімелесу бізге де ерекше әсер сыйлады.

Әшірбаева Асылай Нұрғалиқызы әңгімесін туған топырақтан бастады. Жаңақорғанның қоңыр самалы мен дархан даласы, үлкендердің өнегелі тәрбиесі, ата-анасының мейірімі өмірлік ұстанымының негізіне айналғанын тебірене айтты. Әкесі Нұрғали Мамбетұлы мен анасы Айткүлдің адал еңбекке баулыған тәрбиесі болашаққа деген сенімін ерте қалыптастырған. 1998 жылы №51 М.Қаратаев атындағы орта мектептің табалдырығын аттаған кішкентай қыздың жүрегінде сол кездің өзінде білімге деген ерекше құштарлық оянған екен. Мектеп қабырғасындағы әр ұстаз оның болашақ мамандығын таңдауға ықпал етіп, бала арманын қанаттандырды.

– «Ұстаз болу – жай ғана мамандық емес. Бұл – бір жүректен екінші жүрекке жарық жеткізу. Әр сабақтан кейін баланың жанарынан сенімнің ұшқынын көрсем, еңбегімнің ақталғаны деп білемін», – деген бір ауыз сөзі оның бүкіл болмысын ашып тұрғандай.2009 жылы Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне оқуға түсіп, ағылшын тілі мамандығын таңдауы да кездейсоқ шешім емес еді. Әлемге ашылар терезенің кілті – тіл екенін терең түсінген жас талаптың арманы сол жылдары қанат жайды. Университет қабырғасында алған білімін өмірлік тәжірибемен ұштастыруды мақсат еткен талапкердің бүгінгі жетістіктеріне қарасаң, сол арманның ақталғанына көз жеткізесің. 2014 жылдан бері №240 Ғани Мұратбаев атындағы орта мектепте ағылшын тілі пәнінен сабақ беріп келеді. Осы уақыт ішінде қаншама шәкірттің бойындағы қабілетті байқап, олардың білімге деген құлшынысын арттыру жолында тынымсыз еңбек етіп келеді. Сабақ үстінде ағылшын тілін ғана үйретіп қоймай, әлемге ашық ойлайтын, өз пікірін еркін жеткізе алатын тұлға қалыптастыруды басты мақсат санайды. Сондықтан әр сабағы ізденіске, шығармашылыққа, жаңашылдыққа толы.Мұндай еңбектің жемісі де аз емес. 2025 жылы республикалық «Wonderfest» байқауында ІІІ орын иеленуі – үздіксіз ізденістің нәтижесі. Сол жылы аудандық білім бөлімінің Алғыс хатымен марапатталуы – ұжым алдындағы адал еңбегіне берілген шынайы баға. Ал наурыз айында «Present Simple» тақырыбы бойынша ғылыми жобасын сәтті қорғап, ІІ дәрежелі диплом алуы оның педагогикалық тәжірибені ғылыммен ұштастыра білетін ізденімпаз маман екенін дәлелдей түсті. Ұстаздың ең үлкен марапаты – шәкіртінің жетістігі екені белгілі. Бұл қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырған жанның еңбегі оқушыларының жеңістерінен айқын көрінеді. 2024 жылы ағылшын тілі пәні бойынша аудандық олимпиадада шәкірті Серікбай Жансезім ІІІ орын иеленіп, ұстазының сенімін ақтады. Бұл – бір ғана диплом емес, күн сайынғы еңбектің, сансыз дайындықтың, төгілген тердің өтеуі.

Әңгіме барысында байқағанымыз – бұл педагог жетістік туралы көп айтқанды ұнатпайды. Әр марапатты жаңа жауапкершіліктің бастауы деп қабылдайды. «Бүгінгі нәтиже – ертеңгі ізденіске бастайтын баспалдақ» деген ойын қарапайым ғана жеткізгенімен, сол сөздің астарында үлкен азаматтық ұстаным жатыр. Ұжымда әріптестеріне қолдау көрсетіп, мектеп өміріндегі бастамалардың бел ортасында жүруі де осы мінезінің айғағы. Қандай іс болмасын алғашқылардың бірі болып үн қосып, жауапкершілікті мойнына алатын қасиеті оны әріптестері арасында ерекше құрметке бөлеп келеді.Сабақ барысында оқушының қатесін жазғырып емес, жігерлендіріп түзететін сабырлылығы, әр баланың мінезіне қарай жол таба білетін көрегендігі, білімді өмірмен байланыстыра түсіндіретін шеберлігі – кәсіби болмысының ең жарқын қырлары. Осындай қасиеттерді көргенде, ұстаздықтың кітаптан үйренілмейтін тұстары бар екеніне тағы бір мәрте көз жеткізесің. Әңгімеміз аяқталар сәтте мектеп дәлізінен сыңғырлаған бала күлкісі естілді. Сол күлкіге елең етіп, сабағына асыққан жанның жүзінен ерекше шуақ байқалды. Сол мезетте: «Міне, нағыз ұстаздың бақыты осы шығар» деген ой еріксіз көңілге ұялады.

Асылай Нұрғалиқызы – білімді кәсіп емес, жүрек аманаты деп түсінетін сирек жандардың бірі. Ол жүрген жерде үміттің үні естіледі, ізденістің ізі қалады, шәкірттің арманы қанаттанады. Кейбір адамдар көктемнің алғашқы жаңбырындай айналасына уақытша ғана әсер етеді. Ал мұндай тұлғалар тау бұлағындай – үнсіз ағып жатса да, талай жанның шөлін қандырып, талай жүрекке нәр береді. Уақыт өте дипломдардың бояуы оңар, марапаттардың қағазы сарғаяр. Бірақ шәкірт жүрегіне егілген білімнің дәні ешқашан солмайды. Сол дән бір күні алып бәйтерекке айналып, ұлттың ертеңіне сая болары анық. Ұстаздың шын жеңісі де – дәл сол мәңгілік жеміс.

Арайлым Мақсатқызы,

Жаңақорған ауданы

By Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *