Кей адамдардың өмірін қызмет өлшейді. Кейбірін уақыт бағалайды. Ал енді бір жандар бар – олардың ғұмыры өзгелердің жүрегіне жаққан шырағымен өлшенеді. Сондай жандардың бірі – шығармашылықты жаны сүйетін, сөздің қадірін жүрегімен сезінетін, шәкірт тағдырына өз тағдырындай қарайтын жан. Жаңақорғанның қасиетті топырағында, талай білімді буын тәрбиелеген алтын ұя №240 Ғани Мұратбаев атындағы орта мектептің рухани тынысына айналған бұл ұстаздың еңбек жолы – бір адамның өмірбаянынан әлдеқайда кең ұғым. Ол – ізденістің, табандылықтың, адалдықтың және ұстаздыққа деген шексіз махаббаттың шежіресі. Мектеп дәлізімен қатар келе жатқанда оның кабинетінен оқушылардың жай ғана сабақ оқып отырған үнін емес, әдебиетке ынтық көңілдің лүпілін, қазақ сөзінің қасиетін сезінген жүректердің тынысын аңғарғандай боласың. Әңгіме үстінде де артық пафосқа ұрынбайды. «Шәкірттің жетістігі – менің ең үлкен марапатым» деген бір ауыз сөзі оның бүкіл болмысын айқындап тұрғандай әсер қалдырады.

Махамбетова Жанат Алайдаровна 1968 жылдың 27 қарашасында Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының Талап ауылында дүниеге келген. Мектеп қабырғасын үздік аяқтап, Қорқыт ата атындағы университеттің филология факультетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын игерді. 1992 жылдан бері бір ғана білім ордасында – Қандөз ауылындағы №240 Ғани Мұратбаев атындағы орта мектепте үздіксіз еңбек етіп келеді. Бір қарағанда бұл жай ғана еңбек жолы секілді көрінуі мүмкін. Алайда отыз төрт жылдан астам уақыт бойы бір мектептің шамын бірге жағып, бірнеше буынға білім мен тәрбие берген жанның ғұмыры – тұтас бір дәуір.

Педагог-зерттеуші дәрежесіне жеткен тәжірибелі маман үшін әр сабақ – дайын жоспар емес, жүректен туған шығармашылық ізденіс. Қазақ әдебиетіндегі әрбір кейіпкерді шәкірттеріне өмірмен байланыстырып түсіндіреді. Тілді тек пән ретінде емес, ұлттың жаны ретінде танытуды мақсат етеді. Сондықтан оның сабағынан шыққан оқушы кітапқа ғана емес, өмірге де басқаша қарай бастайды.

– «Баланың қабілетін байқасаң, оған сенім сыйлау керек. Сенім – талантты өсіретін ең құнарлы топырақ», – дейді ұстазбен әңгімелескен сәтте.

Бұл сөздердің құр ұран емес екеніне тәрбиелеген шәкірттері дәлел.

Жылдар бойы Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындаған түлектері жоғары нәтижелер көрсетіп, мемлекеттік білім гранттарын жеңіп алып келеді. Бүгінде олардың бірқатары Астана мен Алматы қалаларындағы беделді жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Солардың бірі – Н. Әнәпияева. Ол халықаралық «Болашақ» бағдарламасының грантын жеңіп алып, АҚШ-тың Бостон қаласында білімін жалғастырып жатыр. Бұл – бір ғана шәкірттің жеңісі емес, ауыл мектебінен әлемдік білім кеңістігіне жол ашқан ұстаз еңбегінің жарқын көрінісі. Дарынды шәкірті Гүлжан Баянбай ҰБТ-дан 126 балл жинап, грант иегері атанып, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филология факультетіне қабылданды. Ф. Кәрібай облыстық «Әуезов» олимпиадасында ІІІ орын алып, бүгінде Алматы қаласындағы жоғары оқу орнында білім алуда. Астанада өткен республикалық «Дана Абай ізімен» көркем сөз және эссе байқауында А. Қуанышбай мен Ж. Молдабек жүлделі І орынды жеңіп алып, республикалық Дарындылар форумына қатысып, арнайы дипломдармен марапатталды. Ал К. Балтабай аудандық, облыстық пәндік олимпиадаларда бірнеше мәрте жеңімпаз атанып, республика кезеңіне жолдама иеленді. Осындай нәтижелер кездейсоқтықтың емес, жүйелі еңбектің жемісі екенін аңғару қиын емес. Соңғы жылдардың өзінде шәкірттері пәндік олимпиадалар мен шығармашылық байқауларда толайым табыстарға жетті. 2024 жылғы аудандық пәндік олимпиадада К. Балтабай ІІ орын, Ж. Молдабек ІІІ орын иеленсе, келесі оқу жылында Ж. Молдабек ІІ орынға көтерілді. К. Балтабай ауданнан І орын алып, облыстық кезеңде ІІ орынға ие болып, республикаға жолдама алды. «Тәуелсіздік – тұғырым» республикалық эссе байқауында К. Балтабайдың жеңісі, облыстық шығармалар байқауында Гүлжан Баянбайдың І орны, облыстық «Әуезов» олимпиадасындағы жүлделі нәтиже, республикалық «Шәкәрім оқулары», «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасы, «Ілияс Жансүгіров оқулары», «Абай», «Бастау», «Ақбота–2025», «Ақберен», «Мақатаев оқулары» секілді білім бәйгелеріндегі шәкірттерінің І, ІІ және ІІІ орындары – бәрі де ұстаздың үздіксіз ізденісінің айқын айғағы. Осындай табыстары үшін республикалық деңгейде І дәрежелі дипломмен, Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Аудандық білім бөлімінің Алғыс хатына ие болды. Ал туған мектебі оның еңбегін ерекше бағалап, 2024 және 2025 жылдары «Жылдың үздік мұғалімі» атағын табыстады. Бұл марапаттар қағаз жүзіндегі құрмет қана емес, ұжымның сенімі мен шәкірттердің алғысының көрінісі.

Әңгіме барысында оның тағы бір қыры ашылды. Отбасында екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген аяулы ана үшін бала тәрбиесі мектеп табалдырығымен аяқталмайды. «Ұстаздық – қызмет емес, өмір салты» деген сөз дәл осындай адамдарға арналғандай. Сондықтан шәкірт те, әріптес те бұл жаннан мейірім мен талаптың, жауапкершілік пен қарапайымдылықтың жарасымын қатар көреді.

Жаңақорған өңірінің білім кеңістігінде мұндай тұлғалар үнсіз де үздіксіз де еңбек етіп келеді. Олар даңқ іздемейді, бірақ даңқты шәкірт тәрбиелейді. Олар марапат сұрамайды, бірақ марапат өздері іздеп келеді. Олар биік мінберге ұмтылмайды, алайда тәрбиелеген ұл-қыздары сол мінберлерге көтеріліп, ұстазының атын мақтанышпен атайды.

Жанат Алайдарқызы жайлы сөз қозғалғанда, ең алдымен ойға оның кәсіби шеберлігі емес, адамдық болмысы келеді. Өйткені білімді үйрететін мұғалім көп болуы мүмкін, ал жүрекке жол табатын ұстаз сирек.

Қазақ даласында кейбір адамдар өз ізін тасқа қашамайды. Олар ізін адамның жүрегіне қалдырады. Ертең шәкірттері қай қиырға қанат қақса да, туған мектебіне сағынышпен оралғанда, алғашқы болып есіне түсетіні – әдебиетті өмірдің өзіндей сүйдірген, әр баланың бойынан таланттың ұшқынын көре білген, жүрегіне сенім ұялата алған осы аяулы ұстаз болары анық. Нағыз мұғалімнің өмірі дәл осындай: өзі шам болып жанған сайын, өзгелердің жолын жарық ете түсетін мәңгілік сәуле секілді.

Арайлым Мақсатқызы,

Жаңақорған ауданы

By Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *