Журналистік сұхбат-очерк

Жаңақорғанның сайын даласы – тек дархан табиғатымен ғана емес, жүрегіне білімнің шырағын жаққан, ұлттың рухани іргесін бекітіп жүрген ұстаздарымен де қастерлі. Сол қасиетті өңірдегі Ыбырайдың ізін жалғаған алтын ұялардың бірі – Ғани Мұратбаев атындағы №240 орта мектеп. Бұл білім ордасының табалдырығын аттаған сәтте-ақ мектеп тынысынан ізденіс пен іскерліктің лебі сезіледі. Ұжымның әр мүшесі өз ісіне жауапкершілікпен қарайды. Ал сол ортада өзгелерден бұрын үн қатып, мектеп жетістігін елге жеткізуге ықылас танытқан жанмен тілдескенде, ең алдымен көзге түсетіні – қарапайымдылық пен еңбекке деген адалдық.

– Ұстаздық сіз үшін мамандық па, әлде өмірлік миссия ма? – деп әңгімеміздің әлқиссасын бастадық.

Кейіпкеріміз Гүлжайна сәл жымиып:

– Ұстаздық – мен үшін қызмет емес, тағдырдың сеніммен тапсырған аманаты. Баланың жан дүниесіне жол табу, оның бойындағы қабілетті байқап, соны шыңдау – күн сайын жаңарып отыратын жауапкершілік. Әр шәкірттің жетістігі – менің де өмірімнің бір бөлшегі, – дейді.

Осы бір қарапайым жауаптың өзінен-ақ адамның ішкі болмысы аңғарылады. Өзін емес, шәкіртін алға шығаратын, марапаттан бұрын баланың қуанышын жоғары қоятын мінез бірден байқалады.

Мусабекова Гулжайна Оразалықызы – 1989 жылдың 12 сәуірінде Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Жоғары білімді маман. 2022 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын тәмамдап, магистр дәрежесін иеленді. Қазіргі таңда педагог-сарапшы санатындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде еңбек етеді. Еңбек жолы 2015 жылдан басталады. Содан бері туған ауданындағы Ғани Мұратбаев атындағы №240 орта мектепте үздіксіз қызмет етіп келеді. Он жылдан астам уақыт ішінде сан шәкірттің сауатын ашып қана қоймай, олардың ұлттық рухын тәрбиелеуге, әдебиетке сүйіспеншілігін оятуға күш жұмсап келеді.

– Осыншама жауапкершіліктің арасында алға жетелейтін күш не?

– Әр күн сайын мектепке келгенде жаңа үмітпен келемін. Баланың көзіндегі қызығушылықты көру – ең үлкен марапат. Ұстаздың еңбегі бүгін емес, ертең жемісін береді. Сондықтан шыдам мен ізденіс ешқашан тоқтамауы керек, – дейді ол.

Бұл сөздер жай ғана жауап емес, өмірлік ұстаным секілді естіледі.

Өмірдің тағы бір үлкен мектебі – отбасы. Алты перзенттің анасы бола жүріп, ұстаздық міндетін қатар алып жүру кез келген адамның қолынан келе бермейді. Бір қолымен бесікті, бір қолымен білімнің шамын тербеткен жанның табандылығы мен төзімі көпке үлгі.Соңғы үш оқу жылындағы жетістіктеріне көз жүгірткенде, бұл еңбектің кездейсоқ емес екеніне анық көз жеткізесің. 2022–2025 жылдар аралығында республикалық, облыстық және аудандық деңгейдегі көптеген марапаттарға ие болды.2022 жылы Қызылорда облысы білім басқармасының облыстық оқу орталығының сертификатына ие болса, аудан көлемінде белсенділігі үшін Алғыс хатпен марапатталды. 2023 жылы Оқу-ағарту орталығының дипломын иеленіп, Жаңақорған аудандық «Махамбет оқулары» байқауында жоғары нәтиже көрсетті. Сол жылы Қызылорда облыстық білім басқармасы ұйымдастырған «Ұлттың рухани ұстазы – Ахмет Байтұрсынов» байқауына қатысып, кәсіби ізденісін дәлелдеді. Сонымен қатар республикалық «Ақберен» өнер байқауында эссе жазу номинациясы бойынша шәкірті Қабиева Аянаттың ІІ орын алуына жетекшілік етті. 2024 жыл ұстаз үшін табысты кезеңдердің біріне айналды. Республикалық дарынды жастарды қолдау ұйымының Құрмет грамотасына ие болды. Оқу-ағарту орталығының кезекті дипломымен марапатталды. «Мың бала. Мағжан оқулары» жобасы аясында Алғыс хат алды. «Абай оқулары» республикалық конкурсына жеңімпаз дайындағаны үшін арнайы Алғыс хатпен марапатталды. Жаңақорған ауданы әкімдігі мен білім бөлімі тарапынан да еңбегі жоғары бағаланып, Алғыс хаттар табысталды. Сол жылы Астана қаласында өткен Абай пәндік олимпиадасының аудандық кезеңіне дарынды оқушы дайындағаны үшін дипломмен марапатталды. «Жауқазын жүрек» республикалық жобасының Алғыс хатын иеленіп, кәсіби еңбегі тағы бір мәрте лайықты бағасын алды. Сонымен бірге Құрмет грамотасына ие болды. 2025 жылы аудандық «Махамбет оқулары» байқауында шәкірті Орынбасар Рамазан І орын иеленді. «Дана Абай ізімен» республикалық байқауында І орын жеңімпазын тәрбиеледі. «Дарынды бала және қоғам» республикалық ұйымының марапатына ие болып, педагогикалық еңбегінің тағы бір биігін бағындырды.

– Шәкірттің жеңісі сіз үшін нені білдіреді?

– Ұстаздың ең үлкен марапаты – шәкіртінің жетістігі. Мен алған дипломдар уақыт өте сарғаяды, бірақ білім алған баланың өмірден өз жолын табуы – ешқашан ескірмейтін жеңіс, – дейді.

Осы бір ауыз сөздің өзі көп нәрсені аңғартады. Өйткені шынайы педагог өз жетістігін емес, шәкіртінің болашағын алдыңғы орынға қояды.

Әріптестері де оны жауапкершілігі жоғары, сөзінде тұратын, бастаған ісін соңына дейін жеткізетін, ұжымның сеніміне ие азамат ретінде бағалайды. Қандай қоғамдық жұмыс болса да алғашқылардың бірі болып үн қосуы, мектептің абыройын көтеретін бастамаларға белсенді араласуы – еңбекке деген адал көзқарасының дәлелі. Журналист ретінде әңгіме барысында байқағанымыз – мұнда артық пафос жоқ. Жетістіктерін тізіп мақтанудан аулақ. Барлық сөзінен ұстаздыққа деген шынайы құрмет пен қарапайымдық сезіледі. Нағыз азаматтың қадірі де осындай болмысымен өлшенсе керек.

Гүлжайна ұстаз – марапат жинауды емес, мағыналы ғұмыр кешуді мұрат еткен ұстаздардың қатарынан. Оның жүріп өткен жолына қарасаң, әр дипломның артында ұйқысыз түндер, әр Алғыс хаттың артында бала тағдырына деген алаң көңіл, әр жеңістің артында үздіксіз ізденіс жатқанын аңғарасың. Ұстаз деген – жаңбырдан кейінгі кемпірқосақ секілді үміт сыйлайтын мамандық. Оның еңбегі көзге бірден көрінбегенімен, уақыт өте бүтін бір ұрпақтың болмысынан байқалады. Кей адамдар биікке өзі көтеріледі, ал кейбірі өзгені жетелеп жүріп биіктейді. Осындай жандардың ғұмыры – өзеннің мөлдір ағысындай тоқтаусыз, бәйтеректің тамырындай терең, шырақтың сәулесіндей айналасына жылу шашып тұрады. Осындай жанның жүрегінде туған жерге деген құрмет, ұлт тіліне деген адалдық, шәкіртіне деген мейірім қатар мекендейді. Сол себепті оның есімі алған марапаттарымен ғана емес, тәрбиелеген шәкірттерімен, қалдырған ізімен өлшенеді. Білімнің шамын сөндірмей, жүректерге сәуле себуді өмірлік мұрат еткен мұндай ұстаздар барда қасиетті Жаңақорғанның рухани керуені ешқашан тоқтамайды.

Арайлым Мақсатқызы,

Жаңақорған ауданы

By Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *