Мектептің таңғы тынысы ерекше. Дәлізде естілген оқушы күлкісі, қоңыраудың сыңғыры, тақтаға бор тигендегі сыбдыр – бәрі бір арнаға тоғысқанда, қасиетті білім ордасының жүрегі соғып тұрғандай сезіледі. Осындай алтын ұяның табалдырығын аттай бергенде ең алдымен көзге түсетіні – әр ісіне мұқият, әр сөзіне жауапты, әр шәкіртіне үмітпен қарайтын ұстаздардың бейнесі. Олар мектептің қабырғасын ғана емес, елдің ертеңін де биіктетіп жүрген жандар.

Жаңақорған өңіріндегі талай білімді түлекке қанат бітірген, тарихы терең №240 Ғани Мұратбаев атындағы мектеп – сондай киелі білім шаңырақтарының бірі. Бұл білім ордасының жетістіктері туралы сөз қозғалғанда ұжымда өзгелерден бұрын іске кірісіп, жауапкершілікті үнсіз көтеретін, ұйымдастырушылық қабілетімен дараланатын, еңбегін сөзбен емес, нәтижемен дәлелдеп жүрген ұстаздардың есімі аталады. Солардың қатарында физика мен математиканың күрделі әлемін оқушы жүрегіне қарапайым тілмен жеткізе білген Балтабаева Жансая Сұлтанқызы да бар.

Біз кездескен сәтте әңгіме марапаттан емес, шәкірттен басталды.

– «Ұстаз үшін ең үлкен баға – оқушысының жетістігі. Қалғанының бәрі соның көлеңкесінде қалады», – деді ол күлімсіреп.

Осы бір қарапайым сөйлемнің өзінен-ақ мамандығын қызмет емес, өмірлік мұрат деп қабылдаған жанның ішкі болмысын аңғару қиын емес еді.

Қандөздің топырағында дүниеге келген талапты қыз бала күнінен-ақ білімге құштар болып өсті. Туған ауылындағы мектептен түлеп ұшқан соң, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде физика-математика пәні мұғалімі мамандығын игерді. Арада бірнеше жыл өткенде туған мектебіне қайта оралып, кезінде өзі отырған парталардың алдында енді мұғалім ретінде сабақ бере бастады. Бұл – көп адамға бұйыра бермейтін тағдырдың ерекше сыйы. Өзінің алғашқы ұстаздары еңбек еткен мектепте қызмет атқару – жауапкершілікті екі есе арттырады. Сондықтан да әр сабағына тың ізденіспен келуді, әр оқушының қабілетін жеке танып, бағыт беруді басты қағидасына айналдырған. Жеті жылдық еңбек жолында педагог-модератор дәрежесіне көтеріліп, қазіргі таңда жоғары сыныптарға білім берумен қатар 11-сыныпқа жетекшілік етеді. Бұл сыныптың жетістігі кездейсоқ нәтиже емес. Биылғы қаңтардағы тестілеуде оқушыларының 136, 129, 124, 103 және 95 балл жинауы – күн сайынғы табанды дайындықтың жемісі. Сыныбынан төрт «Алтын белгі» үміткері мен бір үздік аттестат иегерінің шығуы да ұстаз бен шәкірт арасындағы сенімнің айқын көрінісі.

Әңгіме барысында тағы бір ерекшелік байқалды. Ол өз жетістігін емес, шәкірттерінің есімін көбірек атады.

– «Баланың жеңісі – ұстаздың ең үлкен марапаты», – дейді.

Бұл сөз оның өмірлік ұстанымына айналғандай.

Шынында да, шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық олимпиадаларда жүлделі орындарды тұрақты иеленіп келеді. Елемес Шұғыла мен Шайхслам Нұрислам жалпы пәндік олимпиадалардың аудандық және облыстық кезеңдерінде жүлдегер атанса, Балназ Жұмахан «Мың бала» олимпиадасында жоғары нәтиже көрсетіп, Алматы қаласындағы республикалық физика-математика мектебіне жолдама иеленді. Балтабай Шапағат Назарбаев Зияткерлік мектебінің грантын жеңіп алды. Тағы бірнеше шәкірті Елбасы қоры тарапынан марапатталып, бүгінде елорда мен Алматыдағы беделді жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Осындай нәтижелердің артында күнделікті тынымсыз еңбек, сан мәрте өткізілген қосымша сабақтар, әр баланың қабілетіне сай жасалған жоспар, үздіксіз ізденіс жатыр. Мектеп ұжымы да осы еңбекті бағалай білді. 2022 жылы ұйымдастырылған «Жас маман» байқауында Бас жүлдені жеңіп алып, «Үздік жас маман» атанды. Осы жетістігі үшін мектептің Құрмет грамотасымен қатар Жаңақорған аудандық кәсіподақ комитетінің Құрмет грамотасына ие болды. Кәсіби шеберлігі республикалық деңгейде де бірнеше мәрте бағаланды. «ПедСтарт» республикалық олимпиадасында ІІ дәрежелі диплом жеңіп алып, физика пәнінен республикалық олимпиадаларға қатысып сертификаттарға ие болды. «Әл-Фараби» республикалық зияткерлік олимпиадасында сапалы білім мен саналы тәрбиеге қосқан үлесі үшін Алғыс хатпен марапатталды. «USTAZ tilegi» республикалық білім платформасында авторлық материалдары жарияланып, белсенділігі үшін сертификаттар мен Алғыс хаттарға ие болды. «NOBEL EDUCATION» халықаралық педагогикалық орталығы республикадағы үздік ұстаздардың еңбектер жинағына материалын енгізуі де – кәсіби ізденістің заңды бағасы. 2024 жыл бұл ұстаз үшін ерекше белес болды. Аудандық «Кәсіби бағдар беру – мектептегі тәрбие үдерісінің бір бағыты» семинарында сынып жетекшісі ретінде өткізген «Мамандығым – болашағым» атты тәрбие сағаты жоғары бағаланып, білім бөлімі басшысының Алғыс хатына ие болды. Сол жылдан бастап политехникалық пәндер бірлестігінің жетекшісі қызметін абыроймен атқарып келеді.

Қандай іс болмасын, оған жанын салып кірісетін қасиеті ұжым арасында да ерекше құрметке бөлеген. «Саналы маусым» жайдарман ойынында жетекшілік етіп, белсенділігі үшін марапатталуы, мектептің «Жылдың үздік сынып жетекшісі» атануы – ұйымдастырушылық қабілетінің де жоғары екенін көрсетеді. Бір қызығы, жетістіктерінің ұзын-сонар тізіміне қарамастан, сөйлегенде мақтану байқалмайды. Керісінше, әр марапатты ұжымның еңбегімен байланыстырып, әр шәкіртінің жетістігін өзінен биік қояды. Нағыз ұстазға тән қарапайымдылықтың өлшемі де осы болса керек. Оқушыларының жетістіктеріне көз жүгірткен сайын бір заңдылық анық аңғарылады. «Жас талап», «Ақбота», «Әл-Фараби», «Мың бала», «Абай», «Алтын сақа», «Алтын түлек», «Юниор» олимпиадалары мен «Зерде» ғылыми жобалар байқауында ондаған шәкірті І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарға ие болған. Бұл – кездейсоқ табыс емес, жүйелі еңбектің нақты нәтижесі.

Ұстаздың шынайы байлығы – жинаған марапаты емес, қанаттандырған шәкірті. Бірі дәрігер, бірі инженер, бірі мұғалім болуға қадам басып жатқан түлектерінің әрқайсысы – оның жүрегінен тараған жарықтың жалғасы. Білімнің шырағын жаққан жанның еңбегі де дәл сол жарық секілді: өзі үнсіз жанады, бірақ айналасын нұрға бөлейді. Міне, Жансаядай аяулы ұстаздардың арқасында ауыл мектебінің де абыройы асқақтап, қазақ мектебінің керегесі кеңейе береді. Өйткені шын ұстаз – тақта алдында ғана емес, мыңдаған тағдырдың алдында жауапты жан. Оның еңбегі уақытпен өлшенбейді, шәкірттерінің биігімен бағаланады. Ал сол биіктерге талмай қанат бітіріп жүрген жанның өмір жолы – бүгінгі жас мұғалімдерге өнеге, ертеңгі ұрпаққа сенім сыйлайтын тағылымды мектеп.

Арайлым Мақсатқызы ,

Жаңақорған ауданы

By Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *