Авторы: Айзере ҚҰЛЖАНОВА
Тамыздың тынысы бөлек. Мектеп дәліздері әзірге тыныш болғанымен, сол тыныштықтың астарында үлкен дайындықтың лебі сезіледі. Әлі алғашқы қоңырау соғылған жоқ. Әлі балалардың сыңғырлаған күлкісі сыныптарды тербеген жоқ. Бірақ ұстаз жүрегі оқу жылын әлдеқашан бастап кеткендей. Өйткені нағыз педагог үшін мектеп есігі қыркүйекте емес, үміт пен жауапкершілік тоғысқан тамыз күндерінде-ақ айқара ашылады.
Жаңақорған өңіріндегі қасиетті қарашаңырақтардың бірі – Ғани Мұратбаев атындағы орта мектеп. Саналы ұрпақ тәрбиелеп келе жатқан бұл алтын ұяда өз ісіне адал, білімнің биігінен көрініп жүрген ұстаздар аз емес. Солардың бірі – Жансая ұстаз.
Онымен әңгімелескенде ең алдымен көзге түсетіні – қарапайымдылығы. Даусында байып бар, сөзінде салмақ бар. Өз жетістігін емес, шәкіртінің жеңісін айтқанда жүзі ерекше нұрланып кетеді.
– Ұстаздықты таңдағаныңызға ешқашан өкінген кезіңіз болды ма? – деген сауалымызға ол жымиып:
– Бұл – менің жүрек қалауым. Қазақ тілі мен әдебиеті – ұлттың жаны. Сол жанды балаларға сезіндіре алсам, мен үшін одан асқан бақыт жоқ, – деді.
Осы бір қарапайым жауаптың өзінен-ақ оның мамандыққа деген шексіз құрметі сезілді.
Қандөз ауылында дүниеге келген талапты қыз білімге деген құштарлығын мектеп қабырғасында-ақ дәлелдей білді. Мектепті тәмамдаған соң М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне мемлекеттік грантпен оқуға түсіп, оқуын үздік аяқтап, қызыл диплом иеленді. Бұл – таланттың ғана емес, тынымсыз еңбектің жеңісі еді.
Еңбек жолы Шымкент қаласында басталды. Үш жыл бойы тәжірибе жинақтап, жас маман ретінде қалыптасты. Алайда туған жердің топырағы, ауыл мектебінің ыстық ықыласы оны қайтадан Қандөзге жетеледі. Кейін өзі түлеп ұшқан білім ордасына қызметке қабылданып, бүгінде сол қарашаңырақтың беделді ұстаздарының біріне айналды.
Жансая Ауелбекова үшін әр сабақ – жай ғана оқу бағдарламасын орындау емес. Ол үшін әрбір тақырып – баланың ойын оятатын, жүрегіне жол табатын рухани сапар. Әдебиеттен адамдықты, тілден ұлттың рухын танытуды өзінің ұстаздық ұстанымына айналдырған.
– Сіздің басты мақсатыңыз қандай?
– Әр баланың өзіне сенуіне ықпал ету. Білім – баға үшін емес, өмір үшін қажет екенін ұғындыру. Егер шәкірттің арманына қанат бітіре алсам, ұстаздық жолымның ақталғаны, – дейді ол.
Бұл сөздердің өмірдегі дәлелі де аз емес.
Осы уақытқа дейін аудандық және облыстық деңгейдегі түрлі білім бәйгелеріне шәкірттерін қатыстырып, олардың талай мәрте жүлделі орын иеленуіне жетекшілік етті. Әрбір диплом – ұстаздың маңдай тері, әрбір марапат – ұзақ дайындықтың нәтижесі. Оның оқушылары тек білім жарыстарында ғана емес, шығармашылық байқауларда да мектеп намысын абыроймен қорғап келеді.
Шығармашылық ізденісті өмір салтына айналдырған педагог балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға, ойлау мәдениетін қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруге ерекше көңіл бөледі. Сабақ үстінде шәкірттерге тек ереже үйретпейді, сөздің қадірін, ойдың салмағын, әдебиеттің тәрбиелік күшін сезіндіреді.
Әріптестері оны жауапкершілігі жоғары, бастаған ісіне тыңғылықты, ұжым жұмысына әрдайым белсенді араласатын азамат ретінде бағалайды. Мектепте ұйымдастырылатын жұмыстардың қай-қайсысында да алдыңғы қатардан табылатын еңбекқорлығы мен ұйымдастырушылық қабілеті көпшілікке үлгі.
Бүгінде жаңа оқу жылының қарсаңында ұстаздың жоспары да айқын. Жаңа белестер, жаңа жобалар, жаңа жеңістер… Оның арманы – шәкірттерінің биіктен көрінуі. Сол жолда ізденуден де, еңбектенуден де ешқашан жалыққан емес.

Әңгімеміздің соңында:
– Әр оқу жылы – жаңа мүмкіндік. Әр бала – ашылмаған әлем. Ұстаз сол әлемнің есігін аша алса ғана еңбегі ақталады, – деді Пазылбекқызы.
Бұл сөздер оның болмысын дәл сипаттайтын өмірлік ұстаным секілді естілді. Шын мәнінде, мектептің мерейі сәнді ғимаратымен емес, ондағы ұстаздардың жүрек жылуымен өлшенеді. Ертең алғашқы қоңырау соғылғанда, балаларды жылы жүзбен қарсы алатын жандардың қатарында осы ізденімпаз педагог та болады. Өйткені оның қолындағы бор – жай ғана құрал емес, болашаққа бастар ақ жолдың ақ таяғы.
Білімнің бағы да, ұлттың рухани тұғыры да осындай жүрегі мейірімге, ойы ізденіске, еңбегі адалдыққа суарылған ұстаздардың иығында тұр. Бір қарағанда қарапайым ғана ауыл мұғалімі секілді көрінгенімен, шын мәнінде ол – талай баланың тағдырына сәуле түсіріп жүрген шамшырақ. Ал шамшырақтың қасиеті – өзі жанып тұрып, өзгенің жолын жарық етуінде.
