Кейбір адамдардың жүріп өткен жолына қарап, олардың өміріндегі ең үлкен байлықтың атақ та, марапат та емес, адал еңбек екенін аңғарасың. Ал кейбір білім ордаларына бас сұқсаң, ұжымның еңсесін тіктеп, шәкіртінің жүрегіне үміт ұялатып жүрген жандар бірден көзге түседі. Осындай қасиетті ортада ұстаздықты өмірлік мұратқа айналдырған азаматтар білімнің ғана емес, адамдықтың да шамын жағып келеді. Жаңақорған өңіріндегі іргелі білім ұяларының бірінде еңбек етіп жүрген сондай жанның бірі – Самал Серқұлова
Алғашқы болып өз жетістіктерін емес, мектебінің абыройын алға қойып, жауапкершілікпен мәлімет ұсынған жанның еңбек жолын көпшілікке таныстыру – әріптестерінің ортақ тілегі еді.
– Ұстаздық жолыңыз қалай басталды? – деп сөз бастадық.
Жымиып отырып, балалық шағын еске алды.
– «Ауыл мектебінің қарапайым партасынан басталған арманым мені физика әлеміне алып келді. Әр сабақта табиғаттың тылсым сырын ашуға ұмтылған сайын осы мамандықтың өз тағдырым екенін сезіндім», – дейді ол. 1992 жылдың маусымында Отырар ауданының Аққұм ауылында дүниеге келген кейіпкеріміз мектепті аяқтаған соң Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Жаратылыстану факультетінде білім алып, ғылыми физика мамандығын игереді. Жоғары оқу орнын тәмамдаған жас маман 2014 жылы еңбек жолын №240 Ғани Мұратбаев атындағы мектепте бастап, содан бері шәкірт тәрбиелеу ісінен бір сәт те алыстаған емес.
– Он екі жылдық еңбек жолында сіз үшін ең үлкен жетістік не болды?
Ойланып барып жауап қатты.
– «Марапаттың бәрі қуантады. Бірақ оқушыңның көзіндегі сенім мен жеңіске жеткен сәттегі қуанышы – ешбір дипломмен өлшенбейтін бақыт», – дейді.
Расында, бұл сөздердің астарында жылдар бойғы ізденіс пен табандылық жатыр.
Бүгінде педагог-сарапшы санатындағы тәжірибелі маман шәкірттерін пәндік олимпиадалар мен түрлі білім сайыстарына тұрақты дайындап келеді. Оның жетекшілігімен оқушылар аудандық, облыстық деңгейдегі білім бәсекелерінде жүлделі орындарға ие болып, мектеп мерейін үстем етуде. Әсіресе, 2025 жыл ерекше табысты кезең болды. Оныншы сынып оқушысы ғылыми жоба бойынша ауылдық, аудандық және облыстық кезеңдердің барлығында жеңімпаз атанып, бірінші орынға ие болды. Бұл еңбек облыстық деңгейде жоғары бағаланып, жетекші ұстазға Алғыс хат табысталды. Мұнымен қатар, ауылдық және аудандық пәндік олимпиадаларда шәкірттері екінші және үшінші орындарды иеленіп, түрлі дәрежелі дипломдармен марапатталды. Бұл – бір ғана жылдың жемісі емес, үздіксіз ізденіс пен жүйелі еңбектің нәтижесі.
– Ұстаз үшін ізденіс қаншалықты маңызды?
– «Білім тоқтаған жерде ұстаздық та тоқтайды. Сондықтан күн сайын өзіңді жаңартып отырмасаң, оқушыны алға жетелеу мүмкін емес», – дейді білім жанашыры.Осы ұстаным оның кәсіби өмірінен анық байқалады. Аудандық кәсіподақ ұйымының Алғыс хатымен марапатталуы, мектепішілік «Ізденімпаз ұстаз» номинациясының иегері атануы – шығармашылық ізденісінің нақты көрінісі. Тек мектеп қабырғасында ғана емес, отбасы құндылықтарын дәріптеуде де белсенділік танытып келеді. Жанұясымен бірге қатысқан «Зияткер отбасы» байқауында ауылдық және аймақтық кезеңдерде бірінші орынға ие болып, аудандық кезеңде үшінші орын алып, дипломмен марапатталуы – бір шаңырақтың білім мен тәрбиені қатар ұстанғанының айқын дәлелі.

– Алдағы арманыңыз қандай?
– «Әлі алынбаған асулар көп. Балалардың ғылымға қызығушылығын арттырып, республикалық, халықаралық жобаларда ел мерейін үстем ететін шәкірт тәрбиелеуді мақсат етемін», – дейді сеніммен. Бұл сөздерден болашаққа деген зор жауапкершілік сезіледі. Себебі оның әрбір жетістігінің түп-төркінінде өз абыройын емес, мектебінің беделін, шәкіртінің болашағын жоғары қоятын ұстаздық ұстаным жатыр. Бүгінде қасиетті білім ордасында еңбек етіп жүрген осындай жаңашыл педагогтер мектептің ғана емес, тұтас ауданның мерейін өсіріп келеді. Сабақ үстіндегі әр тәжірибе, әр зертханалық жұмыс, әр есеп – ертеңгі инженердің, ғалымның, өнертапқыштың алғашқы баспалдағы екенін жақсы түсінеді. Сондықтан әр шәкірттің қабілетін байқап, ғылымға жетелеуді өз борышы санайды. Самал Жарылқапқызы – шәкірт жүрегіне білімнің сәулесін себуді өмірлік мұрат еткен жан. Оның еңбек жолы – үнсіз төгілген маңдай тердің, сарқылмас ізденістің және ұстаздыққа деген адал махаббаттың көрінісі.
Өмірде кейбір адамдар көктемгі жауын секілді жерді көгертіп өтеді, ал кейбірі мәңгі сөнбейтін шыраққа айналады. Осындай ұстаздардың еңбегі – тамыры терең бәйтеректің нәрі іспетті. Олар еккен білім дәні ертең биікке бой созып, елдің еңсесін көтеретін алып ағашқа айналары сөзсіз. Ұстаздың шынайы бақыты да – өзінен кейін қалған шәкіртінің жарқын болашағынан көрінетін жарық сәуле. Ал сондай сәулені көбейтіп жүрген жанның еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Арайлым Мақсатқызы
Қызылорда облысы
