Таңғы қоңырауға санаулы күндер қалды. Мектеп дәлізінде бала күлкісі жаңғырып, кабинеттердің есігі бірінен соң бірі ашылатын шақ та алыс емес . Ал ұстаздар бөлмесінде жүзінен байыптылық пен мейірім қатар байқалатын жан алдағы жоспарларына көз жүгіртіп отыр екен. Біз де дәл сол сәтте әңгімеміздің тиегін ағыттық.

– Ұстаздық сіз үшін мамандық па, әлде өмір салты ма? – деп сұрадым.

Аз-кем үнсіздік орнады. Терезеден түскен күн сәулесі кітаптардың бетіне төгіліп тұр.

– «Ұстаздық – адамның өзінен бұрын өзгені ойлауды үйрететін өмір мектебі. Әр баланың жүрегіне сенім ұялата алсаң ғана еңбегің ақталғаны. Менің бар байлығым – шәкірттерімнің жетістігі», – деді жымиып.

Осы бір қарапайым жауаптың өзінен-ақ көп дүниені аңғаруға болатын еді. Себебі қарсы алдымда отырған адам өз еңбегін емес, өзгенің ертеңін сөз ететін ұстаздардың қатарынан екен.

Сәуле Камалова 1976 жылдың 6 тамызында Жаңақорған ауданының Қаратөбе ауылында дүниеге келген. Балалық шағы туған жердің кең тынысымен, еңбекқорлықты қадірлейтін отбасылық тәрбиемен өрілді. Кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда гуманитарлық университетінде ағылшын және француз тілдері мамандығын игеріп, бала күнгі арманына нық қадам басты.2000 жылы №240 Ғани Мұратбаев атындағы орта мектептің табалдырығын жас маман болып аттаған екен. Сол күннен бері осы қара шаңырақтан алыстамаған. Жиырма алты жыл бойы бір мектептің тынысымен тыныстап, бір ұжымның қуанышын бірге бөлісіп келе жатқан педагогтың өмір жолы адалдықтың өзіне ұқсайды. Жаңақорғандағы бұл білім ордасы – ауданның мерейлі мектептерінің бірі. Осы ұжымның абыройын асқақтатуға үнсіз үлес қосып жүрген тәжірибелі маманның есімі әріптестері арасында жауапкершілікпен қатар айтылады. Сабаққа дайындықтағы ұқыптылығы, шәкіртке деген талапшылдығы мен аналық мейірімі бір-бірінен ешқашан ажырамаған.

Әңгіме барысында сөз арасында:

– «Шет тілін үйрету – сөз жаттату емес. Бұл – баланың дүниеге ашылатын тағы бір терезесін ашу», – деді.

Сірә, шәкірттерінің толайым жетістіктерінің сыры да осында болса керек. Соңғы екі оқу жылында тәрбиелеген оқушылары аудандық және республикалық білім додаларында үздік нәтижелерге қол жеткізді.2024–2025 оқу жылында Балтабай Шапағат «Ауыл олимпиадасының» аудандық кезеңінде ІІ орынға ие болып, республикалық пәндік олимпиаданың аудандық кезеңінде ІІІ орын алды. Сондай-ақ республикалық «Кенгуру» олимпиадасының І орын иегері атанды. Сарсенбай Ұлжалғас «Ауыл олимпиадасында» ІІІ орынға көтерілсе, Балтабай Нарбота, Елғонды Айару, Бекет Шерхан және Балтабай Шапағат республикалық «Кенгуру» олимпиадасында І орыннан көрініп, мектеп мерейін өсірді. 2025–2026 оқу жылында Қабиев Едіге лингвистикалық олимпиададан ІІ орын иеленді. Балтабай Шапағат республикалық пәндік олимпиаданың аудандық кезеңінде тағы да ІІІ орын жеңіп алды. «Ақбота–2025» республикалық зияткерлік олимпиадасында Елғонды Айару, Әбдрасил Жансая және Серік Балауса І орынға ие болды. «Бастау» ұлттық сайысында Елғонды Айару, Серікбай Маржан, Талғат Елнұр және Әбдрасил Жансая І орыннан көрініп, өз білімдерінің биік деңгейін дәлелдеді. Бұл жетістіктер кездейсоқ келген жеңістер емес. Әр дипломның артында мұқият дайындық, талмай еңбек ету, әр оқушының қабілетін дәл танып, соған сай бағыт бере білу жатыр. Алайда оның еңбегі тек сабақпен шектелмейді. Он жылға жуық уақыттан бері мектеп кәсіподақ ұйымының төрайымы ретінде ұжымның бірлігіне қызмет етіп келеді. Әріптестерінің мұң-мұқтажына құлақ асып, мектептегі мәдени-көпшілік шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына ұйытқы болып жүрген белсенді азаматтың болмысы ұжым ішінде ерекше құрметке ие.

Сөз соңында:

– «Ұстаздың ең үлкен атағы – шәкіртінің алғысы. Қалғанының бәрі уақытпен келеді», – деді сабырмен.

Осы бір сөйлем ұзақ әңгіменің түйініне айналғандай әсер қалдырды.

Сауле Абдумуталиповқызы – білімді міндет ретінде емес, аманат ретінде қабылдайтын ұстаздардың бірі. Өз өмірін мектептің тынысымен сабақтастырған, шәкіртінің жетістігін өз марапатынан биік қоятын жан.

Қазіргі қоғамға дәл осындай адамдар керек. Себебі олар білім беріп қана қоймайды, адам қалыптастырады. Олар тақтаға әріп жазып қана тұрмайды, жүректерге үміт жазады. Осындай ұстаздар тұрған жерде мектептің шамы ешқашан сөнбейді. Өйткені олардың жанған жүрегі – келешекке жол көрсететін мәңгілік шырақ.

Жансая НҰРҚОЖА,

Қызылорда облысы

By Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *