Жаңақорғанның қасиетті топырағында талай ұрпақтың арманын қанаттандырған, талай шәкірттің болашағына жол ашқан білім ордалары бар. Сол киелі шаңырақтардың бірі – №240 Ғани Мұратбаев атындағы мектеп. Бұл білім ұясының тыныс-тіршілігімен танысу үшін барғанымызда, мектеп басшылығы: «Әуелі осы әріптесімізбен тілдесіңіз. Ұжымның белсендісі, жауапкершілігімен өзгеге үлгі болатын жанның бірі осы ұстаз», – деп ерекше ықыласпен жол көрсетті.
Расында да, мектеп ұжымы бұл мақаланың жарық көруін ерекше ықыласпен күткенін байқадық. Себебі адал еңбекті үнсіз атқарып жүрген жандар жайлы айту – ұжымның да ортақ қуанышы.
Кең де жарық кабинетке енген сәтте жүзінен жылылық сезілген жанмен әңгіме бірден еркін өрбіді. Әңгіме барысында өмірдің қарапайым қағидаларын үлкен философияға айналдырмай-ақ, әр сөзінен еңбекке деген құрмет, балаға деген махаббат аңғарылып тұрды.
Алия Исмаилова 1982 жылдың 14 наурызында Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Қаратөбе ауылында дүниеге келген. Балалық шағы туған жердің дарқан табиғатымен, ұлттық тәрбиемен астасып өтті. №229 «Абызтөбе» орта мектебінде білім алып, мектеп қабырғасында жүрген кездің өзінде ізденіске құмар, жауапкершілігі жоғары оқушы ретінде көзге түседі.
— Мамандық таңдауыңыз қалай қалыптасты? – деген сауалымызға ол жымиып:
— «Адам өмірінде әр таңдаудың өз себебі болады. Ал ұстаздыққа келу – жай таңдау емес, жүректің шешімі. Алғаш заңгерлік білім алдым. Кейін өзімді мектептен, балалардың арасынан таптым. Сондықтан Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Химия және биология» мамандығын игеріп, өмірімді білім саласына арнадым», – деді.Бұл жауаптан кейін оның бүкіл еңбек жолы өз орнын тапқандай әсер қалдырды. Алғашқы еңбек жолы 2003 жылы №229 «Абызтөбе» орта мектебінде іс жүргізуші әрі бағдарламашы қызметінен басталды. Қай істі қолға алса да тыңғылықты орындауы әріптестерінің сеніміне ие болды.2007 жылы отбасы жағдайына байланысты №240 Ғани Мұратбаев атындағы мектепке ауысып, мектеп-интернатында тәрбиеші қызметін атқарды. Бір жылдан соң аға тәрбиеші болып тағайындалды. Бұл қызметтер оның ұйымдастырушылық қабілетін шыңдап, жасөспірімдердің жан дүниесін тануға жол ашты.2010–2014 жылдары әлеуметтік педагог ретінде жүздеген отбасының мәселесіне бейжай қарамай, әр баланың тағдырына жауапкершілікпен қарады. Ал 2014 жылдан бастап өз жүрегіне ең жақын мамандыққа қайта оралып, биология пәнінің мұғалімі ретінде шәкірт тәрбиелеп келеді.

Әңгіме арасында:
— Сіз үшін ең үлкен жетістік не? – деп сұрадым.
Ол бір сәт ойланып:
— «Марапаттардың бәрі қуантады. Бірақ оқушыңның көзіндегі сенім мен ертеңгі өмірде өз орнын тапқаны бәрінен қымбат», – деді.
Осы бір қысқа ғана жауаптың астарында тұтас ұстаздық ғұмырдың мәні жатқандай.
Шынында да, оның еңбегі қағаз жүзіндегі көрсеткішпен ғана өлшенбейді. Жыл сайын республикалық пән олимпиадаларына, ғылыми жобаларға, түрлі білім сайыстарына оқушылар дайындап келеді. Соның нәтижесінде шәкірттері аудандық, облыстық және республикалық деңгейде жүлделі орындарды тұрақты иеленіп жүр.«Абай» пәндік олимпиадасының республикалық үшінші кезеңінде Кабиева Аянат І дәрежелі дипломға ие болды.Республикалық жалпы білім беретін пәндер олимпиадасының аудандық кезеңінде Анешбек Қасым биология пәнінен ІІІ орынға қол жеткізді.2024 жылы Кабиева Аянат аудандық кезеңде ІІ орын иеленсе, 2025 жылы дәл осы жетістігін тағы бір мәрте қайталап, білім сапасының тұрақтылығын дәлелдеді.Ғылыми ізденіске баулудағы еңбегі де нәтижесіз емес. 2025 жылы республикалық ғылыми жобалар конкурсының аудандық кезеңінде Пернебай Айым ІІІ орын иеленді.«Бастау» ұлттық білім сайысында Жақсылық Балнұр Бауыржанқызы мен Тасбалта Ұлықбек Өскенұлы І дәрежелі диплом алып, жетекшісінің еңбегін тағы бір мәрте дәлелдей түсті.Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелері де ұстаз еңбегінің нақты көрсеткіші.Сырманқызы Гүлнұр 126 балл жинап, оның ішінде биология пәнінен 40 балл алды.Орынбасар Ақжүніс 120 баллдың 41 балын биологиядан иеленді.Анешбек Арман Талғатұлы 105 балл жинап, биология пәнінен 37 балл көрсетті.Бұл көрсеткіштердің әрқайсысының артында жүйелі дайындық, тынымсыз еңбек, оқушыға деген сенім мен ұстаздың табандылығы жатыр.
Білім берудегі үздіксіз ізденіс оның кәсіби ұстанымының ажырамас бөлігіне айналған.
«Білім берудегі жасанды интеллект: инновациялық технологиялар мен оқу үдерісінің цифрлық трансформациясы», «Ақпараттық-коммуникативтік технологияларды пәндік дәрістерде пайдалану әдістері», «Мүмкіндігі шектеулі немесе ерекшеліктері бар балалармен инклюзивті білім берудегі әлеуметтік-психологиялық жұмыс жүйесі» тақырыптарындағы сертификаттар – заман талабынан қалмайтын педагогтің кәсіби ізденісінің айқын дәлелі.Шығармашылық бағыттағы жұмыстары да ерекше бағаланған. «Тыныс алу мен тыныс шығарудың реттелуі мысалында нейрогуморальдық реттелу механизмі» тақырыбындағы ашық сабағы республикалық «Шебер педагог» ғылыми-әдістемелік журналының бетінде жарияланып, тәжірибесі көпшілікке үлгі болды.Педагогикалық тәжірибесін бөліскені үшін республикалық Алғыс хатпен марапатталды.Облыстық Құрмет грамотасы білім беру саласының дамуына қосқан үлесі, сапалы білім мен саналы тәрбие жолындағы еңбегі және қоғамдық жұмыстардағы белсенділігі үшін табысталды. Оның әрбір жетістігі – тек жеке еңбектің емес, мектептің де мерейі.
Сөз арасында:
— Алдағы арманыңыз? – деген сауалымызға:
— «Балаға берілген білім ешқашан босқа кетпейді. Әр шәкіртімнің өз жолын тауып, елге қызмет еткенін көргім келеді. Ұстаз үшін ең үлкен бақыт – сол», – деп жауап берді.
Бұл қарапайым сөздердің өзінен азаматтық биік парасат сезілді.
Бүгінде аяулы ана ретінде екі қыз бен бір ұл тәрбиелеп отырған өнегелі жан отбасы мен қызметтің арасындағы үйлесімді сақтай отырып, жас ұрпақтың жүрегіне ғылымға деген қызығушылықты ұялатып келеді
Алия Қуандыққызы – өз ісіне адалдықты өмірлік қағидасына айналдырған, үнсіз еңбек етіп, нәтижесімен сөйлейтін ұстаздардың шынайы бейнесі. Оның болмысынан білімге деген құрмет, адамға деген мейірім, жауапкершілік пен қарапайымдылық қатар көрінеді.Жаңақорған топырағы мұндай ұстаздарымен қашанда мақтана алады. Себебі білімнің шамын жағатын адамдар көп болуы мүмкін, ал сол шырақты сөндірмей, ұрпақтан ұрпаққа аманаттап жеткізетін жандар сирек кездеседі. Осындай азаматтардың еңбегімен мектептің абыройы асқақтап, шәкірттің арманы көкке самғайды. Ұстаздың жүрегінен басталған сәуле бір ғана сыныпты емес, тұтас қоғамның ертеңін нұрландырады.
Айзере Құлжанова.
Жаңақорған ауданы
