Мектептің шынайы тынысын сырттан емес, оның дәлізінен естілетін бала күлкісінен, сынып ішіндегі ізденістен, ұстаз жанарындағы мейірімнен танисың. Ал Жаңақорған өңіріндегі қасиетті білім ордаларының бірі – №240 Ғани Мұратбаев атындағы орта мектептің ұжымы дәл осындай жанашыр жандарымен ерекшеленеді. Бұл мектептің тынысы қашанда тынымсыз еңбекпен, ізденіспен, шәкірт жетістігімен өлшенеді. Осындай алтын ұяда жауапкершілікті бәрінен биік қоятын, әр бастаманың басынан табылатын, ұжымның сеніміне ие болған ұстаздардың бірі – Сыздыкова Баян Сейдуллаевна.

Бұл мақаланың жарық көруін де мектеп ұжымы ерекше ықыласпен, сабырлықпен күтті. Өйткені сөз болып отырған жан – қандай істі қолға алса да аяғына дейін жеткізетін, мектептің қоғамдық өміріне белсене араласатын, алғашқылардың бірі болып әрдайым жауапкершілік танытатын азамат. Ұжым арасында да, ата-аналар арасында да сенімге ие болуы – оның ең үлкен марапаты. Тілшімен әңгімелесу барысында алғаш байқалған қасиет – қарапайымдылық. Өз еңбегін асырып айтуға құлықсыз. Әңгіме барысында қайта-қайта шәкірттерін сөз етіп, олардың жетістігін өз қуанышынан жоғары қояды. Нағыз ұстазға тән болмыс осы болса керек.

– «Ұстаз үшін ең үлкен жеңіс – баланың білімге деген құштарлығы. Ертеңгі күні өмірден өз жолын тауып, елге қызмет ететін азамат болып қалыптасса, біздің еңбегіміздің ақталғаны сол», – дейді ол.

Осындай қарапайым сөздердің өзінен мамандыққа деген адалдық анық сезіледі.

Отырардың қасиетті топырағында дүниеге келген ол педагогикалық жолын үздіксіз ізденіспен жалғап келеді. Түркістан педагогикалық колледжінде бастауыш сынып мұғалімі мамандығын меңгеріп, кейін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде жоғары білім алып, бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі мамандығы бойынша кәсіби білімін толықтырды. Бұл білім кейінгі жиырма жылдан астам уақыт бойы мыңдаған сабақтың, жүздеген шәкірттің тағдырына айналды. Еңбек жолын 2004 жылы Қандөз ауылындағы №240 Ғани Мұратбаев атындағы орта мектепте бастағаннан бері бір шаңырақтың мерейін өсіріп келеді. Бүгінде білім беру саласындағы жиырма жылдан асқан тәжірибесі жас мамандарға үлгі болса, шәкірттері үшін сенімді бағыт-бағдар беретін шамшыраққа айналған. Қазіргі таңда педагог-зерттеуші санатының иесі ретінде кәсіби ізденісін тоқтатпай, заманауи әдіс-тәсілдерді сабақта шебер ұштастырып келеді. Әр баланың қабілетін дер кезінде байқап, оны дамытуға күш салу – күнделікті еңбегінің басты қағидасы. Сабақ үстінде оқушының тек білім алуына ғана емес, ойын еркін жеткізуіне, тілдік мәдениетінің қалыптасуына, шығармашылық мүмкіндігінің ашылуына ерекше көңіл бөлінеді. Сондықтан бұл сыныптан тек озат оқушылар емес, өзіне сенімді, білімге құштар, ізденімпаз балалар қанат қағып шығып келеді. Еңбектің жемісі де көзге көрініп тұр. Соңғы оқу жылында тәрбиелеген шәкірттері аудандық, облыстық және республикалық білім бәйгелерінде жарқын жетістіктерге жетіп, мектеп мерейін асқақтатты. 2025–2026 оқу жылында Орынбасар Нұрғиса аудандық «Абай» пәндік олимпиадасында І орынға ие болса, дәл осы олимпиадада Шайхслам Ислам да аудан жеңімпазы атанды. Бұл – әдебиетке деген сүйіспеншілікті шәкірт жүрегіне сіңіре білген еңбектің айқын дәлелі.

Республикалық Ілияс оқулары байқауында Барат Нұрымжан Бас жүлдені жеңіп алып, мектеп абыройын республика деңгейінде танытты. Осы додада Орынбасар Нұрғиса І орынға ие болды.Шайхслам Ислам республикалық «Зерде» олимпиадасында І орын алып, ғылыми ізденіске бейім оқушы екенін дәлелдеді.Шығармашылық бағыттағы байқауларда да шәкірттері жоғары нәтиже көрсетті. «Бояулар құпиясы» республикалық конкурсында Тұрсын Диана, Нұрғалиқызы Айбибі және Орынбасар Нұрғиса ІІ орын иеленіп, өнерге деген қызығушылықтарының жоғары екенін байқатты. Қажмұрат Ханшайым республикалық «Мағжан оқулары» байқауында І орын жеңіп алып, поэзияға деген сүйіспеншілігін үлкен жеңіске ұластырды. Зияткерлік білім сайыстары да табысты жалғасты. «Ақбота-2025» республикалық олимпиадасында Оңласбай Бақназ, Қажмұрат Ханшайым, Орынбасар Нұрғиса, Талғат Дархан және Шайхслам Ислам түгелдей І орын иеленіп, ұстаз сенімін толық ақтады. Ал «Бастау» ұлттық сайысында Тұрмахан Жібек пен Қажмұрат Ханшайымның жеңімпаз атануы – бастауыштан берілетін білімнің берік іргетасын айғақтайтын табыс. Осындай нәтижелер кездейсоқ келген жеңістер емес. Олар күн сайынғы дайындықтың, төгілген маңдай тердің, шәкірт пен ұстаз арасындағы сенімнің жемісі. Еңбегі елеусіз қалған емес. Білім саласындағы тынымсыз қызметі үшін облыстық және республикалық деңгейдегі Құрмет грамоталарымен марапатталуы – кәсіби беделінің дәлелі.

Ұжымдағы әріптестері де ол туралы ерекше ілтипатпен әңгімелейді. Қандай қоғамдық шара болмасын белсенділік танытып, ұйымдастыру жұмыстарында үнемі алдыңғы қатардан көрінеді. Біреуге көмектесу, тәжірибесімен бөлісу, жас мамандарға бағыт-бағдар беру – оның табиғатына айналған қасиет. Сондықтан мектеп ұжымы арасында сыйлы, ата-аналар алдында абыройлы, шәкірттері үшін ең жақын жан болып қалыптасқан.

Бүгінгі білім кеңістігінде мұғалімнің міндеті тек оқулықтағы тақырыпты түсіндірумен шектелмейді. Ол – баланың жүрегіне үміт егетін бағбан, болашағына бағдар беретін шамшырақ, ел ертеңін тәрбиелейтін тұлға. Осы жауапкершілікті терең сезініп жүрген Баян ұстаз әр күнін шәкірт тағдырымен сабақтастырып келеді. Оның ең үлкен жетістігі – дипломдар мен марапаттар ғана емес, адам болып қалыптасып жатқан әрбір баланың жүрегінде қалдырған ізгі ізі.Мектеп қабырғасында үнсіз ғана атқарылып жатқан адал еңбек кейде үлкен мінберлерден айтылған сөзден де биік тұрады. Өйткені білімнің шырағын жаққан жанның сәулесі бір ғана сыныпты емес, тұтас қоғамды нұрландырады. Осындай еңбегімен елдің ертеңіне қызмет етіп жүрген жанның ғұмыры – өзен секілді сарқылмайтын мейірімнің, бәйтеректей терең тамыр жайған парасаттың, алтын діңгектей берік ұстанымның көрінісі. Ұстаздың жүрегінен тараған сол жылу талай шәкірттің арманына қанат бітіріп, туған елдің келешегіне сәуле болып құйыла беретініне сенім мол.

Айзере ҚҰЛЖАНОВА,

Қызылорда облысы

By Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *