Алғашқы болып жүріп, өз еңбегін емес, шәкіртінің жетістігін алға қоятын ұстаздар болады. Олар туралы әңгіме басталғанда, кабинеттегі тақта, зертханадағы тәжірибе, олимпиададағы жеңіс, оқушының қуанышы қатар көз алдыңа келеді. Сондай жанның бірі – жаңақорғандық ұстаз. Оның бойынан кәсібіне деген құрметті, ғылымға деген адалдықты, балаға деген мейірімді қатар көруге болады. Кейбір мұғалімдердің есімі айтылғанда алдымен олардың алған марапаттары емес, шәкірттерінің жарқын жүзі, мектептегі тынымсыз еңбегі, білімге деген жанашырлығы еске түседі. Өйткені нағыз педагогтың өлшемі – қағаздағы марапат емес, тәрбиелеген ұрпағының табысы. Осындай азаматтық болмысы биік, жауапкершілігі мол, өз ісінің білгірі саналатын ұстаздардың бірі – жаңақорғандық Ақтолқын Рәш.
– «Ұстаздық – мен үшін жай ғана мамандық емес. Әр баланың бойындағы қабілетті ояту – үлкен жауапкершілік. Химия – формула ғана емес, өмірдің заңдылығын түсіндіретін ғылым. Сол ғылымды бала жүрегіне жеткізе алсам, еңбегімнің ақталғаны», – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Осы бір қарапайым ғана сөздің өзінен оның өмірлік ұстанымы анық байқалады.
Қызылорда облысының қасиетті Жаңақорған ауданындағы Қосүйеңкі ауылында дүниеге келген ұстаздың балалық шағы туған жердің дархан табиғатымен, ауыл мектебінің ыстық атмосферасымен астасып өтті. №161 орта мектепте білім алған жылдары талапшылдығымен ерекшеленген шәкірт кейін өз тағдырын ғылыммен байланыстыратынын ерте түсінді. Мектеп қабырғасынан кейін Арқалық мемлекеттік педагогикалық университетінде химия мамандығын меңгеріп, кәсіби білімнің алғашқы баспалдағына көтерілді. Ізденісі мұнымен тоқтап қалмай, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде магистр дәрежесін иеленді. Кейін биология мамандығын да тәмамдап, жаратылыстану ғылымдарын кешенді меңгерген маман ретінде қалыптасты.Жас маманның еңбек жолы елордадағы №65 мектеп-гимназиясында басталды. Сол алғашқы күндерден-ақ ұстаздықтың қадірін сезінген жан бүгінгі таңда №180 орта мектебінде табысты еңбек етіп келеді. Тоғыз жылдық тәжірибе оның кәсіби деңгейін шыңдап, педагог-сарапшы дәрежесіне жеткізді.
Мектеп басшылығы әріптестері арасында жауапкершілігімен ерекшеленетін ұстаздардың қатарында осы педагогтің есімін ерекше атайды. Қандай бастама көтерілсе де алғашқылардың бірі болып үн қосып, жаңа жобаларды батыл қолға алады. Ұжым өміріндегі белсенділігі, тапсырманы уақытында әрі сапалы орындауы оны әріптестерінің де құрметіне бөлеп келеді.
– «Білім бір орында тұрмайды. Егер мұғалімнің өзі ізденуді тоқтатса, шәкірті де тоқтайды. Сондықтан ең алдымен өзімді жетілдіруге міндеттімін», – дейді ол.
Бұл сөз оның кәсіби жолынан анық көрінеді. Біліктілікті арттыру – оның еңбек жолындағы тұрақты қағидаға айналған. Инклюзивті білім беру жағдайындағы білім беру ортасының мазмұны, STEM негізінде жаратылыстану пәндерін оқыту әдістемесі, педагогтердің цифрлық құзыреттілігін дамыту, Kundelik.kz ақпараттық жүйесі бойынша цифрлық сауаттылық, жаратылыстану және химия мұғалімдерінің пәндік құзыреттіліктерін дамыту бағытындағы көлемді курстардан өтіп, кәсіби білімін үздіксіз толықтырып келеді.Заман талабына сай жаңашыл технологияларды меңгеруге деген құлшынысы ерекше. «Жасанды интеллект мүмкіндіктері: соңғы трендтер мен инновациялар» атты практикумда AI құралдарын білім беру үдерісіне енгізу, мультимедиалық материалдар әзірлеу, цифрлық кітап жасау, толықтырылған шындық технологияларын пайдалану бағытында білімін жетілдірді. Сонымен қатар ерекше білімді қажет ететін балалармен жұмыс жасау бойынша 80 академиялық сағаттық арнайы курсты аяқтап, инклюзивті білім беру саласындағы кәсіби дайындығын нығайтты.
Ұстаздық еңбектің нәтижесі түрлі деңгейдегі марапаттармен де айқындалып келеді. І республикалық «Кемеңгер ұстаз» олимпиадасының ІІ дәрежелі жүлдегері атанды. «Білікті ұстаз» республикалық олимпиадасында химия пәні бойынша І орын иеленіп, кәсіби шеберлігін дәлелдеді. Республикалық химия пәні мұғалімдеріне арналған олимпиадада жоғары нәтиже көрсетіп, арнайы марапатқа ие болды.Ғылыми-әдістемелік ізденісі де жүйелі. «Білім айнасы» жинағында жарияланған «Химия пәнін ағылшын тілінде оқытудың пайдалары» атты мақаласы көпшілік тарапынан оң бағаланды. Ал «Химия пәнінен ғылыми жобаларды әзірлеу: TEDx форматындағы шабыт» атты авторлық бағдарламасы жеке кітапша болып жарық көріп, тәжірибе алмасу алаңына айналды.
Ұстаздың басты мақтанышы – шәкірттері.
Соңғы жылдары тәрбиелеген оқушылар аудандық, облыстық, республикалық білім додаларында тұрақты жеңіс тұғырынан көрініп келеді. «Ақ Бота» республикалық интеллектуалдық марафонында бір жылдары бір оқушысы І орын, біреуі ІІ орын, енді бірі ІІІ орын алса, кейінгі жылдары алты оқушысы ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Келесі кезеңде екі оқушысы ІІ дәрежелі, жеті оқушысы ІІІ дәрежелі диплом жеңіп алып, ұстаз еңбегінің нәтижесін тағы бір мәрте дәлелдеді.«Ақбота–2025» республикалық зияткерлік олимпиадасында төрт оқушысының І орын алуы – үлкен жетістік. Сонымен бірге «Абай» жалпы пәндік олимпиадасының аудандық кезеңінде І дәрежелі диплом, «Зерде» зерттеу жобалары байқауында ІІ орын, республикалық ғылыми жобалар конкурсының аудандық кезеңінде І орын иеленген шәкірттері ғылымға деген қызығушылықтың жемісін көрсетті. Ауыл мектептері оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың екінші кезеңінде 2024 және 2025 жылдары бірнеше шәкірті жүлделі ІІІ орыннан көрінсе, 2025 жылы 7–8 сынып оқушысы ІІ орынға ие болды. Қаныш Сәтбаев атындағы халықаралық олимпиадада 9-сынып оқушысының ІІ орын алуы да жүйелі еңбектің нәтижесі екені анық. Осындай табыстардың артында күнделікті дайындық, қосымша сабақтар, зертханалық жұмыстар, ғылыми жобаларға бағыт-бағдар беру, әр баланың қабілетін жеке танып, дамытуға жұмсалған қажырлы еңбек жатыр. №180 орта мектебінде әріптестері оны жаңашыл ойлайтын, ортақ іске жанашыр, мектептің абыройын бәрінен биік қоятын ұстаз ретінде бағалайды. Қандай іс болса да белсенділік танытып, ұжымның сенімін ақтап жүргені көпшілікке үлгі.
Осындайда мектеп ұжымының тәжірибелі ұстаздарының бірі Индира ұстаздың мына бір пікірі ойға оралады:
«Нағыз мұғалімнің ең үлкен байлығы – оның шәкірті. Ақтолқынның әр жеңісінің артында тынымсыз еңбек жатыр. Ол оқушыны білімге жетелеп қана қоймай, ғылымға қызықтыра біледі. Ұжымдағы жауапкершілігі мен адамгершілігі де ерекше.»
Бұл сөздер артық мақтау емес, күнделікті еңбектің әділ бағасы.
Ұстаздың өмір жолына қарағанда, оның басты құндылығы – үздіксіз даму. Кеше алған біліммен бүгінгі оқушыны таңғалдыру мүмкін емес екенін жақсы түсінеді. Сондықтан әр жаңа күнді жаңа ізденіспен бастайды. Әрбір жетістікке тоқмейілсімей, келесі белесті бағындыруға ұмтылады. Білімнің қасиеті оны бөліскен сайын артады десек, осы қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырған жанның еңбегі ертеңгі ұрпақтың жарқын болашағына қызмет етіп келеді. Ғылымға сүйіспеншілікті шәкірт жүрегіне ұялатып, адамдық пен білімді қатар дәріптеп жүрген осындай ұстаздар барда мектептің де мерейі үстем, елдің ертеңі де нұрлы болары анық.
Айзере Құлжанова
Қызылорда облысы
