Мектептің есігін ашқан сәтте ең алдымен қабырғадағы суреттерді емес, дәлізді жаңғыртқан баланың күлкісін, қоңырау үнінен кейін асыға сыныпқа беттеген шәкірттердің қадамын аңғарасың. Ал сол көңілді күйдің ар жағында сан тағдырға бағыт беріп жүрген ұстаздардың үнсіз еңбегі тұрады. Жаңақорған өңіріндегі қасиетті қарашаңырақтардың бірі – С. Сапарбеков атындағы №125 орта мектепке барған сапарда сондай жандардың бірімен жүздесудің сәті түсті. Әңгімеміз басталмай жатып-ақ әріптестері: «Мектептегі қандай бастама болса да алғашқылардың бірі болып үн қатып, қажетті мәліметті уақытынан бұрын әзірлейтін, жауапкершілікті бәрінен биік қоятын ұстазымыз осы», – деп ерекше ілтипат білдірді. Мұндай пікірді бір ауыз мақтау деп қабылдау қиын. Себебі ұжымның сеніміне ие болу – күн сайын дәлелденетін қасиет. Кабинетінде кітап пен дәптердің иісі аңқып тұрған қарапайым ғана мұғаліммен әңгімелесе келе, шынайы ұстаздықтың сән-салтанатта емес, адал еңбек пен үздіксіз ізденісте екенін тағы бір сезінесің.

Айгүл Балжігітова Қызылорда облысының Шиелі ауданында дүниеге келген. Ыбырай Алтынсарин атындағы №219 мектепте білім алып, бала күнгі ізденімпаз мінезін үлкен өмірге серік етті. Алғашқы жоғары білімін инженерлік бағыттағы «Жеңіл және тоқыма өнеркәсібі» мамандығы бойынша тәмамдағанымен, жүрек қалауына құлақ асып, кейін қайтадан студент атанып, орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын игерді. Бұл – мамандық таңдаудағы жай ғана өзгеріс емес, өмірлік миссиясын айқындаған шешім еді.2018 жылдың қыркүйегінен бастап Жаңақорған ауданындағы С. Сапарбеков атындағы №125 орта мектепте еңбек етіп келеді. Сол уақыттан бері шәкірттеріне тек пән үйретіп қана қоймай, олардың бойындағы сенім мен талапты тәрбиелеуді басты мұрат санайды. 2023 жылы «Педагог-модератор» біліктілік санатын иеленуі де осы еңбектің заңды жалғасы болды.

– «Балаға білім беру – тек тақырып түсіндіру емес. Әр оқушының бойындағы мүмкіндікті байқап, соны жарқырата білу – мұғалімнің ең үлкен міндеті», – дейді ұстаз әңгіме барысында.

Бұл сөздің құр ұран емес екенін оның шәкірттері дәлелдеп келеді.

2024 жылы республикалық пән олимпиадасының аудандық кезеңінде орыс тілі пәнінен Әбутәліп Балнұр ІІІ орын иеленсе, Тұрғанбай Жанель бірден бірнеше олимпиадада жүлдегер атанды. Ауыл мектептері арасында өткен республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде де сол шәкірті ІІІ орынға ие болып, ұстазының жүйелі дайындығының нәтижесін көрсетті. Келесі оқу жылында да жетістіктер легі тоқтаған жоқ. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде Тұрғанбай Жанель мен Айтбай Сабина жүлделі ІІІ орындарды иеленіп, мектеп мерейін өсірді. Ал сынып жетекшісі ретінде тәрбиелеген оқушыларының жетістігі – кез келген марапаттан биік көрсеткіш. Байболат Наргиза «Алтын белгі» иегері атанса, Қазбекұлы Қуаныш пен Уәлиханқызы Сандуғаш үздік аттестатпен мектеп бітіріп, мемлекеттік білім грантының иегері болды. Бұл – мұғалім еңбегінің үнсіз сөйлейтін ең бағалы нәтижесі. 2025–2026 оқу жылында жетекшілік жасаған сыныптағы Дауренқызы Ұлдананың республикалық «Жарқын болашақ» олимпиадасының аудандық кезеңінде «Білгірлер бәйгесі» бағыты бойынша ІІ орын алуы да жүйелі жұмыстың жемісі екенін көрсетеді. Өзінің кәсіби дамуына келгенде де ешқашан тоқтап қалмайтын жан. Қазіргі білім беру жүйесіне енген жасанды интеллект мүмкіндіктерін меңгеріп, «Основы нейронных сетей и искусственного интеллекта» бағдарламасы бойынша сертификат алды. «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығы ұйымдастырған «Білім беру үдерісі және жасанды интеллект: генеративті модельдер мен промпт-инжиниринг өнері» курсын аяқтап, жаңа технологияларды сабаққа тиімді енгізудің жолдарын меңгерді. Сонымен қатар инклюзивті білім беру бойынша «Дарын Online» курсын аяқтауы – әр баланың сапалы білім алуына деген азаматтық көзқарасының айғағы. Кәсіби шеберлігі республикалық деңгейде де лайықты бағаланды. «Білікті ұстаз» республикалық пән олимпиадасында І орын иеленіп, үздіктер қатарынан көрінді. Бұдан бөлек аудандық білім бөлімінің басшысының Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттармен марапатталуы – бірнеше жылдың емес, күн сайынғы табанды еңбектің өтеуі. Ұжымдағы әріптестері оның тағы бір қасиетін ерекше атайды. Қандай тапсырма берілсе де кейінге қалдырмайды. Қажетті материалды мұқият әзірлеп, мектептің ортақ жұмысына алғашқылардың бірі болып үлес қосады. Осындай ұйымдастырушылық қабілеті мен жауапкершілігінің арқасында басшылықтың да, әріптестерінің де сеніміне ие болған. Әңгіме арасында байқалған тағы бір ерекшелік – қарапайымдылық. Жетістіктерін тізбектеп айтып отырған жоқ. Әр шәкірті туралы сөз қозғалғанда ғана жүзі жылы жымиып, олардың болашағына сеніммен қарайтыны байқалады. Ұстаздықтың ең үлкен бақытының өзі де осы шығар.

Бүгінде үш ұл тәрбиелеп отырған аяулы ана, отбасында ардақты жар. Қызмет пен отбасы жауапкершілігін қатар алып жүрудің өзі үлкен төзім мен парасатты талап етеді. Осындай жарасым тапқан өмірдің өзегі – еңбекке деген адалдық пен адамға деген құрмет. Мектептің абыройы ғимаратымен емес, ондағы ұстаздардың жүрегімен өлшенеді. Сол жүректің жылуын шәкіртіне арнап, білімнің шамын сөндірмей келе жатқан жанның бірі – Айгүл Мейрамбайқызы. Өз ісінің білгірі ретінде ол білім мен тәрбиені қатар өріп, әр баланың болашағына үміт ұялата білетін кәсіби маман екенін еңбегімен дәлелдеп келеді.

Жаңақорған жұртшылығы үшін мұндай ұстаздардың еңбегі – бүгіннің жетістігі ғана емес, ертеңгі елдің интеллектуалдық қоры. Саналы шәкірт тәрбиелеуді өмірлік мұрат еткен осындай азаматтардың арқасында ауыл мектебінің де абыройы асқақтап, білімнің көкжиегі кеңейе береді.

Айзере Құлжанова

Қызылорда облысы

By Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *