Кейбір адамдармен жүздескенде олардың кәсібі жай ғана мамандық емес, жүрегінің таңдауы екенін бірден аңғарасың. Олар қызметке емес, миссияға келген жандардай әсер қалдырады. Осындай ұстаздардың әр күні шәкірттің ертеңіне айналады. Білім жолында үнсіз еңбек етіп, нәтижесін оқушысының жеңісі арқылы сөйлететін жандардың бірі – Қызылорда облысы, Шиелі кентіндегі №244 Ы.Жақаев атындағы орта мектебінің информатика және математика пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Мырзахмет Айсұлу Бақытжанқызы.
– «Ұстаздық сіз үшін не?» – деген сауалымызға ол сәл ғана жымиып:
– «Ұстаздық – баланың бойындағы қабілетті байқап, соны өзіне де таныта білу. Мен үшін ең үлкен марапат – шәкіртімнің өзіне сеніп, арманына қадам басуы», – деп жауап берді.Осы бір қарапайым ғана сөздердің астарында он алты жылдық табанды еңбек, мыңдаған сабақ, жүздеген шәкірттің тағдыры мен толассыз ізденіс жатқанын сезінбеу мүмкін емес.Шынайы ұстаздың болмысын марапат емес, шәкіртінің жетістігі айқындайды. Сондықтан болар, бұл білім ордасында математика мен информатика кабинетінен әрдайым ізденістің лебі есіп тұрады. Әр сабақ – жаңа тәжірибе, әр тапсырма – жаңа мүмкіндік, әр оқушы – болашаққа бағытталған жеке жоба. Шығармашылыққа құштар педагогтың кәсіби ізденісі де талай мәрте жоғары бағаланды. 2021 жылы өткен облыстық «Үздік авторлық бағдарлама» байқауында ІІІ орын иеленуі – тың идеяларының өміршеңдігін дәлелдесе, 2022 жылғы аудандық «Үздік кіріктірілген сабақ» байқауындағы ІІ дәрежелі дипломы жаңашыл әдістемелік ізденістерінің нәтижесі болды. Сол жылы «Бүгінгі жас маман – ертеңгі білікті ұстаз…» атты аудандық семинарда өз тәжірибесін әріптестерімен бөлісіп, кәсіби шеберлігі үшін арнайы дипломмен марапатталуы – ұстаз еңбегінің тағы бір лайықты бағасы.
Әңгіме барысында:
– «Барлық жетістіктің артында ұстаз тұрады деген пікірмен келісесіз бе?» – деп сұрадық.

– «Жоқ, барлық жетістіктің артында сенім тұрады. Егер мұғалім оқушысына сенсе, оқушы да өзіне сене бастайды. Сонда ғана нәтиже келеді», – деді.
Бұл жауап оның шәкірт тәрбиесіне деген көзқарасын анық аңғартқандай болды.
Расында, сол сенімнің жемісі жыл сайын байқалып келеді.«Мамандықтар әлемін ашамыз» форумында шәкірті Даутбаева Маржан аудандық кезеңде І орынды, облыстық кезеңде ІІІ орынды иеленіп, болашақ мамандықты саналы таңдауға бағытталған жобасымен көпшіліктің ықыласына бөленді. Кейін осы республикалық форумда да жоғары нәтиже көрсетіп, аудандық кезеңнің жеңімпазы әрі облыстық кезеңнің жүлдегері атанды. Ал тағы бір шәкірті Әлмат Бақдаулет осы форумның аудандық кезеңінде ІІ орынға ие болып, ұстазының бағыт-бағдарының дұрыстығын дәлелдей түсті.Ғылыми ізденіске баулу бағытындағы жұмыстары да жеміссіз емес. Республикалық «Зерде» зерттеу жұмыстары байқауының аудандық кезеңінде Құрбан Аян ІІІ орын иеленсе, республикалық юниорлық олимпиаданың аудандық кезеңінде Ергешова Алтынай ІІІ орын алып, өзінің білім деңгейін дәлелдеді. Цифрлық технология дәуірінде информатика пәнінің маңызы күн сайын артып келеді. Сондықтан шәкірттерін тек теориямен ғана емес, тәжірибемен тәрбиелеуді мақсат еткен ұстаз робототехника бағытына да ерекше көңіл бөлген. Соның нәтижесінде облыстық білім беру мекемелерінің 9-сынып оқушылары арасында өткен «ROBO BATTLE–2023» чемпионатының «Робо Сумо» санатында Даутбаева Мариям мен Бағдатқызы Гүлбибі жүлделі ІІІ орынды жеңіп алды. Ал шығармашылық әлемінде де шәкірттері жарқын жетістікке жетті. «Қазақстан балалары шексіз әлемде!» республикалық балалар киносы фестивалінің аудандық және облыстық кезеңдерінде «Анимациялық кино» номинациясы бойынша І орынды иеленген Мейрамбек Хасана республикалық кезеңде ІІІ орын алып, туған мектебінің ғана емес, тұтас ауданның мерейін үстем етті.
Білім бәйгелерінде де нәтиже тұрақты. «BILGEN ALAMAN» республикалық олимпиадасында информатика пәнінен Ергешова Алтынай облыстық деңгейде жеңімпаз атанса, математика пәнінен Даутбаева Маржан, Болатова Алуа, Айдар Айбол, Оразханова Назерке және Ерден Абат облыстық деңгейде үздіктер қатарынан көрінді. Ал Айдар Айбол республикалық кезеңде де жоғары нәтиже көрсетіп, мектеп абыройын асқақтатты. Бұл жетістіктердің барлығы кездейсоқ келген табыс емес. Олар – жүйелі жоспардың, шығармашылық еңбектің, заманауи технологияларды тиімді пайдаланудың және ең бастысы, әр баланың жүрегіне жол таба білген ұстаздық парасаттың жемісі. Ұжым арасында да әрдайым жауапкершілігімен, іскерлігімен, сабырлы мінезімен ерекшеленетін педагогтың бір қасиеті ерекше байқалады. Ол ешқашан жетістікке жеке меншігіндей қарамайды. Әр марапаттың төрінен шәкіртін шығарып, өзі сырттай ғана бақылап тұратын қарапайым болмысы көпке үлгі. Бүгінде білім саласы жаңарып келеді. Жаңарған қоғамға жаңаша ойлайтын ұрпақ қажет. Осындай ұрпақты тәрбиелеуде кәсібіне адал, ізденісті өмір салтына айналдырған мұғалімдердің орны ерекше.

Солардың қатарында Мырзахмет Айсұлу Бақытжанқызы да бар.Ұстаздың еңбегі бір күнде бағаланбайды. Оның шынайы бағасы – уақыттың сүзгісінен өткен шәкірті, өмірден өз орнын тапқан азаматы. Осындай жанның әрбір сабағы – ертеңгі елдің іргетасына қаланған кірпіш, әрбір шәкірті – тәуелсіз Қазақстанның интеллектуалдық капиталы. Осындай ізденісімен, жаңашылдығымен, кәсіби шеберлігімен және шәкірт жетістігін өз жетістігінен биік қоятын азаматтық ұстанымымен көпке үлгі болып жүрген ұстаздарға қарап, қазақ мектебінің болашағына сенім арта түсесің. Себебі білімнің шырағын жаққан мұғалім бар жерде елдің ертеңі де жарық болмақ.
Айзере Құлжанова
Қызылорда облысы
