
Жаңақорғанның таңғы самалына ерекше бір тыныштық жарасады. Даладан ескен қоңыр жел ауыл мектебінің ауласындағы бала күлкісін әлдилеп тұрғандай. Сол күлкінің ар жағында көзге көрінбейтін үлкен еңбек бар. Әр баланың болашағына жауапты жандардың маңдай тері бар. Осындай адамдар жайлы сөз қозғалғанда әріптестері бір ауыздан ерекше ықыласпен атайтын есімнің бірі – Еңбек ауылындағы №242 негізгі орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Айгерім Серікбайқызы Тәжібаева. Мектеп табалдырығын аттаған сәтте-ақ ұжым арасындағы ауызбіршілік пен ұйымшылдық көзге жылы ұшырайды. Әңгіме арасында жаңа бастамалар, олимпиада жеңімпаздары, шығармашылық жұмыстар сөз болған сайын әріптестердің: «Бұл істің басы-қасында Айгерім апай жүреді» деген сөзін жиі естідік. Мұндай баға бір күнде қалыптаспайтыны анық. Ол – жылдар бойғы адал еңбек пен сенімнің жемісі.
Бізді қарсы алған ұстаздың жүзінен қарапайымдылық пен сабырлылық байқалады. Артық сөйлемейді. Бірақ әр сөзінен мамандығына деген сүйіспеншілік сезіледі.
– Ұстаздық жолға қайта келуге не себеп болды? – деген алғашқы сауалымызға сәл ойланып барып:
– Әр адамның жүрегі өз орнын табады. Университетте қызмет атқардым, басшылық қызметте де болдым. Бірақ мектептегі бала үні мені қайтадан осы ортаға жетеледі. Шәкірттің көзіндегі үмітті көру – кез келген лауазымнан биік сезім, – дейді.
Осы бір қарапайым жауаптың өзінен оның болмысын тануға болады.
Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы Тартоғай ауылында дүниеге келген талапты қыз мектеп қабырғасында-ақ білімге құштарлығымен ерекшеленеді. Ш.Есенов атындағы №153 орта мектепті үздік тәмамдап, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Экономикадағы ақпараттық жүйелер» мамандығын меңгереді.Көпшілік үшін бұл өмір жолы басқа арнаға бұрылатындай көрінер еді. Бірақ тағдырдың әр бұрылысы жаңа мүмкіндікке бастайды. Университет қабырғасында ассистенттен оқытушы дәрежесіне дейін көтеріліп, кейін «Болашақ» университетінде декан орынбасары қызметіне дейін жеткен білікті маман үшін қызметтік өсу басты мақсат болған жоқ. Оның жүрегі балалармен жұмыс істеуді қалады. Отбасылық жағдайға байланысты туған өлкеге жақын қоныс аударып, жаңа өмір бастағанда тағы бір үлкен шешім қабылдайды. Өзін қайта шыңдап, «Шетел тілі: екі шет тілі» мамандығы бойынша білім алады. Бұл – мамандық ауыстыру емес, өз жүрегінің үнін тыңдай білу еді. Содан бері Еңбек ауылындағы №242 негізгі орта мектебінде ағылшын тілінен сабақ беріп келеді. Осы уақыт ішінде педагог-сарапшыдан педагог-зерттеуші санатына дейін көтеріліп, бүгінде қоғамдық-гуманитарлық пәндер бірлестігінің жетекшісі ретінде де әріптестерінің сеніміне ие болды.
Жауапкершілік деген ұғымды кейде сөзбен емес, іспен дәлелдеу керек болады. Ұжымдастарының айтуынша, қандай іс тапсырылса да алғашқылардың бірі болып кірісетін де, уақытынан кешіктірмей сапалы аяқтайтын да – осы ұстаз. Мектептің қоғамдық жұмыстары болсын, білім саласындағы жаңа жобалар болсын, шығармашылық бастамалар болсын – бәріне белсене араласады. Осындай іскерлігі мен ұйымшылдығы үшін әріптестері оны ерекше құрметтейді. Білім сапасының ең басты көрсеткіші – шәкірт жетістігі. Бұл тұрғыдан келгенде Айгерім ұстаздың еңбегі ерекше назар аудартады. Шәкірті Ерімбетов Ермұхамбет Полатұлы үш жыл қатарынан республикалық пән олимпиадасының аудандық кезеңінде бірінші орынды ешкімге бермеді. 2023–2024 оқу жылында облыстық кезеңнің жеңімпазы атанып, республикалық кезеңде мектеп намысын қорғады. Келесі оқу жылында облыстық үшінші орын иеленсе, 2025–2022026 оқу жылында облыстық екінші орынға көтерілді. Бұл бір ғана оқушының жетістігі емес. Мұнда мұғалімнің жүйелі еңбегі, дұрыс бағыт-бағдары жатыр. «Айқанат» республикалық онлайн олимпиадасында Ерімбетов Ермұхамбет бірінші орын, Шүкен Аянат үшінші орын, Амангелді Кәусар бірінші орын иеленді. Ал «Ақбота–2025» республикалық зияткерлік олимпиадасында Ерімбетов Ермұхамбет пен Асылбек Мейіржан бірінші орын алып, ауыл мектебінің мерейін үстем етті.

– Балаларды жеңіске қалай дайындайсыз? – деген сауалымызға:
– Мен оларды марапат үшін емес, өз мүмкіндігін тануы үшін дайындаймын. Жеңіс – еңбектің нәтижесі ғана. Ең маңыздысы – баланың өзіне деген сенімі, – дейді.
Осы жауаптан кейін оның оқушыларының неге үздік нәтиже көрсететінін түсіну қиын емес. Кәсіби ізденіс пен шығармашылықты қатар алып жүрген ұстаздың еңбегі бірнеше мәрте жоғары бағаланды. Қызылорда облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары, Жаңақорған аудандық білім бөлімінің және білім қызметкерлері кәсіподағы комитетінің Құрмет грамотасы, аудандық білім бөлімінің Алғыс хаты – ұзақ жылғы адал еңбектің заңды жемісі.Сонымен бірге «Айқанат» олимпиадасының үйлестірушісі ретінде арнайы Алғыс хатқа ие болуы оның ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары екенін аңғартады. Ғылыми-әдістемелік бағыттағы ізденісі де көңіл қуантады. «Педагогикалық идеялар панорамасы» жобасына қатысып, «Әдістемелік вернисаж» республикалық байқауында тәжірибесін ұсынды. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Педагогикалық шеберлік орталығы ұйымдастырған «Сабақты зерттеу: Қазақстан мектептерінің тәжірибесі» атты облыстық ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, кәсіби тәжірибесін әріптестерімен бөлісті. Ал «Ауыл мектебі – сапа алаңы: идеядан нәтижеге дейін» республикалық семинар жинағында мақаласының жариялануы ауыл мұғалімінің тәжірибесінің республика көлемінде де құндылыққа айналғанын көрсетеді.
Бүгінде ауыл мектебінің табысы тек оқушылардың алған бағасымен өлшенбейді. Ол – мұғалімнің ізденісімен, жаңашылдығымен, шығармашылығымен бағаланады. Осы тұрғыдан алғанда, бұл ұстаздың еңбегі ауыл мектебінің әлеуетін арттырып отырған нақты мысалдардың бірі.
Әңгіме соңында:
– Арманыңыз қандай? – деп сұрадық.
Ол еш ойланбастан:
– Ауыл баласының мүмкіндігі қала баласынан ешқашан кем болмауы керек. Менің арманым – шәкірттерімнің әлемнің кез келген университетінде білім алып, туған жеріне пайдасын тигізетін азамат болып қалыптасуы, – деді.
Осы бір сөздің өзінде ұстаздықтың шынайы философиясы жатыр.

Кей адамдардың өмірі атақпен өлшенеді. Кейбірінің жолы атқарған қызметімен бағаланады. Ал нағыз ұстаздың өмірі – тәрбиелеген шәкіртімен өлшенеді. Ертең елдің дамуына үлес қосатын жас буынның бойына біліммен бірге сенім ұялата алған жанның еңбегі ешқашан елеусіз қалмайды. Жаңақорған өңіріндегі қарапайым ауыл мектебінде еңбек етіп жүрген осындай ұстаздардың арқасында ауылдың білім көкжиегі кеңейіп келеді. Өз кәсібіне адалдықты өмірлік ұстанымына айналдырған, жауапкершілігімен ұжымның құрметіне бөленген, әр ісіне жанашырлықпен қарайтын Айгерім ұстаздың өнегелі жолы – бүгінгі педагогке қойылатын талаптардың жарқын үлгісі. Ауылдың тыныс-тіршілігіне білімнің шырағын жағып жүрген осындай жандар барда, ертеңгі ұрпақтың болашағына деген сенім де нық болмақ. Себебі елдің ең үлкен байлығы – табиғи қазына емес, жүрегі шәкірті деп соғатын ұстаздар.
Айзере Құлжанова,
Қызылорда облысы
