Таңғы мектептің тыныштығын балалардың шат күлкісі ғана бұзады. Дәліздегі әр қадамнан білімге деген құштарлық сезіліп тұрады. Сол сәтте кабинеттердің бірінен ерекше бір жылылық аңғарылады. Бұл – жай ғана сабақ өтетін бөлме емес, үміттің қайта жанатын, сенімнің қайта оянатын, әр баланың өз мүмкіндігіне сене бастайтын кеңістік. Есіктен күлімдей қарсы алған ұстаздың жүзінен мамандығына деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік қатар байқалады. Әңгімеміз басталған сәттен-ақ оның өмір жолының кездейсоқ таңдау емес, жүрек қалауынан туған тағдыр екенін сезінесің. Жаңақорған өңірінің тумасы, Сунақата ауылында педагогтар шаңырағында дүниеге келген Нұрбек Ерімбетов үшін ұстаздық – жай ғана кәсіп емес, ата-анасынан дарыған аманат. Әкесі – орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, анасы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы. Балалық шағы кітап пен тәрбиенің, білім мен парасаттың ортасында өткен жанның өмірлік бағыты да осы қасиетті саламен астасуы заңдылық секілді. Алғашқы білімін Еңбек елді мекеніндегі №242 негізгі орта мектебінен алып, тоғыз жылдық мектепті үздік аттестатпен тәмамдайды. Жастық шақтың алғашқы таңдауымен Қызылорда қаласындағы Исатай Әбдікәрімов атындағы жоғары политехникалық колледжге оқуға түсіп, техник-технолог мамандығын да үздік аяқтайды. Алайда адамның шынайы арманы кейде уақыт өте келе ғана айқындалады емес пе? Мемлекеттік қызметте әкімнің іс жүргізушісі ретінде еңбек еткен екі жыл оның өз жүрегіне қайта үңілуіне себеп болады. Сол кезде болашақтың өзіне мүлде басқа міндет жүктеп тұрғанын анық сезінеді.

– «Мен өзімді балалардың жанынан таптым. Әсіресе ерекше білім беруді қажет ететін бүлдіршіндердің әрбір кішкентай жетістігі мен үшін үлкен қуаныш. Осы мамандықты таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін», – дейді ол әңгіме барысында. Осы сенім оны Шымкент қаласындағы Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетіне алып келеді. Дефектология – арнайы педагогика мамандығын тәмамдап, бакалавр дәрежесін алады. Университет қабырғасында оқып жүрген кездің өзінде туған мектебіне педагог-дефектолог болып жұмысқа орналасуы – білімін туған ұжымына арнауға деген азаматтық ұстанымының айқын көрінісі.

Кейбір адамдардың кәсіби жетістігі қағаздағы марапаттарымен өлшенсе, бұл ұстаздың ең үлкен марапаты – баланың алғаш анық сөйлеген сөзі, өздігінен оқыған алғашқы мәтіні, достарымен еркін араласа бастаған сәті. Соңғы бес жыл ішінде ерекше білім беруді қажет ететін көптеген оқушының өміріне үміт сәулесін сыйлап келеді. Сенсомоторлық дамуында қиындықтары бар, психикалық даму тежелісі, сөйлеу тілінің кешеуілдеуі, тіл кемістігі, көру қабілетінің әлсіздігі байқалатын балалардың қоғамға бейімделуіне, білім деңгейінің көтерілуіне аянбай еңбек етіп жүр.

Осындай тынымсыз ізденістің нәтижесі де аз емес. Авторлық оқу-әдістемелік материалдары республикалық «Тағылым» ғылыми-әдістемелік баспасынан жарық көріп, тәжірибесі әріптестеріне үлгі ретінде ұсынылды. Бұл – күнделікті еңбектің ғылыми ізденіспен ұштасқанын көрсететін маңызды жетістік.

Шәкірттері де ұстазының сенімін ақтап келеді. Олар «Зерде» олимпиадалық орталығы ұйымдастырған республикалық білім сайыстарында жүлделі орындарды иеленіп, ерекше балалардың да үлкен белестерді бағындыра алатынын дәлелдеп жүр. Бұл жеңістердің әрқайсысының артында баламен жүргізілген ұзақ еңбек, төзім, мейірім мен кәсіби шеберлік жатыр.

Бүгінде оның педагогикалық деңгейі – педагог-модератор. Алдағы оқу жылында педагог-сарапшы біліктілік санатына үміткер болуға дайындалып жүргені де тоқтаусыз ізденістің белгісі. Өзін жетілдіруді ешқашан тоқтатпайтын маман үшін бұл – кезекті белес қана.Әңгіме барысында ерекше әсер қалдырған тағы бір қасиет – туған мектебіне деген адалдығы. Осы білім ордасының түлегі бүгінде сол шаңырақтың жас ұрпағына қызмет етіп жүр. Ұжым туралы сөз қозғалғанда оның жүзі ерекше нұрланып кетті.

«Мектебім – менің екінші үйім. Осында білім алдым, енді сол мектептің балаларына қызмет ету – мен үшін үлкен мәртебе. Ұжымыммен мақтанамын. Біз бір-бірімізге сүйеніш бола білетін үлкен отбасы сияқтымыз», – дейді ол шынайы ықыласпен.

Осындай қарапайым сөздердің өзінен адамның болмысы көрінеді. Даңққа ұмтылмайтын, бірақ еңбегімен танылатын жандар болады. Әр күнін есепсіз марапат үшін емес, балалардың ертеңі үшін өткізетін мұғалімдердің қатарында Нұрбек Полатбекұлы да бар. Оның жауапкершілігі, ұйымдастырушылық қабілеті, әр іске мұқият қарауы әріптестерінің де сеніміне ие болған. Мектеп өміріндегі маңызды жұмыстардың бел ортасында жүріп, жаңашыл бастамаларға алғашқылардың бірі болып үн қосуы – белсенді азаматтық ұстанымының айғағы.

Журналист ретінде бір ғана ой түйдік: бүгінгі білім беру жүйесіне дәл осындай жүрегімен қызмет ететін мамандар ауадай қажет. Ерекше баланың тағдырына бейжай қарамай, оның әрбір жетістігін өз қуанышындай қабылдайтын ұстаздардың еңбегі ешқашан көзге бірден көрінбеуі мүмкін. Бірақ олардың тәрбиелеген әрбір шәкірті – сол еңбектің мәңгілік ескерткіші.Ұстаздықтың ұлылығы – адам тағдырын өзгерте алуында. Ал сол тағдырға сәуле түсіріп жүрген жандардың бірі – осы мақаланың кейіпкері. Оның өмір жолы табандылықтың, өз кәсібіне деген адалдықтың және адамға деген шексіз мейірімнің жарқын үлгісі.

Мектептің мерейін өсіріп, білім ордасының абыройын асқақтатып жүрген осындай жауапкершілігі жоғары, өз ісінің білгірі, ізденімпаз әрі жанашыр педагогтердің еңбегі әрдайым құрметке лайық. Ертеңгі күннің жарқын болуы бүгінгі ұстаздың жүрегіндегі мейірімге байланысты десек, сол мейірімді шәкірт жүрегіне үнсіз жеткізіп жүрген азаматтың еңбегі көпке үлгі болары сөзсіз.

Жансая НҰРҚОЖА,

Қызылорда облысы

By Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *