Кейбір адамдардың өмір жолына үңілсеңіз, олардың тағдыры таңдаған кәсібімен үндесіп жатқанын аңғарасыз. Ондай жандар үшін мамандық – жай ғана жұмыс емес, өмірдің мәні, жүректің қалауы, адамдық мұраттың айнасы. Осындай жас болса да, өз жолын айқын тапқан ұстаздардың бірі – Сағыныш Досмағамбетова. Туған жердің топырағы адам бойына мінез де, мейірім де, табандылық та дарытады. Қызылорданың қасиетті Жаңақорған өңіріндегі Еңбек ауылы – қарапайым еңбекті қадірлейтін, білімді биік қоятын жандардың мекені. Сол ауылда дүниеге келген кішкентай қыздың бір күні өзі білім алған мектепке ұстаз болып қайта оралатынын сол кезде ешкім де болжай қоймаған шығар.

– Туған жерге қайта келіп, шәкірт тәрбиелеудің жөні бөлек шығар? – деп сұрадым әңгіме арасында.

Аз ғана үнсіздіктен кейін жүзінен жылы жымиыс байқалды.

– Адам қай жерде жүрсе де туған ауылын сағынады. Менің де арманым – өзім оқыған мектепке қызмет ету болатын. Себебі мені тәрбиелеген ұстаздардың еңбегін енді өз шәкірттерім арқылы жалғастырғым келді. Баланың жетістігін көру – сөзбен айтып жеткізу қиын бақыт, – дейді ол.

Бұл сөздердің астарында шынайылық жатыр. Себебі оның өмір жолына көз салсаңыз, әрбір қадамы ізденіспен өрілгенін байқайсыз.

Алғашқы білімін №242 негізгі орта мектебінде алып, кейін оқуын №194 орта мектепте жалғастырған жас талапкер мектеп қабырғасында-ақ белсенділігімен ерекшеленеді. Жоғары білім алу жолында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетін таңдап, дене шынықтыру мамандығын үздік дипломмен тәмамдайды. Жастық жігері мен еңбекқорлығы оны елордаға жетелейді. Астана қаласындағы №55 орта мектепте еңбек жолын бастаған жас маман үшін бұл үлкен өмір мектебі болды.

Алайда білімге деген құштарлық мұнымен тоқтап қалған жоқ.

– Бір мамандықпен шектелуге не себеп болды? – деген сауал қойдым.

– Ұстаз әрдайым ізденісте болуы керек деп ойлаймын. Әдебиет пен тілге қызығушылығым бала кезден бар еді. Сондықтан орыс тілі мен әдебиеті мамандығын қайта таңдадым. Әр жаңа білім адамның өзіне де, шәкіртіне де қажет, – дейді.

Осылайша Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде білім алып, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде тағы бір белесті бағындырды.

Бүгінде өзі алғаш әріп таныған білім ордасында шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаз үшін мектеп – жай ғана жұмыс орны емес, өмірінің жалғасы. Қоңырау үні естілген сайын бала күнгі естеліктері де бірге жаңғырады. Сабақ үстінде қаталдықтан бұрын қамқорлықты, талаптан бұрын түсінуді бірінші орынға қояды. Өйткені әр баланың жүрегіне біліммен бірге сенім де ұялату қажет екенін жақсы біледі. Алтыншы сыныптың жетекшісі ретінде әр оқушының мінезін танып, қабілетін ашуға ерекше көңіл бөледі. Балалардың мектепішілік іс-шараларда белсенді көрінуі, қоғамдық жұмыстарға ықыласпен араласуы – жетекшісінің тынымсыз еңбегінің жемісі.Еңбек өтілі көп болмаса да, алғашқы нәтижелер көңіл қуантады. Шәкірттері түрлі аудандық олимпиадалар мен шығармашылық байқауларда жүлделі орындарға ие болып келеді. Бұл – мұғалім үшін ең қымбат марапат. Себебі ұстаздың атағы – өзінің емес, шәкіртінің жетістігімен өлшенеді. Әріптестері оның жауапкершілігін, қарапайым мінезін, ұйымдастырушылық қабілетін ерекше бағалайды. Мектепішілік мәдени-көпшілік шаралардың бел ортасында жүріп, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысады. Ұжыммен тез тіл табысып, ортақ іске жанашырлық танытуы оның азаматтық болмысын айқындай түседі.

– Қазіргі жастар арасында ұстаздықты таңдау оңай емес. Сізді алға жетелейтін күш не?

Ол көп ойланбастан жауап берді.

– Әр сабақтан кейін балалардың көзіндегі қызығушылықты көру. Бір оқушының «мен түсіндім» деген қуанышы барлық шаршауды ұмыттырады. Ұстаздық – марапат үшін емес, жүрек үшін таңдалатын мамандық. Мен өзімді дәл осы жолдан таптым.

Осы бір қарапайым ғана жауаптың өзінде үлкен өмірлік ұстаным жатыр.

Өйткені білім беру – тек пән үйрету емес. Ол – адам қалыптастыру. Ал адам тәрбиелеу үшін ең алдымен ұстаздың өз жүрегі таза, ниеті биік болуы керек. Бүгінгі күні Сағыныш Әшімқызы өзінің кәсіби жолының басында тұрған жас мамандардың қатарында болғанымен, болашаққа деген сенімі нық. Ол әр сабағын жаңаша өткізуге ұмтылады, жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеріп, кәсіби біліктілігін үздіксіз жетілдіріп келеді. Әрбір жетістігін тоқмейілсу емес, жаңа белеске бастайтын баспалдақ деп қабылдайды.

Алдағы арманы да айқын – сапалы білім беру, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, ойы сергек, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу және өз ісінің нағыз кәсіби маманы атану.

Әңгімеміздің соңында:

– Өзіңізді он жылдан кейін қалай елестетесіз? – деп сұрадым.

Ол сәл жымиып:

– Ең үлкен арманым – мені көргенде шәкірттерімнің жүзіне күлкі үйіріліп, «менің ұстазым» деп мақтанышпен айтатын күнге жету. Мұғалімнің шынайы бақыты – шәкіртінің жүрегінде қалу деп ойлаймын, – деді.

Осы жауаптан кейін көп сөздің қажеті қалмағандай болды.

Расында, ұстаздықтың шынайы өлшемі дипломмен де, еңбек өтілімен де есептелмейді. Ол – баланың жүрегіне жол таба білуімен бағаланады. Сол қасиетті жолды жүрек қалауымен таңдаған жас ұстаздың алдағы асулары әлі алда. Бүгінгі табандылығы мен білімге деген адалдығы ертеңгі үлкен жетістіктердің берік іргетасы боларына сенім мол.

Өйткені туған мектебіне қайта оралып, өзі алған тәлімді келесі ұрпаққа аманат етіп жүрген әрбір ұстаздың еңбегі – елдің ертеңіне салынған ең қымбат инвестиция. Ал жүрегінде шәкіртке деген махаббаты бар мұғалімнің жолы әрдайым жарық.

Сұхбаттасқан Жансая Дүйсенбайқызы

By Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *