Таңғы мектептің дәлізіне аяқ басқанда ерекше бір тыныштық сезіледі. Ол тыныштықтың өзінде үлкен еңбек, үлкен жауапкершілік жатыр. Сол дәлізбен асықпай келе жатқан биология пәнінің мұғалімі Ләззат Жақыпбековаға қарап тұрып, «адам өз кәсібін шын сүйсе, оның жүзі де, сөзі де мейірімге толады екен» деген ой еріксіз келеді.

Кездескен сәтте әңгімені марапаттан емес, мамандықтан бастады.

– «Биология – жай ғана пән емес. Бұл – өмірдің өзін танытатын ғылым. Оқушы табиғатты түсінсе, адамды да, өзін де түсінеді», – дейді ол сабырмен.

Осы бір қарапайым сөйлемнің астарында ұзақ жылдардың тәжірибесі, мыңдаған сабақ, жүздеген шәкірт, үздіксіз ізденіс жатқанын аңғару қиын емес.

Ұстаздық жолда көпшілік алдымен дипломды, атақты немесе марапатты көреді. Ал шын мәнінде олардың әрқайсысының артында кешке дейін созылған дайындық, зертханалық жұмыстар, жоспарлар, кітаптар, ғылыми мақалалар, толассыз ізденіс пен ұйқысыз түндер тұрады. Мұны сырт көз байқамауы мүмкін. Бірақ әріптестері де, шәкірттері де жақсы біледі.

Әңгіме барысында кәсіби жетістіктері сөз болғанда, ол марапаттарын мақтаныш ретінде емес, жауапкершілік ретінде қабылдайтынын айтты.

– «Мұғалімнің ең үлкен жеңісі – шәкіртінің ертеңгі күні. Ал дипломдар мен марапаттар сол еңбектің бағаланған белгісі ғана», – дейді.

Дегенмен, сол еңбектің ел алдында еленгені де аз емес. 2023 жылы елордада өткен «Қазақстанның жыл мұғалімі – 2023» республикалық байқауында І дәрежелі диплом иеленуі – кәсіби шеберліктің айқын дәлелі. Кейінгі жылдары «Педагогикалық идеялар фестивалі», «Үздік педагог» байқауларында да І дәрежелі дипломмен марапатталуы кездейсоқ жетістік емес, жүйелі жұмыстың жемісі болды. «Өрлеу» ұлттық орталығының грамотасы, кәсіби даму лагеріндегі шығармашылық топтағы қызметі, облыстық тәжірибелік семинардағы үздік ашық сабағы, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысуы – үздіксіз ізденістің нақты көрінісі.Ол мұғалімдік тәжірибесін тек аудиториямен шектемейді. Ғылыми-әдістемелік мақалалары республикалық басылымдарда жарияланып, кейінгі жылдары 7–9 сыныптарға арналған биология пәнінен зертханалық жұмыстарды орындауға арналған әдістемелік еңбегін әзірлеуі – жас мамандар мен оқушыларға бағытталған пайдалы қадамдардың бірі. Кабинетке кірген сайын көзге түсетіні – дайын үлгілер емес, балалардың өз қолымен жасаған зерттеу жұмыстары. Мұнда әр өсімдік тәжірибеге айналады, әр жасуша өмірдің құпиясын ашатын әлемге жол сілтейді. Биология сабағы оқулықпен ғана шектелмейді. Мұнда табиғат сөйлейді, тәжірибе дәлелдейді, ғылым қызықтырады.

– «Мен оқушыға дайын жауап беруге емес, сұрақ қоюға үйреткім келеді. Ғылымның бастауы – қызығушылық», – дейді ол.

Шынында да, осы ұстаным шәкірттерінің жетістіктерінен анық байқалады.

Жыл сайын аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі олимпиадалар мен ғылыми жобаларда оқушылары үздіктер қатарынан көрініп келеді. «Жас Қанат», «Мың бала», «ALTYN URPAQ», «Ақбота», «Дарын» ұйымдастырған ауыл олимпиадасы, ProEco экологиялық жобалар байқауы, «Зерде» ғылыми жобалар конкурсы, республикалық «Бұлақ көрсең, көзін аш» байқауы – осының бәрінде шәкірттері жүлделі орындарды иеленді. Бұл жеңістердің әрқайсысы бір күннің емес, айлар бойғы дайындықтың нәтижесі.

Бақылап отырсаңыз, ол оқушының бағасына емес, мүмкіндігіне көбірек мән береді. Сабақ үстінде үнсіз отырған баланың да ойын тыңдайды. Қателесуге мүмкіндік береді. Себебі ғылым дәл осындай ізденістерден басталатынын жақсы біледі.

Әңгімеміздің соңында:

– «Мұғалім болу – бір мамандықты меңгеру емес. Бұл – әр күн сайын өзіңді қайта тәрбиелеу. Егер өзің тоқтасаң, бала да тоқтайды», – деді.

Осы сөз оның бүкіл болмысын дәл сипаттап тұрғандай.

Өмірге құштарлық, білімге адалдық, еңбекке құрмет – осы үш қасиет бір адамның бойынан тоғысқанда ғана шынайы ұстаздың келбеті қалыптасады. Бүгінгі білім кеңістігінде сондай жандардың бірі – Ләззат ұстаз.Оның әр сабағы – тіршіліктің мәнін ұғындыратын тағылым, әр жетістігі – табанды еңбектің жемісі, ал әр шәкірті – ұстаз жүрегінен нәр алған жас өркен.

Уақыт өте марапаттардың саны көбейер, жаңа байқаулар, жаңа жобалар дүниеге келер. Бірақ ең үлкен марапат өзгермейді. Ол – өмір жолында өз ұстазын алғыспен еске алатын шәкірттердің жүрегіндегі құрмет. Нағыз педагогтың мәңгілік сыйы да, ең асыл бақыты да – осы.

Айзере ҚҰЛЖАНОВА, Түркістан облысы

By Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *