Ұстаз болу – мамандық таңдаудан әлдеқайда биік ұғым. Ол – адам тағдырына жауапкершілікпен қарау, әр бүлдіршіннің жүрегіне сенім ұялатып, болашағына сәуле себу. Кейбір жандардың өмір жолы дәл осы миссиямен астасып жатады. Олар үшін мектеп – жай ғана жұмыс орны емес, күлкі мен үміттің, арман мен ізденістің мекені. Түркістан облысы, Сайрам ауданындағы №97 Сұраншы батыр атындағы жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі Сауле Мұхамадиева – сондай жандардың бірі. Адамның болмысын марапаттары емес, артында қалған ізі танытады. Жиырма төрт жылдық еңбек жолында мыңдаған қоңырау сыңғырымен бірге талай баланың алғашқы әрпін жаздырған, алғашқы ойын еркін жеткізуіне дем берген, алғашқы жеңісіне бірге қуанып, алғашқы сәтсіздігіне бірге алаңдаған ұстаздың өмірі – үлкен мектептің тарихымен біте қайнасқан тағылымды жол.1982 жылдың маусым айында дүниеге келген болашақ ұстаз бала күнінен білімге құштар болып өсті. Кейін Қазақстан Халықтар Достығы университетінде білім алып, жүрек қалауындағы мамандықты өмірлік мұратына айналдырды. Бүгінде педагог-сарапшы санатына ие тәжірибелі мұғалімнің басты ұстанымы – әр баланың қабілетін ашу, оның бойындағы табиғи дарынын жоғалтпай дамыту.
Шынайы ұстаздың ерекшелігі – ол оқулықпен ғана шектелмейді. Баланың жан дүниесіне жол табады. Сабақ үстінде шәкіртін тыңдай біледі, сұрақ қоя білуге үйретеді, ойлануға жетелейді. Оның сыныбында білім жарыс емес, танымға деген қызығушылыққа айналады. Сондықтан да әр күн жаңа ізденіспен, жаңа әдіспен, жаңа үмітпен басталады. Соңғы жылдары көрсеткен нәтижелері осы ізденістің жемісі екенін аңғартады. Республикалық «Ілияс оқулары», «Абай оқулары», «Мақатаев оқулары», «Мағжан оқулары» байқауларында жеңімпаз шәкірттер тәрбиелеуі – әдебиетке деген құрметтің, ұлттық рухты бала жүрегіне сіңіре білген еңбектің айқын дәлелі. «Зерде» ғылыми жобалар байқауында медицина және психология бағыты бойынша үздік ғылыми жоба әзірлеген шәкіртімен бірге жеңіс тұғырына көтерілуі де кездейсоқ жетістік емес. Бұл – баланың зерттеушілік қабілетін ерте байқап, оны дамытудағы жүйелі жұмыстың нәтижесі.

Ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытында өткен «Менің Отаным – Қазақстан» республикалық байқауындағы жеңісі, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда «Үздік баяндама» ұсынып, спикер ретінде танылуы, «Үздік педагог – 2025» республикалық байқауындағы шығармашылық топ құрамындағы белсенділігі – кәсіби ізденісінің кең ауқымын көрсетеді. Мұндай табыстар бір күннің немесе бір жылдың жемісі емес. Олар үздіксіз еңбектің, уақытпен санаспай ізденудің, білімге деген адалдықтың нәтижесі. Сыныптағы әр бала оның назарынан тыс қалмайды. Бірінің бойынан ақындық қабілет байқалса, енді бірінің математикалық ойлауы ерекше болады. Үшіншісі сурет салып, төртіншісі ғылыми зерттеуге қызығады. Ұстаз сол қабілеттерді байқап қана қоймай, оларды шыңдайтын мүмкіндік жасайды. Сондықтан да оның шәкірттері республикалық оқуларда, пәндік олимпиадаларда, ғылыми жобаларда, интеллектуалдық сайыстарда, шығармашылық байқауларда жүлделі орындарды иеленіп келеді.Абай, Ілияс, Мағжан, Мұқағали мұраларын жатқа оқып, көркем сөз өнерінде топ жарған бүлдіршіндер де, «Ақбота», «Алтын Ұрпақ», «Жас математик», «Алтын сақа» олимпиадаларында жеңіске жеткен талапкерлер де – бір ғана мақсатқа бағытталған еңбектің нәтижесі. Бұл жерде басты жеңіс – диплом емес, баланың өз күшіне деген сенімі.
Ұстаздық қызметпен қатар ғылыми-әдістемелік бағыттағы ізденісі де ерекше назар аудартады. «Бастауыш сыныптарында әңгімелеу, сұрақ-жауап, пікірталас әдістерін қолданудың тиімділігі» атты әдістемелік құрал мен «Математика пәнінде STEAM технологияларын кіріктірудің инновациялық тәсілдері» атты авторлық бағдарламасы педагогикалық қауымдастыққа ұсынылып, тәжірибеге енгізілді. Ал республикалық ғылыми басылымдарда жарияланған мақалалары оның тәжірибесі тек бір мектептің ғана емес, кәсіби ортаға ортақ құндылыққа айналғанын көрсетеді.Әріптестері оны сабырлы мінезімен, жауапкершілігімен, қарапайым болмысымен бағалайды. Ол үшін атақтан бұрын – сенім, марапаттан бұрын – шәкіртінің күлкісі қымбат. Себебі мұғалімнің шынайы марапаты қабырғадағы диплом емес, өмірде өз жолын тапқан шәкіртінің алғысы екенін жақсы түсінеді.Уақыт алға жылжыған сайын білім беру жүйесі де жаңарып келеді. Бірақ өзгермейтін бір құндылық бар. Ол – баланы сүю. Осы қасиет бойынан табылған ұстаз ғана уақыт сынынан өтеді. Сауле Мұхамадиева да дәл сондай жан. Ол әр таңын жаңа үмітпен қарсы алып, мектеп табалдырығын аттаған әр бүлдіршіннің болашағына сеніммен қарайды. Өйткені балаға берілген білім – ертеңгі елдің еңсесі екенін жүрегімен сезінеді.Ұстаздың өмір жолына зер салғанда, бір ақиқат анық байқалады: адамның бақыты алған марапаттарының санымен өлшенбейді. Бақыт – шәкіртінің жетістігін өз жеңісіндей қабылдай білуде, әр баланың жүрегінде өшпейтін із қалдыруда. Осындай ізгі жолды таңдаған жанның еңбегі уақыт өткен сайын бағаланып, есімі тәрбиелеген шәкірттерінің жетістігімен бірге жасай беретіні сөзсіз.
Айзере ҚҰЛЖАНОВА,
Түркістан облысы

