Ұстаз болу – тек мамандық емес, жүректің таңдауы. Бұл жолға кездейсоқ келген жан шәкірт жүрегінен орын ала алмайды. Ал өмірін бала тәрбиесіне арнап, әр күнін білім мен ізгілікке қызмет етуге бағыштаған ұстаздар ғана уақыт сынынан сүрінбей өтіп, көптің құрметіне бөленеді. Сондай жандардың бірі – бастауыш сынып мұғалімі Майра Әлібайқызы.

1972 жылдың мамырында Сыр бойындағы қасиетті Шиелі жерінде дүниеге келген болашақ ұстаздың тағдыры еңбек пен елдік рухтың бесігінде тербелді. Әкесі – Ұлы Отан соғысының ардагері Әлібай ақсақал, анасы – тыл ардагері Шырын ана сегіз перзентін адалдыққа, еңбекқорлыққа, адамгершілікке тәрбиелеп өсірген өнегелі жандар еді. Осындай тағылымды отбасында бойына сіңген ұлттық тәрбие мен үлкенге құрмет, кішіге ізет кейінгі ғұмырының темірқазығына айналды.

Мектеп қабырғасындағы үздік оқу үлгерімі оның білімге деген құштарлығын ерте танытты. №47 М.В. Ломоносов атындағы қазақ орта мектебін үздік аяқтаған жас түлек болашағын ұстаздықпен байланыстырды. Бұл таңдау кездейсоқ емес еді. Өйткені бала күнінен білімнің қадірін түсінген жанның арманы – өзі алған тәлімді өзгеге үйрету болатын.Еңбек жолының әр кезеңі ізденіске, тәжірибеге және кәсіби кемелденуге толы болды. Алғашқы еңбек баспалдағы №244 қазақ орта мектебіндегі лаборанттық қызметтен басталып, кейін Шиелі аудандық «Мирас» медресесінде дәріс оқытушысы, Өзбекстан Республикасындағы №39 М.Әуезов атындағы мектепте араб тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде жалғасты. 1992 жылы туған өлкесіне оралып, №219 Ыбырай Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебінде араб тілі пәнінен сабақ берді. Ал 2003 жылдан бері бастауыш сынып мұғалімі ретінде жүздеген бүлдіршіннің қолына қалам ұстатып, білім әлеміне жол сілтеп келеді.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде алған жоғары білімі мен жылдар бойғы тәжірибесі оның кәсіби шеберлігін шыңдап, өзіндік қолтаңбасы бар педагог ретінде қалыптастырды. Бүгінде осы білім ордасында отыз төрт жылдан астам уақыт табан аудармай еңбек етіп келе жатқан ұстаздың өмір жолы – тұрақтылықтың, адалдықтың және мамандыққа деген шексіз сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі.

Ұстаздың басты ерекшелігі – ешқашан ізденуден жалықпауы. Уақыт талабына сай жаңартылған білім мазмұнын терең меңгеріп қана қоймай, жасанды интеллект мүмкіндіктерін шығармашылықпен сабақтастырып, оны оқу үдерісіне тиімді енгізе білді. Әр сабағы жаңашыл идеяға, баланың қызығушылығын оятатын тың тәсілдерге құрылып, білім мен тәрбиені бір арнаға тоғыстырады. Сондықтан да оның шәкірттері білім жарыстарында, ғылыми жобаларда, олимпиадаларда, шығармашылық және спорттық сайыстарда аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейлерде жеңіс тұғырынан көрініп келеді.

Ұстаздың табысы – шәкіртінің жетістігі. Бұл қағида оның бүкіл еңбек жолының өзегіне айналған. Бала бойындағы қабілетті дер кезінде байқап, оны шыңдай білу – әр педагогтың қолынан келе бермейтін қасиет. Майра Әлібайқызы үшін әр оқушы – қайталанбас тұлға, әр жетістік – ортақ жеңіс.

Шығармашылыққа жақын ұстаздың қаламы да жүйрік. Еңбек жолының алғашқы жылдарынан-ақ аудандық «Өскен өңір», облыстық «Кызылординские вести», халықаралық «Шалқар», республикалық «Қазақстан мұғалімі» басылымдарында мақалалары жарияланып, жаңашыл ойлары көпшілікке жол тартты. Кейінгі жылдары оның әдістемелік еңбектері республикалық және халықаралық ғылыми-әдістемелік журналдарда жарық көріп, тәжірибесі педагогикалық қауымға кеңінен таратылды. Әсіресе «Әріпті өрнек» тақырыбындағы сабақ жоспары мен 2-сыныпқа арналған «Мәнерлеп оқу» авторлық бағдарламасы ұстаздың ғылыми-әдістемелік ізденісінің нақты жемісі болды.

Кәсіби еңбегі мемлекет пен қоғам тарапынан да жоғары бағаланды. «Үздік бастауыш сынып мұғалімі» төсбелгісі, «Қазақстан Республикасының Құрметті ұстазы» медалі, Қызылорда облысы Білім басқармасының Құрмет грамоталары, Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының марапаттары, республикалық «Білім үздігі», «Үздік педагог», «Үздік ашық сабақ» байқауларындағы І дәрежелі дипломдар – мұның бәрі ұзақ жылғы қажырлы еңбектің заңды нәтижесі. Бұл марапаттардың әрқайсысының артында мыңдаған сағаттық дайындық, толассыз ізденіс, шәкірт тағдырына деген жауапкершілік жатыр.

Ұстаздың есімі түрлі энциклопедиялар мен жинақтарда, ғылыми-әдістемелік басылымдарда жарияланып, озық тәжірибесі республика көлемінде насихатталуы да оның кәсіби беделінің айқын дәлелі.

Дегенмен оны әріптестері мен ата-аналар марапаттары үшін емес, адамдық болмысы үшін ерекше құрметтейді. Ұстамдылығы, қарапайым мінезі, имандылығы, инабаттылығы, еңбекқорлығы мен ұйымдастырушылық қабілеті ұжым ішінде зор сый-құрметке бөлеп келеді. Ол әрдайым әріптесіне демеу, жас маманға бағыт-бағдар, ата-анаға сенімді серіктес бола білетін жан. Оның сабырлы сөзі, жылы жүзі, байыпты пайымы кез келген ортаға жарасым сыйлайды.

Адамның шынайы байлығы – отбасы. Бұл тұрғыдан алғанда да ұстаздың өмірі көпке үлгі. Теміржол саласында еңбек ететін жары Бақыт екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, бүгінде Зейін мен Ғибрат есімді немерелерінің қызығына бөленіп отырған берекелі әулет. Отбасындағы жарасым мен өзара сыйластық оның еңбек жолындағы табысына қуат беріп келеді.

Ұстаздың ғұмыры – бір күндік емес, ұрпаққа жалғасатын мәңгілік мұра. Бүгінгі шәкірт – ертеңгі ел азаматы. Ал сол азаматтың бойына білімнің нәрін, тәрбиенің мәйегін сіңірген жанның еңбегі уақыт өткен сайын асқақтай түседі.

Майра Әлібайқызының саналы ғұмыры – ұстаздыққа адалдықтың, білімге құштарлықтың, ұлт болашағына деген шынайы жанашырлықтың көркем көрінісі. Ол тек бастауыш сынып мұғалімі ғана емес, шәкірт жүрегіне сәуле шашқан тәлімгер, шығармашыл педагог, жаңашыл зерттеуші, өнегелі ана, ардақты әже және өз ісінің шын жанашыры.

Ұстаздың есімі жылдар өткен сайын марапаттарымен емес, тәрбиелеген шәкірттерімен, қалдырған өнегесімен, білім мен ізгіліктің жолында атқарған өлшеусіз еңбегімен биіктей беретіні сөзсіз.

Жансая Дүйсенбайқызы

Қызылорда облысы,

Шиелі ауданы

By Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *