Кей адамдармен алғаш жүздескеннен-ақ олардың жан дүниесіндегі жылылықты, парасатты болмысын бірден сезінесің. Шиелі ауданындағы Ы.Алтынсарин атындағы №219 орта мектепке жолымыз түскен сайын сондай әсер сыйлайтын жанның бірі – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Күлбибі Төребекқызы Есқараева.

Бұл мақаланың жазылуына да себепкер болған – дәл осы Күлбибі апайдың өзі. Бір күні телефон шалып:

– «Мектебімізде қаншама еңбегі еленуге лайық ұстаздарымыз бар. Әрқайсысының өмір жолы – өнеге. Соларды көпшілікке танытып, жақсы дүниелер жазсаңыз екен. Ұжым болып қажетті мәліметтерді жинап, өзіміз жібереміз», – деген ұсынысын айтты.

Бұл жай ғана өтініш емес, шығармашылыққа деген жанашырлықтың, әріптес еңбегін бағалай білетін азаматтықтың белгісі еді.

Арада көп уақыт өтпей-ақ мектеп ұстаздары бір үйдің балаларындай жұмылып, өмірбаяндарын, жетістіктерін, фотосуреттерін жинақтап, біздің редакциямызға жолдай бастады. Әр материалдың артында Күлбибі апайдың байыппен түсіндірген ақылы, ұстаздарды жігерлендірген жылы сөзі тұрғанын аңғармау мүмкін емес еді.

«Ұстаздың еңбегі елге жетуі керек» деген оның қарапайым ғана ұстанымы тұтас ұжымның шығармашылық бастамасына айналды.

Осындай ұйымдастырушылық қабілеті оның бүкіл ғұмырынан көрініс табады.

Қызылорда облысы, Шиелі ауданының «Тартоғай» совхозында дүниеге келген Күлбибі Төребекқызы бала күнінен еңбекқорлық пен елге қызмет етудің өнегесін көріп өсті. Әкесі Төребек – Кеңес-Фин соғысына қатысып, кейін Ұлы Отан соғысында Сталинград майданында ерлік көрсеткен ардагер. Анасы Ұлпаршаның мейірімі мен тәрбиесі, әкесінің өмірлік ұстанымы оның азаматтық болмысын қалыптастырды.

1984 жылы №153 қазақ орта мектебін тәмамдап, еңбек жолын бастап, кейін бала күнгі арманына адал болып, Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түседі. 1991 жылы дипломын алып, сол жылы Ы.Алтынсарин атындағы №219 орта мектепке жас маман болып келеді.

Содан бері бұл білім ордасы оның екінші үйіне айналды.

Ұстаз ретінде Күлбибі Төребекқызы мыңдаған шәкірттің жүрегіне ана тілінің қадірін, әдебиеттің құдіретін сіңіріп келеді. Оның шәкірттері Абай, Мұқағали оқуларында, республикалық, облыстық және аудандық эссе байқауларында бірнеше мәрте жеңімпаз атанып, ұстаз еңбегінің жемісін дәлелдеп келеді.

Алайда Күлбибі апайды әріптестері тек жақсы мұғалім ретінде ғана емес, үлкен жүректі ұйымдастырушы ретінде де ерекше құрметтейді.

2016 жылдан бері мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы қызметін атқарып келе жатқан ол әр қызметкердің әлеуметтік жағдайына, еңбек құқығына, қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөледі. Әлеуметтік серіктестікті дамытып, ұжымдық шарттың тиімді орындалуын қадағалап, ұжымдағы ауызбіршілік пен сыйластықтың сақталуына аянбай еңбек етіп келеді.

Заманауи технологияларды да шебер пайдаланып, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы ақпарат алмасуды жүйелеп, ұжым мүшелерінің уақытылы хабардар болуына жағдай жасап отыр. Түрлі сауалнамалар, пікір алмасу алаңдары, мәдени кездесулер мен рухани шаралар ұйымдастырып, әріптестердің бір-біріне деген сенімі мен сыйластығын арттыруға күш салып келеді.

Осы қажырлы еңбегі республикалық, облыстық және аудандық деңгейдегі көптеген марапаттармен бағаланды. «Нұр Отан» партиясының Алғыс хатынан бастап, салалық кәсіподақтың Құрмет грамоталары, республикалық байқаулардың марапаттары, ал 2025 жылы табысталған «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі – оның адал еңбегінің заңды жемісі.

Өмір жолында ауыр сынақтар да болды. Жолдасынан ерте айырылғанына қарамастан, екі ұл мен бір қызды тәрбиелеп өсіріп, бүгінде тоғыз немеренің ардақты әжесіне айналған Күлбибі апайдың өмірлік ұстанымы еш өзгерген емес. Қандай жағдайда да адамға жақсылық жасау, айналасына жылу сыйлау – оның табиғатына тән қасиет.

Біз мақаланы дайындау барысында мектеп ұжымымен сөйлескен сайын бір пікірді жиі естідік:

«Күлбибі апай өте байыппен сөйлейді. Ешқашан асығыс шешім қабылдамайды. Шығармашылыққа ерекше жаны құштар. Біреудің жетістігіне шын қуанады. Ұжымның бірлігі үшін бәрін ұйымдастырып жүреді».

Шынында да, осы сайтымызға жарияланып жатқан ұстаздар туралы мақалалардың дүниеге келуіне бастамашы болып, әріптестерін жігерлендіріп, олардың еңбегі көпшілікке жетуіне себепкер болған да – осы Күлбибі Төребекқызы.

Бұл – өз еңбегін емес, өзгенің еңбегін насихаттай білетін үлкен жүректің ісі.

Осындай азаматтардың арқасында ұстаз мәртебесі биіктейді, шығармашылық орта қалыптасады, ұжымның рухы көтеріледі.

Күлбибі Төребекқызының жүріп өткен жолы – ұстаздықтың, адамгершіліктің, ұйымшылдықтың және адал қызметтің жарқын үлгісі. Оның өнегелі өмірі әлі талай жас маманға бағыт-бағдар берері сөзсіз.

Жансая НҰРҚОЖА,

Қызылорда облысы,

Шиелі ауданы

By Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *