«Ұстаздың биігі – ойының биіктігімен, адамгершілігі – жүрегінің тазалығымен өлшенеді» дейді халқымыз. Кейбір адамдардың есімін естігенде-ақ көз алдыңа сабырлы мінез, жылы жүз, кіршіксіз көңіл келеді. Сондай жанның бірі – Түркістан облысы, Арыс ауданындағы №11 Б.Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жазира Елтаева.
Жазира Пернебекқызы – ұстаздықты кәсіп емес, өмірлік мұрат деп қабылдаған жан. Оның болмысынан ұстамдылық, қарапайымдылық, адамға деген құрмет пен өз ісіне деген адалдық айқын сезіледі. Сырт көзге байыпты қалпы байқалғанымен, жүрегінде шәкіртінің әрбір жетістігіне қуана білетін мейірім мекендейді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз дәл осындай ұстаздарға арналғандай.
1974 жылдың 17 қаңтарында Түркістан облысы, Бәйдібек ауданының Қызылкөпір елді мекенінде дүниеге келген Жазира Елтаева жастайынан білімге құштар болып өсті. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық университетін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша үздік тәмамдап, 1997 жылы еңбек жолын Арыс қаласындағы №11 Б.Момышұлы атындағы мектептен бастады. Сол білім ордасында табан аудармай еңбек етіп келе жатқанының өзі – туған мектебіне, таңдаған мамандығына деген шынайы адалдықтың белгісі. Бүгінде еңбек өтілі – 29 жыл. «Педагог-зерттеуші» біліктілік санатына ие ұстаз аудандық және облыстық шығармашылық топтардың белсенді мүшесі ретінде әріптестеріне де бағыт-бағдар беріп келеді.
Ұстаз еңбегі марапатпен емес, шәкіртінің жетістігімен өлшенеді десек те, адал еңбек әрқашан өз бағасын табады. Жазира Елтаеваның кәсіби ізденісі мен шығармашылық еңбегі Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің Алғысымен лайықты бағаланды. Сонымен қатар республикалық «Педстарт» олимпиадасының ІІ орын жүлдегері атанды, республикалық «Жаңашыл мұғалім» байқауында марапатқа ие болды. Облыстық «Ең білімді педагог» олимпиадасының Бас жүлдесін, облыстық эссе байқауының Бас жүлдесін жеңіп алып, сырттай ақындар байқауында І орын иеленді. Ғылыми-әдістемелік конференциялардағы мазмұнды баяндамалары мен оқу-әдістемелік семинарлардағы үздік тәжірибелері үшін бірнеше мәрте марапатталуы – оның ізденімпаздығының айқын дәлелі.

Алайда Жазира Елтаева үшін ең үлкен марапат – шәкірттерінің жетістігі. Оның тәлімін көрген оқушылар республикалық «Ақбота» зияткерлік олимпиадасында І және ІІ орындарды иеленіп, білім биігін бағындырды. Облыстық пән олимпиадасында Билібай Інжу ІІІ орынға ие болса, «Жансүгіров оқуларында» Жарылхасын Раяна, «Махамбет оқуларында» Ниязбек Кәусар, «Абай оқуларында» Абдрахман Ерсін жүлделі ІІІ орындарды қанжығасына байлады. Бұл – ұстаздың білім беру жолындағы маңдай терінің жемісі.
Жазира Пернебекқызының бойындағы ерекше қасиет – сабыр. Ол асықпай сөйлейді, асықпай шешім қабылдайды, бірақ әр сөзі шәкірт жүрегіне жол табады. Қазақтың «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген ұлы Абай сөзі оның күнделікті өмірінің қағидасына айналғандай. Әр баланың бойынан қабілет көре білетін көрегендігі, әріптестеріне деген сыйластығы, үлкенге құрметі, кішіге қамқорлығы оның азаматтық келбетін айқындай түседі.
Осындай жанды көргенде ұстаздықтың шын мәніндегі қадірі мен қасиетін сезінесің. Жазира ұстаз тек қазақ тілі мен әдебиетін оқытатын мұғалім ғана емес, ұлттың рухани құндылығын шәкірт жүрегіне сіңіріп жүрген парасатты педагог. Оның өмір жолы – адал еңбек пен табандылықтың, білім мен адамгершіліктің үндескен өнегелі үлгісі. Ел ертеңін тәрбиелеуді өмірінің басты бақыты санаған ұлағатты ұстаздың еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Айзере Құлжанова
Арыс қаласы
