«Ұстаздық – ұлы қызмет», бұл сөздің жай ғана айтыла салғаны жоқ. Осынау ардақты жолды өмірінің өзегіне айналдырып, жүрегінің жылуын балаларға сыйлап келе жатқан жанның бірі – Гүлзия Абдухаймова. Өмірде сабырлы, парасатты, жан дүниесі кіршіксіз ақ қардай таза бұл жанды көргенде, нағыз ұлағатты ұстаздың бейнесі көз алдыңызға келеді. Өз еңбегіне шексіз адал, әрбір шәкіртінің болашағы үшін жаны ауыратын Гүлзия Абдуалиқызы – өз ісінің шебері, педагогика әлемінің шамшырағы.
Жетісай қаласындағы педагогикалық училищеден басталған білім мен тәрбие жолы жылдар өте келе кемелденіп, бүгінде тұтас бір дәуірге ұласты. Алматы мен Жамбыл өңірінен басталған еңбек жолы кейін киелі Түркістан топырағында, Арыс қаласындағы №11 Б.Момышұлы атындағы білім ошағында жалғасын тапты. Отыз жылдан астам уақытты қамтыған еңбек өтілі – бұл тек сан емес, бұл жүздеген баланың тағдырына жол сілтеген мағыналы өмір жолы.
Гүлзияны көргенде, оның қарапайымдылығы мен жанарындағы мейірімі жүрегіңізді баурап алады. Ол сыныпқа кіргенде балалардың көзі қуаныштан жайнап кетеді. Сабырлы мінезі мен парасатты пайымы әріптестері мен ата-аналардың үлкен құрметіне бөледі. Осындай жан-жақты іскерлік пен табандылықтың арқасында ол талай белестерді бағындырды.
Ұстаздың еңбегі ешқашан елеусіз қалмайды. Оның жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен кәсіби жетістіктері – марапаттардың тұтас бір шоғыры. Оңтүстік Қазақстан облыстық білім департаментінің Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарынан бастап, республикалық және халықаралық деңгейдегі биік белестерге дейін оның қол жеткізген табыстары аз емес. Халықаралық ғылыми конференцияларда (София қаласы) баяндама жасап, өз әдістемелік тәжірибесімен бөлісуі – кәсіби биіктігінің айқын дәлелі.

Республикалық «Мектеп» журналының шешімімен ие болған «Үздік мұғалім» төсбелгісі, «Жылдың үздік сынып жетекшісі» атағы, әртүрлі деңгейдегі олимпиадалар мен сайыстардағы жүлделі орындары (ІІІ орын республикалық пән олимпиадасынан, «Алтын тұғыр» олимпиадасының жүлдегері) оның тынымсыз ізденісін көрсетеді. Түркістан облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының, «Nur Otan» партиясының, Президенттік «Жас Ұлан» ұйымының алғыстары мен «Жыл үздік бастауыш сынып мұғалімі – 2022» марапаттары – ел алдындағы еңбегінің бағасы. Соңғы жылдардағы «Ұлы жеңіс» мадақтамалары мен «BILIMDI URPAQ» зияткерлік олимпиадасының грамоталары оның әлі де шыңдала түскенін айғақтайды.
Гүлзия Абдуалиқызы – тек қана ұстаз емес, ол екі қыздың аяулы анасы, отбасының ұйытқысы, ұжымның абыройлы ақылшысы. Оның әрбір атқарған ісі, әрбір жазған мақаласы мен сабағы – жүрек жылуынан жаралған шығарма.
«Жақсы мұғалім – мектептің жүрегі», – дейді дана халқымыз. Міне, сол жүректің соғысы – біздің кейіпкеріміз Гүлзия Абдухаймованың өнегелі өмірі мен таза еңбегі. Шәкірттерінің жүрегіне ізгілік дәнін сепкен ұлағатты ұстаздың жолы әрқашан нұрлы, еңбегі жемісті болғай!
Айзере Құлжанова
Арыс қаласы
