
Білім
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы Абай айтқандай, шәкірт жүрегіне білім шуағын сеуіп, санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру – үлкен жауапкершілік пен қажырлы еңбекті талап ететін қасиетті міндет. Осындай абыройлы жолды өмірлік мұратына айналдырып, жас ұрпақ тәрбиесіне саналы ғұмырын арнап келе жатқан ұстаздардың бірі – Досыбаева Мария Нұрғалиқызы.
Мария Нұрғалиқызы 1980 жылы Сыр өңірінің киелі топырағы – Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Туған жердің тарихы мен тағылымына сусындап өскен жас қыздың жүрегінде ел тарихына деген ерекше қызығушылық ерте қалыптасты. Сол қызығушылық оны білім жолына жетелеп, 1997 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің тарих факультетіне оқуға түседі.
Студенттік жылдардағы ізденіс пен табандылық оның болашақ мамандығын терең меңгеруіне жол ашты. 2001 жылы жоғары оқу орнын сәтті тәмамдап, қолына диплом алған жас маман туған өлкесіне оралып, білім саласындағы еңбек жолын бастауға бел буды. 2002 жылдан бастап Жаңақорған ауданындағы С. Сапарбеков атындағы №125 орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі ретінде қызмет атқарып келеді.
Содан бері ширек ғасырға жуық уақыт ішінде ол талай шәкірттің білім нәрімен сусындауына, азамат болып қалыптасуына өз үлесін қосып келеді. Ұстаз үшін ең үлкен марапат – шәкірт жетістігі. Бұл қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырған Мария Нұрғалиқызы әр оқушының бойындағы қабілетті байқап, оны дамытуға ерекше мән береді.
Оның сабақтары құрғақ деректерді жаттатумен шектелмейді. Әрбір тақырып оқушыларды ойлануға, зерттеуге, өткеннен сабақ алып, болашаққа дұрыс бағдар жасауға жетелейді. Сондықтан да шәкірттері түрлі білім бәйгелерінде табысты өнер көрсетіп келеді.
2023–2024 оқу жылында республикалық пәндік олимпиаданың аудандық кезеңінде ұстаз дайындаған оқушының жүлделі ІІІ орын иеленуі – ұзақ жылғы еңбектің нақты нәтижесі. Бұл жетістік шәкірттің ғана емес, ұстаздың кәсіби шеберлігі мен тынымсыз ізденісінің жемісі екені сөзсіз.
«Жақсы ұстаз – мектептің жүрегі» дейді халық даналығы. Расында, мектептің мерейін өсіріп, білім сапасының артуына үлес қосып жүрген мұндай педагогтардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Мария Нұрғалиқызы да өз ісіне адалдығының арқасында әріптестерінің сый-құрметіне бөленіп келеді.
2023 жылы білім беру саласының дамуына қосқан үлесі мен жас ұрпақты тәрбиелеудегі жемісті еңбегі үшін аудандық білім бөлімінің Алғыс хатымен марапатталуы – соның айқын дәлелі. Алайда ұстаз үшін ең қымбат марапат қағаз жүзіндегі марапат емес, шәкірттерінің жетістігі мен ата-аналардың шынайы алғысы екені анық.
Бүгінде әріптестері мен оқушылары Мария Нұрғалиқызын парасатты болмысымен, қарапайымдылығымен, мейірімді мінезімен ерекше құрметтейді. Оның әр сабағы – өткеннің өнегесін бүгінмен сабақтастыратын тағылым мектебі. Ол шәкірттеріне тек тарихты үйретіп қана қоймай, туған елін құрметтеуге, ұлттық құндылықтарды бағалауға тәрбиелеп келеді.
Ұстаздық – уақытпен өлшенбейтін ұлы қызмет. Ал сол қызметтің биік талаптарына адал болып келе жатқан Мария Нұрғалиқызының еңбегі – кейінгі буынға үлгі, әріптестеріне өнеге. Тарих тағылымын ұрпақ санасына сіңіріп жүрген ұстаздың алар асуы, бағындырар белесі әлі де мол.
Ел болашағын тәрбиелеу жолындағы еселі еңбегі әрдайым жемісті болып, шәкірттерімен бірге талай биіктерді бағындыра беруіне тілектеспіз.
Айзере ҚҰЛЖАНОВА,
ЖАҢАҚОРҒАН АУДАНЫ
