Білім

Ұстаздық жол – ұлағатты соқпақ. Осы соқпақта шәкірттерін білім мен ғылымның, шешендік пен көшбасшылықтың шыңына жетелеп келе жатқан білікті мамандардың бірі – Жамбыл облысының тумасы, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің түлегі Амирбекова Мейрамкуль Сейткасымовна. 2009 жылдан бері №50 Абай атындағы орта мектебінде география пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп келе жатқан ол – бүгінде талай шәкірттің бағын ашқан ұлағатты ұстаз.

Мейрамкуль Сейткасымовна тек география пәнінің терең білімін беріп қана қоймай, мектептегі «Самғау» дебат клубына жетекшілік етеді. Дебат – бұл тек жарыс емес, бұл – оқушының ойлау қабілетін, шығармашылығын және тұлғалық қасиетін шыңдайтын үлкен алаң. «Самғаулықтар» үшін 2025-2026 оқу жылы табыстар мен жеңістерге толы берекелі жыл болды.

Жетістіктер парады: «Самғаудың» биылғы белестері

Клуб мүшелері мен жетекшілердің бірлескен еңбегінің арқасында биылғы оқу жылында төмендегідей ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелер тіркелді:

 Құқықтық мәдениет бағытында: 8-9 сынып оқушылары арасында өткен «Заңға бағынушылық мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру» атты аудандық дебат турнирінде клуб мүшелері 1-орынды иеленсе, осы жарыстың облыстық кезеңінде ерекше ойын өрнегін көрсетіп, «Дебаттық креатив» номинациясымен марапатталды.

 Ұстаздар үлгісі: Тек оқушылар емес, мектеп мұғалімдері де биіктен көрінді. Жалпы білім беру ұйымдарының құқық пен тарих пәні мұғалімдері арасында өткен «Таза ой-қоғам: жемқорлыққа жол жоқ!» атты дебат турнирінде мектеп ұстаздары Рысбаева З. және Әлжанов Ж. аудандық кезеңде де, облыстық додада да 1-орынды иеленіп, мектеп мерейін үстем етті.

 Заманауи трендтер: Жоғары сынып (9-11) оқушылары арасында өткен «ЖИ (Жасанды интеллект) мен киберқауіпсіздік қиылысы: қиындықтар мен шешімдер» атты өзекті тақырыптағы аудандық пікірсайыста клуб командасы жүлделі 2-орынға табан тіреді.

 Экология және білім: «Су және білім» жобасы аясында ұйымдастырылған мектеп командалары арасындағы облыстық пікірсайыс турнирінде мектеп құрамасы 3-орынды қанағаттандырса, суырыпсалма шешендігімен көзге түскен Әкімтай Жания «Үздік спикер» номинациясын жеңіп алды.

Ұстаз лебізі

Мен, мұғалім ретінде, өз оқушыларымның білімге деген құштарлығы мен еңбегінің нәтижесін көріп, ерекше мақтаныш сезіміне бөленемін. Осындай зор жетістіктер – тек оқушының ғана емес, оған қолдау көрсеткен ата-ана мен бағыт берген мұғалім еңбегінің ортақ жемісі. Алдағы уақытта да шәкірттерімнің биік белестерді бағындырып, еліміздің мақтанышына айналатынына кәміл сенемін , – дейді клуб жетекшісі Мейрамкуль Сейткасымовна.


«Самғау» дебат клубының бұл жетістіктері – мектептің мақтанышы, ұстаз еңбегінің ақталғанының айқын дәлелі. Шәкірттерінің ойы ұшқыр, қиялы асқақ, болашағы жарқын болғай! «Самғау» клубының көк жүзіндегі сапары сәтті де баянды бола берсін!

АЙЗЕРЕ ҚҰЛЖАНОВА,

ҚЫЗЫЛОРДА


By Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *