Кейбір адамдардың ғұмыры бір ғана мамандықтың аясында өтпейді. Олар өзі таңдаған кәсіптің биігіне көтеріліп қана қоймай, сол саланың дамуына жол сілтейтін шамшыраққа айналады. Сондай жандардың бірі – Гульнара Маханбетқызы Абдукаримова. Онымен әңгімелескен сайын ұстаздықтың жай ғана кәсіп емес, адам тағдырын қалыптастыратын қасиетті миссия екеніне тағы бір мәрте көз жеткізесің.
– «Ұстаздық сіз үшін нені білдіреді?» – деген сауалыма ол сәл ойланып барып:
– «Ұстаздық – күн сайын қайта басталатын өмір. Әр оқушы – жеке әлем. Сол әлемге жол таба алсаң ғана еңбегіңнің жемісін көресің», – деді.
Осы бір ауыз жауаптың өзінен оның бүкіл өмірлік ұстанымы аңғарылып тұрды.Кейіпкеріміз 1969 жылдың 19 наурызында қасиетті Сайрам жеріндегі Белые Воды ауылында дүниеге келген. Білімге құштарлық пен еңбекқорлықты бала кезінен бойына сіңіріп өскен ол №20 Сәкен Сейфуллин атындағы мектепті күміс медальмен аяқтайды. Бұл кейінгі үлкен жетістіктердің алғашқы баспалдағы ғана еді.Арманы айқын жас қыз 1986 жылы Шымкент педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түсіп, бес жылдан кейін тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі әрі тәрбие ісінің әдіскері мамандығын алып шығады. Жоғары оқу орнындағы ізденіс пен ғылымға құштарлық кейін оның кәсіби қызметінің басты ерекшелігіне айналды.1991 жылдың тамызында туған мектебінің табалдырығын жас маман ретінде қайта аттады. Алғашында аға тәлімгер әрі тарих пәнінің мұғалімі болып еңбекке араласты. Көп ұзамай толыққанды тарих пәнінің ұстазы атанды.Тарихты оқыту – тек өткенді баяндау емес. Ол – ұлттың рухын тәрбиелеу. Осыны жақсы түсінген ұстаз әр сабағын елдік пен ерліктің тағылымына айналдыруға тырысты.Кәсіби біліктілігі ерте танылып, 1994 жылы аудандық білім бөліміне тарих пәнінің әдіскері болып шақырылды. Бірақ мектептің қоңырауы мен шәкірттердің күлкісі оны қайтадан білім ордасына жетеледі. Сол жылы қайтадан ұстаздық қызметіне оралып, оқушылармен бірге жаңа белестерге қадам басты.
Өмірдің тағы бір қуанышты белесі де осы кезеңмен тұспа-тұс келді. Отбасын құрып, бүгінде екі ұлды тәрбиелеп отырған аяулы ана атанды. Қызмет пен отбасының арасындағы үйлесімді сақтау – әрбір әйелге сын. Ал ол бұл жауапкершіліктің екеуін де абыроймен атқара білді.
2005 жылы мектеп-гимназия директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалуы кездейсоқ шешім емес еді. Ұйымдастырушылық қабілеті, тың бастамалары мен жауапкершілігі ұжым сеніміне ие болған болатын. Ал 2011 жылдан бері бейінді оқыту ісіне жетекшілік етіп келеді. Бүгінде педагог-зерттеуші санатындағы тәжірибелі маманның жалпы педагогикалық еңбек өтілі отыз жылдан асты. Оның он бес жылдан астамы басшылық қызметпен сабақтасып келеді. Бұл жылдарда қаншама жоба жүзеге асты, қаншама жас мұғалім қанаттанды, қаншама шәкірт үлкен өмірге жолдама алды.
Еңбектің нәтижесі әрдайым бағаланды.
2004 жылы облыстық «Жыл сынып жетекшісі» байқауында ІІІ орын алып, білім департаментінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
2006 жылы облыстық семинарда «Модернизациялау арқылы гимназия дамытушылығын қалыптастыру» тақырыбындағы шығармашылық жұмысы мен ашық сабағы жоғары бағаланды.
Дарынды балалармен жұмысты жүйелі ұйымдастырып, «Ақбота», «Кенгуру» республикалық интеллектуалдық марафондарын өткізудегі еңбегі үшін аудандық білім бөлімінің Алғыс хатын иеленді.
Педагогикалық ізденістері мен жаңашыл тәжірибесі облыстық калейдоскоптарда, семинарларда, ғылыми конференцияларда бірнеше мәрте үлгі ретінде көрсетілді. PIRLS және PISA халықаралық зерттеулерін ұйымдастырудағы жауапкершілігі арнайы сертификаттармен расталды.
Ұлттық бірыңғай тестілеуде шәкірттерінің жоғары нәтиже көрсетуі де жүйелі еңбектің айқын көрінісі болды.
«Білім беру ісінің үздігі» медалі, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен табысталған «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалі, республикалық байқаулардағы жеңістер, «Алтын кітап» энциклопедиясына енуі, «100 жаңа есім» жобасы аясындағы марапаттар – мұның бәрі қажырлы еңбектің жемісі.
Инновациялық идеяларды енгізу, жаңартылған білім мазмұнын тиімді жүзеге асыру, шығармашыл мұғалімдерді қолдау бағытындағы жұмыстары да әріптестері арасында ерекше бағаланды. Соңғы жылдары республикалық деңгейдегі «Қазақстан Республикасының Құрметті Азаматы», «Қазақстан Республикасының Мәртебелі маманы», «Қазақстан Республикасының Алтын жұлдызы» атақтарына ие болуы – ұзақ жылғы еңбектің заңды жалғасы.
Ал 2025–2026 оқу жылының қорытындысында берілген «Рухани көшбасшы» номинациясы оның кәсіби болмысын дәл сипаттайтын марапат болды. Өйткені ол шәкіртке білім ғана емес, ұлттық рух, адамгершілік пен отансүйгіштік қасиеттерді де дарытып келеді.
Әңгімеміздің соңында:
– «Өткен өміріңізге көз жүгірткенде нені ең үлкен жетістік деп санайсыз?» – деп сұрадым.
Жауабы тағы да қарапайым болды.
– «Ең үлкен жетістік – мені көрген шәкірттің амандасып, «апай, сіздің сабағыңыз әлі есімде» деуі. Ұстаз үшін бұдан артық марапат жоқ», – деді. Сол сәтте ойланып қалдым. Расында, диплом мен медаль уақыт өте архивке айналады. Ал адамның жүрегінде қалған із – мәңгілік. Бүгінде мектептің тыныс-тіршілігіне серпін беріп жүрген осы тәжірибелі педагогтың еңбегі бір ғана білім ордасының жетістігі емес. Бұл – елдің ертеңіне қызмет етудің жарқын үлгісі. Ұстаздың шынайы бейнесі дәл осындай болуы керек шығар: қарапайым, талапшыл, білімге адал, ұжымына қамқор, шәкіртіне жанашыр. Осындай тұлғалар барда мектептің де, мемлекеттің де болашағына деген сенім беки түседі.
Жансая НҰРҚОЖА,
Түркістан облысы,
Сайрам ауданы
